Жақсы жаңалықты ести салып, Дәулеттің нөмірін іздедік. Белгілі спорт журналисі Назерке Сұлтанбек көп кешіктірмей тауып берді де, дереу хабарласа қойдық. «Жаттығудан қатты шаршап келе жатырмын, кейінірек сөйлессек бола ма?» деді балуан. Мұнысын алғашқыда қалай жоритынымызды білмей біраз дағдарып қалғанмен, артынша дереу жол таптық. Сұрақтарды УотсАп мессенжері арқылы жіберетін болдық. Сөйтсек, таудай бауырымыз өте ұяң жігіт екен. Сұрақтарымызға жазып жауап беруге кірісті. Кейінірек өзі: «Мен дауыс хабарламасымен жауап беруге ұялыңқырап тұрмын», – деп жазды. Сонда да тез арада ұйымдастырылған шағын сұхбат үшін зор алғысымызды жаудырдық.
-Дәулет, Модзманашвилидің допингқа байланысты айыпталатыны, қола жүлденің өзіе бұйыратыны жайлы жаңалықты қалай қабылдадың?
-Шынымды айтсам, әлі сенбей жүрмін. Бұл – күтпеген жаңалық. Қарсыластарымның ешбіріне жамандық тілемеймін. Бірақ медальдің маған бұйыруы мүмкін екені де ерекше жайт болып тұр.
-Лондон олимпиадасының ширек финалында дәл осы Давидке есе жібердің. Қола жүлде үшін белдесуде Маховтан ұтылдың. Сол кездегі өкініш қандай еді? Әлі күнге дейін өзекті өртей ме?
-Ең бірінші өзіме ренжідім. Модзманашвили финалға жеткенде, өзіме бұйырған қосымша мүмкіндікті мүлтіксіз пайдалануға жанымды салдым. Мексика балуанын жеңген соң, ресейлік Маховқа тастүйін дайындықпен шықтым. Бір секірсем, олимпиада жүлдесі қолымда тұр еді. Екеуміз екі кезеңде кезек жеңдік, алайда шешуші кезеңде Махов үш ұпай алып кетті. Белдесу біте салған сәтте, Махов қолымен басымнан итеріп қалды. Жеңіске көп күш жұмсағанына ренжіді ме екен, кім біледі?… Сол кезде өзімді әзер ұстадым. Сәл болмағанда, Маховты сол жерде-ақ «шашып» тастайтын ниетім болды. Мүмкін, эмоцияға берілмей, сабырмен шыдауым да келер күндерден осындай тосынсый әзірлеп тұрған болар. Бірақ белдесулер кезінде өзім жіберген қателер көп болды.
Қола жүлде қашан табыс етілуі мүмкін?
Қашан берілетінінен хабарсызбын. Сенбей жүргенім де содан болу керек. Ресми қорытынды шыққан кезде ғана сенермін, бәлкім!..
Енді спорттағы ғұмырым бос өткен жоқ деуіңе болады ғой?
Әрине! Мен әлі күнге дейін спортта өзімді өте жақсы сезінемін, өмірдегі жолымды таптым деп ойлаймын.