Жақында, дәлірек айтсақ, 17 қаңтар күні Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) өзінің ресми сайтында допингпен күреске қатысты мәліметтерін жариялап, грузин балуаны Давид Модзманашвилидің айыпталғанын хабарлады. Модзманашвили 2012 жылғы Лондон олимпиадасында еркін күрестен 120 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болған еді. 2018 жылы қайта жүргізілген тексерулер барысында Модзманашвилидің сынамасынан дегидрохлорметилтестостерон препаратының қалдығы табылғаны анықталды. Бұл туралы ХОК өзінің IDA-LT-RD II-2718140 нөмірлі 10 беттік арнайы қорытындысында жариялады.

Сәл үзінді келтірсек: «2012 жылдың 11 тамызында спортшыдан допинг-сынама жасау үшін (жарыс кезінде) зәр үлгісі алынды. Бұл үлгі 2718140 нөмірімен белгіленді. А 2718140 үлгісі ВАДА-ның Лондонда тіркелген зертханасында сынақтан өтті. Сынама ешқандай кері нәтиже берген жоқ. Лондон олимпиадасы аяқталған соң, барлық үлгілер Лозаннадағы (Швейцария) ВАДА тіркеген зертханаға ұзақ уақыт сақтау үшін жинастырылды. Өткен жылы осы анализдердің бәрі жақсартылған сараптамалық тәсілдер арқылы қайта тексеруден өтті. Осының нәтижесінде А үлгісінің қалдығы кері нәтиже көрсетті. Нәтижелер ХОК-қа арнайы ережелер арқылы ұсынылды. ХОК президенті Т.Бах мырза да бұл оқиғадан хабардар болды. Ол үш адамнан тұратын Тәртіптік комиссия құрып, 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Модзманашвилиді хабардар етті. 5 қазан күні спортшы өз дәлелдерін келтіру үшін уақытты ұзартуға рұқсат сұрады. Бұл өтініш 8 қазан күні қанағаттандырылды. Бірақ ХОК сұрауын тағы бірнеше рет жауапсыз қалдырғандықтан, 2018 жылдың 26 қазанында спортшының айыпталатыны жайлы Грузия Ұлттық олимпиялық комитеті хабарлама алды».

Дәулеттің керемет мүмкіндігі

Мұның бәрін неге тәптіштеп отырмыз? Әрине, «біреу өлмей, біреу күн көрмейді» демек емеспіз, бірақ Модзаманашвилидің айыпталуы біздің балуан Дәулет Шабанбайдың жолын ашуы мүмкін. Қалай?

Лондон олимпиадасында керекулік балуан Д.Шабанбай 120 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол 1/8 финалда Рареш Чинтоаннан (Румыния) басым түсті. Алғашқы кезеңде 0:3 есебімен жеңіліп қалса да, екінші бөлікті отандасымыз жақсы өткізіп, 5:2 есебімен алда болды. Қосымша уақытта Шабанбай бір ұпай иеленіп, ширек финалға жолдама иеленді.

¼ финалда отандасымызды Д.Модзманашвили күтіп тұрды. Ол екі кезеңде де басымдық танытып, 4:0, 1:0 есептерімен жеңді. Грузин балуаны жартылай финалда ресейлік Біләл Маховты қапы қалдырған соң (1:0, 1:1), Шабанбай жұбаныш белдесуге қатысуға мүмкіндік алды.

Жұбаныш белдесуінде Дәулет мексикалық Хессе Руисті еркін еңсерді. Ол алғашқы кезеңде – бес, екінші кезеңде үш ұпай иеленіп, қарсыласына соқыр ұпай ұстатпады.

Сөйтіп, Дәулет қола жүлде үшін күресуге жол ашты. Б.Маховпен белдесуге отандасымызды тастүйін дайындықпен шыққаны сөзсіз еді. Алғашқы кезеңде ресейлік балуан еркін жеңді (5:0). Екінші кезеңде қарсыласының қатты тықсырғанына қатармастан, Шабанбай оны кілем шетінде басынан асыра лақтырып, үш ұпай иеленіп кетті. Бірақ шешуші кезеңде тағы да Маховтың бағы жанды: ол қарымтасыз үш ұпай иеленіп, Лондон олимпиадасының қола жүлдесін қағып кетті.

Осы белдесулердің көзімен көрген кәнігі жанкүйерлер Д.Шабанбайдың олимпиада жүлдесіне әбден лайық болғанын айтып еді. Қолда тұрған қоланың сусып кеткеніне олар балуаннан кем өкінген жоқ.

Бұдан кейін Дәулет 2014 жылғы Азия ойындарының финалында өнер көрсетіп, күміс жүлде тағынды. Спорттағы ең ірі табысы осы секілді көрініп жүргенде, Модзманашвилидің айыпталуы оның жеке жылнамасына өзгеріс енгізетін сияқты.

Модзманашвили өмір бойына айыптала ма?

Кейбір мәліметтер бойынша, 2016 жылдың соңында Д.Модзманашвили рұқсат етілмеген препараттарды қолданғанын ашық мойындаған. Ол бұған дейін де бір рет допинг айыбына жығылған-ды. 2008 жылы Еуропа біріншілігінде топ жарған соң, оның қанынан допинг қалдығы табылды. Міне, енді екінші рет тағы сол айып тағылып отыр. Бұдан кейін Давид күрестен мүлде шеттетілуі мүмкін.

Д.Модзманашвили 2017 жылы Өзбекстан азаматтығын қабылдап, Азия чемпионы атанды. Былтыр Джакартада өткен Азия ойындарында 125 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде иеленді.

Бұрынғы мысалдарды сөйлетсек

Нақты шешім қабылданса, Лондон олимпиадасының қола жүлдесі Дәулет Шабанбайға табыс етілуі мүмкін бе? Әбден мүмкін. Өйткені, Дәулет ширек финалда дәл сол Модзманашвилиге есе жіберді. Тіпті қола жүлде үшін белдесуде де Б.Маховтан – жартылай финалда Модзманашвилиден жеңілген Маховтан ұтылды. Демек, барлық шарт бойынша, қола жүлде біздің батырдың уысына түсуге тиіс. Әрине, ХОК-тың нақты шешімі шықпай жатып, күнібұрын алақайлауға болмайды.

Қазақ спорты тарихында айыпталған қарсыласының медалін иеленген спортшыларымыз аз емес.

2008 жылғы Бейжің олимпиадасының жартылай финалында әзербайжандық В.Рахимовтан жеңілген Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі, 55 келі) араға он жыл салып, күміс жүлде алды. Рахимовтың сынамасынан допинг қалдығы табылды. Т.Лебедева мен Х.Деветци айыпталған соң, Бейжің олимпиадасының күміс жүлдесі отандасымыз Ольга Рыпаковаға (үш секіру) бұйырды. Сол сияқты, ауыр атлет А.Важенина да Бейжің алтынын араға 12 жыл салып барып алатын болды. Оның басты қарсыласы, қытайлық Сао Лейдің сынамасы теріс нәтиже беріп, олимпиада жүлдесі кері қайтарып алынды. Жақында ғана А.Нұрмұхамбетова (ауыр атлетика, 69 келі) Лондон олимпиадасының қола жүлдесін ресми түрде иеленетіні берлігі болды. Оның беларусьтық екі қарсыласы допинг қолданған. Өткен жылдың күзінде Түркменстан астанасы Ашгабатта өткен әлем чемпионатында отандасымыз Денис Уланов (ауыр атлетика, 85 келі) 2016 жылғы Рио олимпиадасының қола жүлдесін ресми түрде, жұрт алдында қабылдап алды. Бұл медаль оған румыниялық Г.Сынкраян айыпталған соң берілді.

Өкінішке қарай, олимпиада жүлделерін қайтарып берген отандастарымыздың да қарасы көп. Илья Ильин (ауыр атлетика) Бейжің және Лондон олимпиадаларының алтын жүлдесін қайтарып берді. Бейжің додасындағы допинг сынамалары жылдар өткен соң қайта тексеріліп, ауыр атлеттер И.Некрасова мен М.Грабоветская, балуандар Ә.Мәмбетов пен Т.Тигиев олимпиада жүлдегерлері қатарынан сызылды. 2012 жылғы Лондон олимпиадасынан кейін зілтеміршілер С.Подобедова, М.Манеза және З.Чиншанло алтын жүлделерін кері қайтарды.

Еркін күрес қоржыны әлі де орта

Тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрес балуандары осыған дейін олимпиялық ойындардан бес жүлде иеленді. 2000 жылы – Ислам Байрамуков (97 келі), 2004 жылы Геннадий Лалиев (74 келі) күміс жүлдемен оралды. 1996 жылы – Мәулен Мамыров (52 келі), 2008 жылы – Марид Муталимов (120 келі), 2012 жылы Ақжүрек Таңатаров (66 келі) олимпиаданың қоласын қанжығалап қайтты.

Дәулеттің «ойдағы» жүлдесін қоссақ, қазақстандық спортшылар Лондон олимпиадасында 3 алтын, 1 күміс, 7 қола иеленген болып шығады.

Егер Лондон қоласы Дәулет Шабанбайға берілсе, ол бұл сапқа алтыншы болып қосылады. Ең қызығы, Дәулеттің бұл жүлдесі Павлодар облысы спортшыларының олимпиадалардағы тұңғыш медалі болмақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here