Астанада Қазақстан ерлер құрамасы Дэвис кубогының әлемдік тобына жолдама алды. Қарсыласы – Дэвис кубогының қазіргі чемпионы Аргентина құрамасы еді. 2011 жылы осы турнирдің ширек финалында отандастарымыз Аргентина құрамасымен Буэнос-Айрес қаласында кездесіп, 0:5 есебімен есе жіберген болатын. Команда капитаны Диас Досқараев бұл жолы өз шәкірттерінің бабы да, жігері де келісті екеніне жанкүйерлерін сендірді.
Алғашқы кездесуде Михаил Кукушкин Гвидо Пельядан 4 сетте басым түсті – 6:7, 7:6, 6:2, 6:4. Екінші жеке кездесуде әлемнің үздік 30 теннисшісінің қатарында тұрған Диего Шварцман отандасымыз Дмитрий Попконы жеңіп (6:4, 6:2, 6:2), таразы басын теңестірді.
Жұптар кездесуінде Тимур Хабибуллин мен Александр Недовесов өз мүмкіндіктерін оң пайдаланды. Олар Максимо Гонсалес/Андрес Мольтени жұбын 4 сетте ұтты – 5:7, 6:4, 7:5, 6:4. Алда екі бірдей жеке сын тұрды. М.Кукушкин Д.Шварцманмен кездесуде көп ұзатпай-ақ текетірес тағдырын шешіп тастады. Ол Шварцманға жалқы сетті де бермей, 6:4, 6:4, 7:6 есептерімен жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы Дэвис кубогына 1995 жылдан бері қатысып келеді. 2011, 2013, 2014 және 2015 жылдары осы мәртебелі жарыстың ширек финалына жетті.
Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Кукушкин осы айтулы жеңіске қосқан өз үлесі жайлы былай дейді:
— Пельямен алғашқы кездесуде таза теннис болды. Біз допты көп ойнаттық, әдемі матч көрсете алдық. Ал Шварцманмен кездесу жүйкелер қақтығысы болды. Менің ойымша, екеуміз де өзіміздің жақсы ойынымызды көрсете алмадық. Алғашқы екі сетте мен сенімді түрде ұзай бастап едім. Бірақ Шварцман қуып жетіп алды. Сондықтан әр сеттің соңы өте ауыр болды. Әр ұпай үшін ұзақ таластық, көп қателестік, жүйкеге де салмақ түсті. Мен допты ойынға дұрыс қоса алмай қиналдым. Сондықтан бұл жеңіс уысыма оңай түсті дей алмас едім. Дегенмен осы текетіреске шыдас беріп, жеңіп шыққаныма қуаныштымын.