Өткен апта біраз уақытқа созылған Бауыржан Исламхан эпопеясына нүкте қойып берді. Нүкте емес, көп нүкте. Өйткені дәл қазіргі уақытта қазақ футболының соңғы он жылдағы ең талантты өкілінің футболдағы ғұмырында шешімін тапқан мәселе көп деуге болмайды.

Эпопеяның бірінші томы

Бәрі өткен маусымның соңынан басталды. «Қайрат» қатарынан бесінші рет күміс жүлде иеленді. Жыл аяғында Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Георгий Жуков сияқты көшбасшылардың командамен келісімшарт мерзімі аяқталатыны белгілі болды. Қараша айында «Қайраттың» бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев «Sports True» интернет-арнасына берген сұқбатында «айды аспанға шығаратын» сөз айтты: «Бауыржан мен Исламбек «Қайраттан» тек шетелдік командаларға кете алады. Бұл – біздің арамыздағы жігіттік келісім. Қазақстанда олар тек «Қайраттың» құрамында ғана ойнайды», – деді ол.

Бұдан кейін, әрине, Исламхан мен Қуаттың басқа тараптан бақ іздейтіні анық болды. Жуков бұл кезде Польшаның экстра-классасындағы «Висла» командасына ауысып қойған-ды. Яғни қалған қос мықты ауысса, шетелдік командаға кетеді, болмаса… тек «Қайратта» қалады. Алматылық жанкүйерлердің еркіне салса, Бауыржан мен Исламбектің «Қайратта» қала бергені дұрыс. Екеуі де халықтық командаға жан-тәнімен қызмет етті, ыстық-суықты бірге өткерді, «Қайраттың» өсу жолындағы жетістіктеріне тікелей еңбек сіңірді. Бірақ футбол тілімен айтқанда, екеуінің де «Қайраттың», тіпті Қазақстан премьер-лигасының деңгейінен өсіп кеткені айдан анық еді. Премьер-лигада олар барса, «Астанаға» ғана барады, бірақ онда да бір орында тығылған көлікті ғана елестетер еді.

Б.Исламхан бұған дейін де шетте бақ сынап көрді. 2013 жылы «Тараздан» Ресейдің «Кубань» командасына ауысқанмен, жергілікті премьер-лигада алаңға мүлде шыққан жоқ. Сол жылдың екінші жартысында «Астанаға» жалға берілді де, ел біріншілігінде жеті ойынға қатысты, бір доп соқты. 2014 жылы «Қайрат» талантты жартылай қорғаушыны сатып алды. Содан бері Исламхан есімінің қазақ футболының өрі мен қырындағы барлық жаңалыққа қатысы бар. Бауыржанның «Тараздан» «Кубаньға» барғанынан астар іздейтіндер де аз емес. «Тараз» талантты футболшыны Қазақстандағы бәсекелестеріне бере салғысы келмеген, сондықтан «ақылды адамдар» оны әуелі Ресей асырып, кейін Қазақстанға қайтарған-мыс… Кім біледі, рас болса, рас шығар. Бірақ 2014 жылы елге оралғаннан ол жаман болған жоқ. Кім көрінген ұлттық құраманың капитаны бола бермейді.

Эпопеяның екінші томы

«Қайратпен» келісімшарт мерзімі аяқталған соң, Қазақстанда басқа командаға барудың реті келмейтіндіктен, биылғы қысқы трансферлік үзілісте Бауыржанға қатысты жаңалықтарды асыға күттік. Исламхан желтоқсан айында «Қайраттың» Алматыда өткен оқу-жаттығу жиынына қатысты. Ешқандай мүмкіндік болмаса, оңтүстікастаналықтар сапында қала беретіндей көрінген. Жаңа жылдың алғашқы аптасында «Исламхан «Зенитке» байқауға кетті» деген сөз ақпарат кеңістігін бір дүр еткізді.

Міне, Бауыржан Дзюбамен, Азмунмен бірге Қатарда жаттығып жүр. Міне, Ресей чемпионы сапында Қатардың «Әл-Увайн» командасымен бақылау матчына қатысты. Екі гол пасын шығарып берді. Екінші мүмкіндікте өзі де қақпаны көздеуге болатын еді, бірақ Азмунның ашық позицияда тұрғанын дәл бағамдап, допты аяғына салып берді. Міне, «Зальцбург» (Австрия) командасымен жолдастық матчқа қатысатын болды, негізгі құрамға ілігіпті. Алпыс минут ойнады. Қап, екі рет артқа пас беремін деп, «Зениттің» қақпасы маңында қауіпті сәт туындауына кінәлі болыпты ғой… Енді «Зенит» екінші жиынға алар ма екен? Әттеген-ай, петерборлықтар құрамы жарияланыпты, жиынға аттанған футболшылар тізімінде Исламхан жоқ…

«Қазақ футболының ең талантты түлегінің бірі Ресей чемпионына жарамай қалды» деп байбалам салғандар да, «біздің деңгейіміз осы» деп бірден түңілгендер де, «Зениттің» сол кездегі басшылық-бапкер текетіресін нақты бағамдағандар да болды. Шынын айту керек, Исламхан «Зенитке» дәл қазіргі сәтте қажет емес. Оның позициясында (орталық алаңда немесе сол қапталда) Себастьян Дриусси, Олег Шатов, Алексей Сутормин, Далер Кузяев тұрақты ойнап жүрді. Жарақатын емдеп оралған бразилиялық Малком да негізгі құрам үшін еңбектенуге дайын. Оның үстіне, қазір Ресей премьер-лигасында «Зенит» көш бастап келеді. Қанша жерден талантты футболшы болса да, Исламханды бапкер Семак бірден негізгі құрамға қоспайтыны анық. Әбден қалыптасқан негізгі құраммен мәреге бірінші жету басты мақсат болмақ.

Қалай дегенде де, Исламханның «Зенитке» байқауға баруының өзі жақсы нышан. И.Қуат «Орынбордың» намысын қорғайтын болды, Б.Зайнутдинов «Ростовтың» таңдаулы ойыншысына айнала бастады. Жаңа маусымнан бастап енді Евразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің футболшылары Ресейде легионер болып саналмайды. Кім біледі, Исламхан биылғы шілдеде «Зенит» сапына қайта шақырылуы да мүмкін ғой.

Эпопеяның үшінші томы

Әрі қарай жағдай түрік сериалдарындағы оқиғалар тізбегінен де жылдам жылжыды. Бауыржан Исламхан 30 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл-Айн» командасымен келісімшартқа отырды. Сегізінші нөмірлді футболка алды. Команданың бас бапкері Педро Еммануел Исламханды командаға өзі шақырғанын, көп үміт артатынын да айтты. Енді біздің капитан Әмірліктерде бес ай доп тебеді.

Бауыржанның екі шағын сұқбатынан үзінді келтірейік:

«Мен «Әл-Айнның» сапына қосылғаныма қуаныштымын. Клуб намысын қорғаудың қаншалық жауапты екенін түсінемін. Команданың барлық мақсаттарына жетуі үшін, мыңдаған жанкүйерді қуанту үшін өзімнің барлық жақсы қасиеттерімді көрсететініме уәде беремін. Бүгін қатарына қосылған командамның мәртебесі мен құнын түсінемін. Ең бастысы, «Әл-Айн» бүкіл әлемге танымал. Бұл команда 2018 жылы клубтық әлем чемпионатының финалында «Реалға» қарсы ойнады, БАӘ-нің бірнеше дүркін чемпионы атанды, АФК Чемпиондар лигасында жеңіске жеткен алғашқы БАӘ командасы болды. Сенімдеріңізді ақтау тырысамын», – деді ол команданың сайтына берген сұқбатында.

1 ақпан күні «Әл-Айн» сырт алаңда «Әл-Уәсл» командасымен кездесіп, 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Исламхан алаңға 71 минутта Ахмет Барманның орнына шықты. 65 минутта Сәлем Абдулла алаңнан қуылып, «Әл-Айн» құрамы кеміп қалған-ды. Соған қарамастан, «Әл-Уаслдың» шабуылдарын тойтарып қана қоймай, қонақтар 85 және 90+4 минуттарда тағы екі доп соқты. Соңғы голға Исламхан да еңбек сіңірді. Ол сол қанаттан пас алып, айып алаңына ене беріп Жамал Хұсейіннің алдына допты әдемі тастап берді – 5:0.

Бауыржанның ойыннан кейінгі сұқбаты:

Неге дәл осы «Әл-Айнды» таңдадың?

Әуелі мен «Зениттің» жиынына қатыстым. Содан кейін «Әл-Айнның» өкілдері телефон соқты, екі күн ішінде шешім қабылдадым. Команда өте жақсы, бірнеше рет чемпион атанған. Өзімді Азия чемпиондар лигасында сынап көргім келеді. Алда бізді жақсы ойындар күтіп тұр. Жақсы ойнап, өзімді жақсы жағымнан көрсетуге тырысамын. Ең бастысы, команда үнемі жеңіске жетіп отыруы керек.

Сенің келісімшартың небары бес айға жасалған. Осы уақыт ішінде командаластарыңмен түсінісіп, чемпиондар лигасына дайын болып үлгересің бе?

Мені команда жақсы қабылдады. Бәрі қолдап жатыр. Одан кейінгі шаруаның бәрі өз мойнымда: жақсы ойнап, жаттығып, ойын сайын ширай беруім керек. Бес ай ішінде ойнайтын матчтар жеткілікті. Барымды саламын.

Иә, ойындар шынында да жетіп-артылады. «Әл-Айн» 7 ақпанда – «Шарджамен», 11 ақпанда – АФК чемпиондар лигасында Иранның «Сепаханымен», 14 ақпанда «Калбамен» кездеседі. Қазір әбудабилік команда турнир кестесінде екінші орында келеді. Көш басында  – Дубайдың «Шабаб әл-Ахли» командасы.

Қазірдің өзінде Бауыржанды ақша соңынан кетті деп жазғырып жатқандар көп. Біздің ойымызша, бірден бұлай жазғыру тым артықтау. 23 ақпанда Исламхан 27 жасқа толады. Нағыз дер шағы. Қазақстан премьер-лигасын, «Қайратты» қанағат тұтып қалса, қала берер еді. Сондықтан тағдырын сынап көріп жатқаны үшін, тәуекелге барғаны үшін қолдауымыз қажет. Келісімшарт мерзімі де ұзақ емес. Биылғы жазда ол біз қалайтын, өзі де көздейтін Еуропаға сапар шегіп қалар. Алтын кездіктің қын түбінде жатуы мүмкін емес.

Ал әзірше біз сонау 2002 жылдан бері ұмытқан Азия футболына қайта жанкүйер боламыз. «Әл-Айн» алты ұпай алда тұрған «Шабабты» қуып жетуге тырысады, АФК чемпиондар лигасында бақ сынайды, БАӘ президент кубогына қатысады. Демек, Бауыржан Парсы шығанағында күнге қыздырынып жатуға емес, спорттағы ғұмырына жаңа өріс іздеуге кетті. Жолы болсын дейміз.

(«Жас Алаш» газеті, 04.02.2020 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here