Футболдан Қазақстанның ХХІХ чемпионаты жиырма күннен кейін басталады. Бірақ алғашқы айналымда солтүстіктегі кейбір командалар өз алаңындағы ойындарын бейтарап стадиондарда өткізуге мәжбүр болатын сияқты.

Шындығында, бұл – жылда болып тұратын жағдай. Өткен маусымда «Ақтөбе» маусым айына дейін Қостанайдағы «Тобыл-Аренада» ойнады. Ара-арасында Шымкенттегі Қажымұқан стадионын да паналады. «Тобылдың» өзі Орталық стадионға жазда бір-ақ шықты. «Шахтер», «Атырау», «Оқжетпес» «Астана-Аренаны» «үйіне» айналдырып, өз жанкүйерлерін біраз уақыт футболсыз қалдырды. Қызылордадағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадион бір жылға жуық жөндеуден өтті. Жергілікті «Қайсар» қосалқы алаңда ойнады. Талдықорғанда «Жетісу» да өзі аттас стадионның шөбі жетілуін жазға дейін күтіп, іргелес жасанды алаңда қонақтарын қабылдады.

Қысқаша айтқанда, премьер-лига командаларының арасында «Қайрат» қана осы күні стадион мәселесімен бас ауыртпайды. Алматының Орталық стадионы жыл он екі ай матч өткізуге сақадай-сай. Дегенмен оңтүстік астананың басты аренасы жаңа заман талабына аса орайлы емес. Бұл туралы алдағы әңгімеде жеке тоқталамыз.

Сонымен, биыл қандай стадиондар жаңарады? Жаңа стадиондар салына ма?

«Астана-Арена»

Еліміздің алты дүркін чемпионы «Астана» биыл жазға дейін Алматыға қонақ болады. Шындығында, Алматы – «Астананың» өз бесігі. 2009 жылы бұл команда оңтүстік астанадағы «Мегаспорт» және «Алматы» командаларының бірігуі арқылы пайда болып, «Локомотив» атауын алған еді. Дегенмен команда әу бастан-ақ елордадан тұрақ табатыны айтылды, сондықтан оны алматылықтар даулай қоймайды. Кезінде «Мегаспорт» та, «Алматы» да өз ойындарын Орталық стадионда өткізіп жүрді. Бірақ биыл «Астана» маусым айы туғанша «Жас қыран» стадионын паналамақ. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының (ҚКФЛ) басшылығы бұл алаңға бір ғана талап қойып отыр. Қазір мұнда ойынды 700 адам тамашалай алады. Премьер-лига талабы бойынша, орындық саны кем дегенде 1500 болуға тиіс. «Жас қыран» стадионы соңғы уақытта жаңартылды. Бұрын «Спутник» деп аталған бұл алаң жас футболшылардың жаттығу орны еді. Біраз уақыт қараусыз қалып, төселген жасанды алаңның тоз-тозы шығып, доп тебу қызықты емес, қауіпті жағдайға жеткен-ді. «Жас қыран» футбол мектебі соңғы екі-үш жыл көлемінде стадионды жаңғыртты, төсенішін жаңартты, іргесінен футзал ойнауға лайық зал ашты. «Астана» осында ойнайтын болса, жанкүйері де аз бола қоймасы анық. Дегенмен елордалықтар чемпионаттағы бір кездесуді Орталық стадионда өткізуі мүмкін екені де сөз болып жатыр.

Ал «Астана-Аренада» жазға дейін көкмайса ауыстырылады. Жасанды алаң 2017 жылдың көктемінде ауыстырылғанмен, үш жылдық сынаққа шыдай алмаған сияқты. Мұнда «Астанадан» бөлек тағы бірқанша команданың көктемгі ойындарын өткізгенін жоғарыда айтып өттік. Одан бөлек, аренада Қазақстан ұлттық құрамасы, жастар құрамасы, әйелдер құрамасы, «Астананың» екінші лигадағы ізбасарлары ойнады. Мұндай жүк еліміздің бас стадионына ауыр соққаны анық. Өткен жылы Еуропа лигасының бесінші туры аясында 28 қарашада өткен «Астана» — «Манчестер Юнайтед» (2:1) кездесуінен кейін стадионның жасанды көкмайсасын ауыстыру шаруалары басталуға тиіс еді. Алайда белгісіз себептермен бұл жұмыс біраз кешікті. Жақында Арқаға мөлшерден әлдеқайда көп жауған қалың қар да «Астана-Аренаға» залалын тигізді. Стадионның шатырындағы әйнектің кішкентай бөлігі қар салмағын көтере алмай сынып түсті. Демек, алдағы уақытта күннің жылуын күтпестен, қыс бойы стадионды тазалау, жүгін жеңілдету жұмыстары қолға алынбаса болмайды. Биыл көкмайсаны ауыстырушылар жасанды шөп құрамын байытып, мейлінше шыдамды болатын жаңа түрін төсейтіні анық болып жатыр.

Орталық стадион (Алматы)

Жақында, нақтырақ айтқанда, қаңтар айында даңқты аренаның шөбі ауыстырылды. Бұған оңтүстікте күннің май тоңғысыз жылы болып тұрғаны да әсер еткені сөзсіз. Дегенмен инфрақұрылым жағынан Қазақстанда ғана емес, Еуропада да алдыңғы қатарда тұрған «Қайрат» үшін соңғы уақытта Орталық стадион басты талаптарға сай алаң емес. Естеріңізде болса, стадион 2009 жылы жөндеуге жабылып, 1958 жылдан бері төселіп тұрған көкмайсасы ауыстырылды. 2013 жылдан бері Қайраттың» тізгінін ұстаған жаңа басшылық Орталық стадионды көп жаңартты. Тіпті 2016 жылы ескі газонды тағы жаңалады. «Қайрат» командасы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев бұл стадионның заманға сай арена болуы қажет екенін еске салып келеді. Жоспар бойынша, Орталық стадионның жеңіл атлетика жарыстарына арналған жүгіру жолдары алынып, трибуналар алаңға мейлінше жақындатылуға тиіс. Яғни Орталық стадион таза футболға арналып, «Қайрат-Арена» атауын алуы мүмкін.

Күні кеше ғана өз командасының баспасөз қызметіне берген сұқбатында Қ.Боранбаев осы мәселені тағы қозғады. «Стадионның бізге тиесілі емес екенін бәрі біледі. Кезінде клуб ретінде оны басқаруға алатынымыз жайлы келісімге келгенбіз… Мен өз ақшама стадион жобасын жасап, қала әкімшілігіне тапсырдым. Енді алда қалай болатынын солар шешуге тиіс. Басты мәселе – негізгі стадион мен қосалқы алаңның қайта жасалуы. Менің ойымша, қала да көмек қолын созуы керек. Келісілуге тиіс біраз мәселе бар. Стадион айналасындағы жердің мәселесі де толық шешілген жоқ. Көлденеңдеген сұрақтардың сексен пайызының жауабын біз таптық. Онда кейбір компанияларға тиесілі жерлер бар. Енді құжаттар реттелсе болды. Бізге жаңа талаптарға сай стадион керек, өйткені суық және жаңбырлы күндері жанкүйерлер жайсыз күй кешеді. Бұл мәселеге қала басшылығымен келісе отырып нүкте қою керек», – деді ол.

Бұл жағдайда бір кедергі бар. Орталық стадион – еліміздің жеңіл атлеттерінің де басты аренасы. Мұнда олимпиада жолдамалары таратылатын Ғ.Қосанов мемориалының жалауы жылда көтерілетіні бөлек әңгіме. Қазақстан жеңіл атлеттері жаттығуларының денін осында өткізеді. Өткен жылы «Алматы-Арена» маңынан жеңіл атлетикаға арналған жазғы манеж ашылып еді. Бірақ оның  стандарттарға сай емес екенін мамандар бірден бағдарлады. Яғни Орталық стадионды футболға арнап жаңартпас бұрын, жеңіл атлеттердің жағдайын жасамай болмайды.

Қажымұқан (Шымкент)

Бұл стадионның да жыры көп. Өткен жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала санатына еніп, «Ордабасы» облыстық емес, қалалық командаға айналғанда, Қажымұқан стадионы жаңаратыны туралы сөз гу етті. Қаланың бұрынғы әкімі Ғ.Әбдірахимов үлкен жоспар құрды. Инстаграм желісіндегі парақшасында: «Мен жақында стадионның қайта құрылысы туралы жоспарларымды ортаға салдым. Әрине, қоғамда стадионның құны туралы сұрақтар пайда болды. Түсіндіріп өткім келеді. Стадион бізге футбол үшін ғана қажет емес. Біз Шымкенттің туристік орталық болуын қалаймыз. Бізде Римдегідей Колизей, Түркістандағы кесене немесе Париждегі Эйфель мұнарасы жоқ. Прага, Лондон немесе Санкт-Петербор сияқты сәулет ескерткіштерімен, мұражайлармен және театрлармен де мақтана алмаймыз. Шымкент жылы ауа райымен, дәмді тамағымен, қонақжайлығымен баурап алады. Басқа елдердің тәжірибелеріне қарай отырып, туризмнің жақсы дамуы үшін қалада қызықты іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Шымкентте әлем жұлдыздарының концерттерін, қызықты спорт ойындарын, музыкалық шоуларын тамашалауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ташкент, Бішкек, Новосібір, Екатеринбург, Челябі қалаларының тұрғындары ниет білдіретіндей етіп ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін арнайы спорттық және концерттік алаңдар керек. 20 мың орындық жаңа стадион біз үшін қолайлы алаң болады. Стадион құны шамамен 45 млн долларға бағаланады. Ол қымбат па, арзан ба? Қысқаша шолу жасадым. Анталиядағы жаңа стадионның құрылысы 53, Калифорнияда 252, Огайода 200, Екатеринбургте 198, Қазанда 235, Санкт-Петерборда 672, Варшавада 570 млн, Лондонда 1 млрд АҚШ долларынан асады. Мен Қажымұқан стадионның жобасын мұқият зерделеп, мүмкіндігінше арзандатуды тапсырдым», – деп жазба қалдырды. Алайда жоспар сол күйі орындалған жоқ. Күзге жоспарланған жұмыстар биылғы күзде аяқталуға тиіс еді. Тіпті Шымкентте өткен «Shymkent Decelopment-2018» халықаралық инвестициялық форумында Ғ.Әбдірахимов «Colosseo» компаниясының президенті Ен Янча мырзамен Қажымұқан атындағы Орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 40 млн долларлық келісімге қол қойған да еді. Арена УЕФА-4 стандартына сай жаңғыртылып, болашақта «Ордабасының» еурокубоктарда ойнауына еш кедергі келтірмеуге тиіс-ті. Алайда стадионды жаңғырту жұмыстары әкімнің отставкасымен бірге келмеске кеткендей көрінді. Одан кейін әкім қызметіне ие болған Е.Айтахановтың тұсында стадион жайлы әңгіме тіпті көтерілмеді деуге де болады.

Қазір стадионның халі нешік? Олар жаңара ма, әлде жаңғыртыла ма? Шымкент қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасы бұл мәселеге қатысты мынадай жауап берді: «2020 жылы Қажымұқан атындағы Орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау жоспарланып жатыр. Жоспарлау жұмыстары аяқталған соң қаржысы қарастырылып, жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Стадинға «Шымкент – ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» әс-шарасының салтанатты ашылу рәсімін өткізуге орай қазіргі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда орталық стадион ауласын көгалдандыру және гүлдендіру жұмыстары жүргізілуде».

Сараң ақпараттан ұққанымыз, Шымкенттегі Қажымұқан стадионы жуық уақытта жаңармайды. УЕФА-4 стандартына сай болу тіпті күн тәртібінде де жоқ. Бәрі ескі әкіммен бірге кетті. Кезінде осы стадионның жарықтандыру құрылғылары бірнеше жылда әзер жаңартылып еді. Стадионның бір жыл ішінде жұтынып, жаңарып шыға келетініне былтыр сенген бізді де әпенді демей көріңіз…

Рухани астанада қай команда ойнайды?

Ал қазір Түркістанда жаңа стадионның құрылысы қызып жатыр. Қала әкімшілігі, драма театры, Конгрес-Холл, Оқушылар сарайы, «Астана» алаңы құрылысы жоспарланған әкімшілік-іскерлік ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жабық бассейні бар спорт сарайы және 7000 адамға арналған орталық стадион да салынуда. Құрылыс 2019 жылдың 1 ақпанында басталды. Жоспар бойынша, биылғы 1 қазанда пайдалануға берілуге тиіс. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолға алған бұл кешенде халықаралық, республикалық деңгейдегі спорт шараларын өткізу көзделеді.

Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Асқат Мырзахметовтің айтуынша, стадиондағы құрылыс жұмыстары маусым айында бітеді. Мұнда футбол алаңынан бөлек, көркем гимнастика, бокс, күрес залдары болады. Жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолдары, ойын залы да бар. Стадион екі қапталынан жабық болады, халықаралық ойындар өткізу талаптарына әбден сай келеді.

Түркістан қаласында қай команда тұрақтауы мүмкін? Әрине, тәуелсіз елдің алғашқы чемпионатында ойнаған «Яссы» командасын жаңғыртуға да болар еді. Бұған қатысты облыс әкімшілігінде әзірше ортақ мәміле болмай тұрған секілді. Өйткені өткен жылы Түркістандағы жаңа стадионың сыбысы шыққанда, бірінші лигада ойнайтын Шымкенттің «Қыран» командасы, Мақтаарал ауданының «Мақтаарал» командасы облыстық команда мәртебесінен үміттенген еді. Алайда облыс әкімшілігі ешқайсысына шырай бере қойған жоқ. Үлкен дүмпумен ашылып, шеберлер командасы бір жылда бірінші лигаға көтерілген «Оңтүстік академиясы» командасының да маңдайы шылқып тұрмағанын жұрттың бәрі біледі. Сондықтан бұл мәселені кең өлшеп-пішу керек.

Басқаларда хал нешік?

Былтыр толық жөнделген Ғ.Мұратбаев (Қызылорда) стадионында ортаға қойылған тіреулер жанкүйерлердің ойынды еркін тамашалауына бөгет болып жатыр. «Каспийдің» аренасы саналатын «Жас қанат» (Ақтау) стадионы да ҚКФЛ талаптарына толық жауап бере алмайды. «Оқжетпестің» (Көкшетау) бетон қабырғалары алаңға тым жақын. «Шахтер» (Қарағанды) биыл жазға дейін жабылып, жасанды алаң төселеді. Павлодардың Орталық стадионында да жасанды алаң біраз тозды. Жаз ортасында бұл алаңда да көкмайса қайта төселеді.

(«Жас Алаш» газеті, 18.02.2020)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here