Сан-Марино — Қазақстан — 1:3

ГолдарБерарди, 77 – Зайнутдинов, 6, Сүйімбаев, 22, Щеткин, 26

Ескерту Палацци, 54, Симончини, 85, Берарди, 90 – Мирошниченко, 32, Тағыберген, 45

Сан-Марино: Бенедеттини, Палацци, Симончини, Баттистини, Грандони (Чеккароли, 80), Бролли, А.Голинуччи (Лунадеи, 60), Е.Голинуччи, Муларони, Берарди, Нанни (Хирш 64)

Қазақстан: Непогодов, Вороговский (Мирошниченко, 18), Марочкин, Малый, Шомко, Сүйімбаев, Қуат, Исламхан, Зайнутдинов, Тағыберген (Федин, 65), Щеткин (Әйімбетов, 73)

Төреші – Ә.Палабійік (Түркия)

16 қараша«Сан-Марино» стадионы, Серравалле

Euro-2020 іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы түскен І тобында мәселе әлі толық шешілген жоқ. «Ер Төстігім бір төбе» – Бельгия мен Ресей, «тоғыз ұлым бір төбе» – Шотландия, Кипр және Қазақстан болып тұр. Ал Сан-Марино құрамасы үшін бұл іріктеу кезеңінде қарсыластар қақпасына бір доп соғу басты меже болғаны анық. Қазақстан аутсайдерлерді сондай арманына жеткізді.

Бұл турда Бельгия құрамасы сырт алаңда Ресейді 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, талассыз көшбасшы екенін дәлелдеді. Бельгиялықтар тоғыз кездесудің бәрінде жеңіске жетті және 2020 жылғы Еуропа біріншілігіне бірінші жолдама иеленген команда болды.

Қазақстан құрамасы бұл ойында өз тарихындағы бір рекордты қайталады. 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде отандастарымыз 14 ойында 10 ұпай жинаған еді. Содан кейінгі іріктеулердің барлығында дерлік бұл меже бізге бағынған жоқ. Міне, чех маманы Михал Билектің басшылығымен биыл құрама Сан-Мариноны – екі рет, Шотландияны бір рет жеңіп, Кипрмен сырт алаңда тең ойнап, он екі жыл бұрынғы рекордын қайталады. Бүгін сырт алаңда Шотландиядан бір ұпай болса да жырып қалса, онда осы рекордын жаңартады.

Әрине, бұл іріктеу кезеңінде Қазақстан бірсыдырғы ойын өрнегін көрсетті деуге болмайды. Отандастарымыз алғашқы кездесуде Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, сенсацияға лайық жаңалық жасаса, артынша-ақ өз алаңында Ресейден 0:4 есебімен жеңілді. Тіпті көш басындағы Бельгиямен және Ресеймен үзеңгілес өнер көрсетуге жарамады десек те, Шотландиямен және Кипрмен үшінші орынға таласуға жарағаны да көңілге медет болып тұр. Өз алаңымызда Кипрден жеңілгеніміздің өкініші зор. Бұл кездесуде Қазақстан бірінші болып есеп ашқан еді. Негізгі қарсыластан жеңілмегенде, қазір үшінші орынға табан тіреудің мүмкіндігі көп болар еді.

Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сәрсенбіге қараған түні өтетін кездесуге қорғаушы Ян Вороговский қатыса алмауы мүмкін. Ол Сан-Мариномен ойында жарақат алып қалды.

Сан-Марино – Қазақстан кездесуіндегі деректер:

а) Қазақстан құрамасы өз тарихындағы 200 (екі жүзінші) кездесуін өткізді;

ә) Қазақстан құрамасы өз тарихындағы 48 (қырық сегізінші) жеңісіне қол жеткізді;

б) Бақтияр Зайнутдинов құрама сапындағы бесінші добын соғып, құрама мергендерінің үздік ондығына енді. Бақтиярдың алдында Р.Балтиев (13 доп), В.Зубарев (12), Д.Бяков пен С.Хижниченко (8), Н.Жұмасқалиев (7), О.Литвиненко, И.Авдеев, С.Остапенко (6) бар;

в) Қазақстан құрамасы өз тарихында сырт алаңда жетінші рет жеңіске жетті;

г) Бұл кездесуде қақпашы Д.Непогодов құрама сапындағы – оныншы, шабуылшы А.Щеткин отызыншы ойынын өткізді.