Бір жыл ішінде Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 16 қадам алға жылжыды. Жыл басында ФИФА-ға мүше 211 ел ішінде Қазақстан 135 орында болған-ды, ал қазіргі табан тірген тұсы – 119 орын. Қараша айындағы рейтингпен салыстырғанда бір қадам ғана алға бастық. Поскеңестік елдер арасында Тәжікстан, Түркменстан, Латвия, Литва және Молдова құрамалары ғана бізден кейінгі орындарда тұр.

ФИФА рейтингіндегі алғашқы ондық және поскеңестік елдер реті мынадай: 1. Бельгия – 1727 ұпай. 2. Франция – 1726. 3. Бразилия – 1676. 4. Хорватия – 1634. 5. Англия – 1631. 6. Португалия – 1614. 7. Уругвай – 1609. 8. Швейцария – 1599. 9. Испания – 1591. 10. Дания – 1589. 28 (28). Украина – 1482. 48. Россия – 1424. 76. Беларусь – 1317. 89. Грузия – 1269. 91. Қырғызстан – 1264. 95. Өзбекстан – 1251. 96. Эстония – 1242. 101. Армения – 1222. 107. Әзербайжан – 1206. 119. Қазақстан – 1159. 120. Тәжікстан – 1158. 127. Түркменстан – 1120. 132. Латвия – 1112. 133. Литва – 1111. 170. Молдова – 979. 

ФИФА рейтингінің тарихына үңілсек, Қазақстан екі жылдың қортыныдысында ғана үздік жүздікке ілініпті, яғни 2001 және 2016 жылдары 98 орында болыпты. Қатты құлдыраған жылы – 1995 (163 орын). Бұл кезеңде құрама бір де бір матч өткізген жоқ, келесі, 1996 жылы ғана Азия футбол конфедерация құрамындағы ресми ойындарға қатыса бастады.

Биыл ұлттық құрама тізгінін болгар маманы Станимир Стоилов ұстады. «Астананы» төрт жыл қатарынан чемпиондыққа жеткізген жаттықтырушы сырт алаңда – Венгрияны, Астанада Әзербайжанды жеңіп, көңілге үміт ұялатқан еді. Алайда ресми ойындарға келгенде, құрама тағы да кібіртіктеді: өз алаңымызда Грузияға есе жіберген соң, Ұлттар лигасында келесі топқа өте алмайтынымыз белгілі болды. Нәтижеде, Ұлттар лигасының D1 тобында отандастарымыз Грузияны алға жіберіп, екінші орында қалды. 6 кездесудің біреуінде ғана жеңіске жетті (Андорра – 4:0), үш ойынды тең аяқтады, екі кездесуде жеңілді.

Бас бапкер Стоилов құрамаға қандай ойыншыларды тартты, қандай ардагерлердің көмегіне сүйенді?

Қақпада Ненад Ерич күмәнсіз бірінші нөмірлі болды. Ол Қазақстан азаматтығын алған соң, 2015 жылы құрама сапында бір матч қана өткізген-ді. Содан кейін ФИФА-мен арадағы құжаттар реттелуін күтті. Стоилов оның мүмкіндігін жақсы біледі, оның үстіне, Ерич соңғы маусымдарды аса жоғары деңгейде өткізіп жүр. Қосалқы қақпашы мәселесінде Стоилов «қайраттық» Владимир Плотниковтың кандидатурасына тоқтаған сияқты еді. Алайда соңғы ойында Дмитро Непогодовқа сенім артты. Украина футболының түлегі, Қазақстан азаматтығын былтыр ғана алған бұл қақпашының құрамаға лайықтығын бапкерлер шешер, дегенмен білетін жұрт Непогодтың құрама сапында ойнауы әлдебір «шахматтық жүріс» екенін де айтады. Яғни ол құрама сапында ресми ойынға қатысқан соң, Қазақстан футболының түлегі болып саналады, «легионер» деген ентаңбадан арылады.

Қорғаныста Евгений Постников, Юрий Логвиненко, Сергей Малый үштігі негізгі ойыншылар болды. Әрине, Постниковтың да қазақ футболындағы жолы Еричтікіне ұқсайды. Дегенмен оның да «Астана» сапында тұрақты ойнап жүргенін жоққа шығаруға болмайды. Ал Малый елордалық клубтың негізгі ойыншысы емес. Логвиненко биыл жиі жарақаттанды. Сондықтан алдағы уақытта Стоилов орталық қорғаныс шебіне жаңа үміткерлер іздестірмесе болмайды. Мүмкін, келесі жылы Нұрәлі Әліп пен Темірлан Ерлановтың жұлдызы жанар. Қорғаныстың қос қапталында Абзал Бейсебеков, Ғафуржан Сүйімбаев, Дмитрий Шомко тұрақты ойнады. Олардың орнын басуға Ян Вороговский де дайын тұр.

Жартылай қорғаныста балама көп болғанмен, бас бапкердің Георгий Жуковты екі ойында оң қапталға қойғаны ойландырды. Бұл шепте бас бапкер биыл Бақтияр Зайнутдинов пен Максим Фединге құрама есігін ашты. Ал Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Серікжан Мұжықов, Еркебұлан Тұңғышбаевтарды ардагер деп санай беруге болды.

Мәселесі көп шеп – шабуыл. Еркебұлан Сейдахмет «Уфадан» гөрі құрамада нәтижелі ойнағанмен, ауыр жарақат алып қалды. Бауыржан Тұрысбек орталық шабуылшы ретінде де, қапталдағы инсайд ретінде де жарқырап көзге түсе алған жоқ. Алексей Щеткин тұрақты ойнады, бірақ пайдасы тым аз, тіпті жоқтың қасы. Роман Муртазаев негізінен жартылай қорғаныстың сол қапталында жүреді.

Демек, көктемде басталатын Еуро-2020 іріктеу кезеңінде Стоилов бас ауыртатын мәселелер көп-ақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here