Қазақстан премьер-лигасы

10 қараша. 33 тур

«Тобыл» — «Ақтөбе» — 2:1 (Себаи, 30, Тұрысбек, 58 – Сәулет, 39)

«Астана» — «Ертіс» — 0:2 (Манзорро, 43, Мингазов, 68)

«Қайрат» — «Атырау» — 2:1 (Жуков, 18, Есеола, 70 – Дугалич, 76-өз қақпасына)

«Ордабасы» — «Тараз» — 3:0 (Жоао Паулу, 5, Диакате, 53-пенальтиден, Щеткин, 80)

«Қайсар» — «Оқжетпес» — 1:1 (Барсегян, 40 – Нөсербаев, 84)

«Жетісу» — «Шахтер» — 3:2 (Степанюк, 30, Адамович, 38, Тошев, 52 – Зенев, 10, Нұрғалиев, 63)

  1. «Астана»: рекорд үстіне рекорд

Соңғы турда «Ертістен» өз алаңында жеңілсе де, «Астананың» биылғы көшбасшылығына селкеу түскен жоқ. Бір ғана мәселе бар: биыл елордалық команда 8 рет жеңілсе де, чемпион атанды. Бұған дейінгі бес чемпиондығында «Астана» тек 2015 және 2016 жылдары ғана бес реттен тізе бүккен еді. Биылғы дерек 2019 жылғы премьер-лига додасының тартысты болғанын ғана емес, ешбір команданың өзгелерден қара үзіп кете алмағанын көрсетеді.

Шындығында, «Астана» 2017 жылдан бері чемпиондық рекордын жаңартып келе жатыр. Өйткені Қазақстан премьер-лигасы тарихында ешбір команда төрт рет қатарынан чемпион атанып көрмеген еді. 2017 жылы осындай жетістікке жеткен соң, 2018 және 2019 жылдары «Астана» осы рекордқа тағы екі рет түзету енгізді. Оған дейін «Ақтөбе» ғана 2007-2009 жылдар аралығында үш жыл қатарынан чемпиондық атақты иеленген еді. Ал «Елім-ай» (1994-1995) және «Ертіс» (2002-2003) екі жыл қатарынан көш басында болды.

«Астананың» биылғы екінші рекорды да біраз жыл ешбір команданың уысына түспеуі мүмкін. Елордалықтар алтыншы рет мәреге бірінші болып жетті. Бұған дейін бес дүркін чемпиондар қатарында «Ертіс» пен «Ақтөбе» де бар еді. Бірақ биылғы чемпионат қорытындысында «Ақтөбе» І лигаға түсіп қалды. «Ертіс» соңғы жылдары премьер-лигада жан сақтауды басты мұрат тұтып жүр. Павлодарлықтар чемпион атанбағалы 16 жылдан асты.

Ал қатарынан алты рет чемпион атану жетістігіне басқа ұжымдар алдағы он жыл ішінде қол жеткізбесе, әзірше ешкімнің қолынан келетін шаруа болып көрінбейді. Демек, «Астананың» бұл рекордының мұрты да жуық арада бұзыла қоймайды.

  • «Қайрат»: екінші сатыда туғандар

Алматылықтар биыл негізгі қарсыласынан бір ұпай ғана артта қалды. Бұған қарап, чемпионаттың басты мәселесі соңғы турда ғана шешілді деуге болмайды. «Қайрат» қатарынан бесінші жыл күміс жүлдегер атанып отыр. Бұл да – өзіндік рекорд. Бес жылды қойып, қатарынан үш маусымда доданы екінші сатыда аяқтаған ешбір команда жоқ.

Өткен жылы чемпион «Астана» мен күміс жүлдегер «Қайрат» арасындағы ұпай айырмашылығы 15 болып еді. Биыл «Қайрат» елордалықтарды оншалық шығандатқан жоқ.

Тағы бір ерекшелік: 2014 жылдан бері «Қайрат» ел кубогының финалында бес рет ойнап, төрт рет жеңімпаз атанып еді. Биыл бұл рекорд бұзылды. Алматылықтар ширек финалда өз алаңында «Тобылдан» ойсырай жеңіліп (1:5), кубок жолынан шығып қалды.

  • «Ордабасы»: егесте ерек шыққандар

Шымкенттіктер өз тарихында екінші рет қола жүлдеге қол жеткізді. 2017 жылы олар алғаш рет үздік үштікке енгені есімізде. Биыл чемпионаттың өн бойында «Ордабасы» бірнеше рет бас жүлдеден үміткер ретінде көрініп, соңында «Тобылды» артқа тастады. Қола жүлде үшін тартыста «Ордабасы» «Тобылды» Қостанайда 2:1 есебімен жеңіп кетті. Үшінші тұғыр тағдыры тікелей сол мачта шешілгеніне күмән жоқ.

Биыл «Ордабасы» алты кездесуде ғана қарсыластарына есе жіберді. Бұл көрсеткіш бойынша шымкенттіктер чемпион «Астанадан» да алда тұр. Алайда тең ойындарды көбірек өткізгендіктен (сегіз кездесу), турнир кетесінде төменірек тұруға мәжбүр.

  • Қара көбейтушілер мен аутсайдерлер

Жеңіс дәстүрін қалыптастырған командалардың көп ішіне сіңісіп, қара көбейтіп жүргені де жанкүйерлерге ауыр тиеді. Өткен жылдан бергі «Шахтер» мен «Ертістті» осы қатарға қоспасқа лажымыз жоқ. Былтыр екеуі де премьер-лигада қалу үшін жанталасты. Тіпті «Ертіс» Шымкенттің «Қыран» командасымен қосалқы ойындарға қатысуға да мәжбүр болды.

Биыл осы екеуінің шекесі шылқып кеткен жоқ. «Ертіс» жыл басында Д.Димитров жасақтаған команданың быт-шытын шығарып, саудаласып-соттасып жүріп, әзер жан сақтады. Димитров командаға алған М.Сисей, М.Райымбек, Р.Каньяс, К.Дубра, А.Дарабаев, С.Лунин, Б.Тәңірбергенов, О.Балтабаев, М.Миросавлев сияқты футболшылар жазда жан-жаққа кетті, команданың өз түлектері П.Шабалин, А.Цирин, Н.Калмыковтар да қажетсіз болып қалды. Нәтижеде «пентакамепондар» серб бапкері М.Милановичтің жетекшілігімен премьер-лигадағы орнын зор күшпен сақтап қалды.

«Шахтер» аламанды әркелкі бастағанмен, бірте-бірте ортаңқол ұжымға айналды. Мықтыларды жеңіп, әлсіздерге есе жіберетін «аурудан» арыла алмады. Маусым соңына қарай қарағандылықтар жоғарыға тіпті де ұмтылған жоқ. Болгариялық маман Н.Костов әрбір баспасөз мәслихатында түрлі желеу айтқанмен, маусым соңында «Шахтер» тоғызыншы сатыда қалды. 24 тамыздан кейін бұл команда он ойында да жеңіске жете алмады: екі ойында ғана тең түсті, сегіз кездесуде жеңілді.

Биылғы чемпионаттағы ең сүреңсіз команда «Атырау» екені сөзсіз. Бұл ұжымды маусым барысында төрт маман жаттықтырды. Бас бапкер міндетін Қуаныш Қабдолов үш рет уақытша атқарғаны да «мұнайшыларда» береке болмағанын анық айғақтаса керек. Әрине, соңғы үш жыл қатарынан ел кубогының финалына шығуын жетістік санауға болар. Бірақ төрт маманға тізгін беріп, 33 ойында 36 футболшыны пайдалану деген – антирекордтардың көкесі болса керек. В.Кумыков шақырған футболшыларды О.Дулуб жақтырған жоқ, Дулубқа ұнаған бірнеше футболшы соңғы турға жетпестен бет-бетіне кетті. Маусым барысында «Атыраудан» 14 футболшы кетіпті. Бұл дегеніңіз – бір жылға жоспарланған бюджет бірнеше рет қайта қаралып, еркін агенттерге ұсыныс жасап, «бірнеше кеменің құйрығын ұстағанмен» тең. Қаладағы «Мұнайшы» және «Судоремонтник» стадиондары да маусым басында премьер-лига ойындарына лайық болмады. «Мұнайшыға» кейін жасанды алаң төселді, бірақ команданың ойыны жақсарып кеткен жоқ.

«Ақтөбенің» премьер-лигадан төмендеуі өте өкінішті. Бір кездері еурокубоктарда Қазақстан намысын өте абыроймен қорғаған команда еді. Бірақ тығырыққа тірелгеніне қарамастан жергілікті жастар өте жақсы ойын көрсетті. А.Әйімбетов 16 доп соғып, мергендер көшінде үздік шабуылшылар қатарына енді. Маусым ортасында С.Марьянович, М.Радин сияқты легионерлері шетке кетіп, Х.Милишевич пен М.Пизелли ауыр жарақат алса да, ақтөбелік жастар әр ойында майдан салды. Дегенмен ФИФА-ның 12 ұпайды қиып тастауы, жаңа футболшыларды тіркеу мүмкіндігінің жоқтығы команданы еркінен тыс тізерлетті. Келесі маусымда «Ақтөбе» бірінші лигадан маңдайын жарқыратып озып шықса, жанкүйерлер қатты қуанатыны анық.

«Тараз» өз жастарының күшімен бірсыдырғы өнер көрсетті. М.Сейсен, Б.Шадыманов, Г.Кан сияқты жастар жаңа есім ретінде танылды, М.Әмірханов, Ә.Сүлей, А.Таубай сияқты жігіттер премьер-лига дуына әбден қалыптасқанын аңғартты. Енді «Тараз» «Ақжайықпен» қосымша екі ойын өткізіп, бас лигадағы орнын сақтап қалуға тырысады.

Премьер-лигаға «Қызылжар» және «Каспий» командалары тікелей жолдама алды.

  • Маусымның есте қалар деректері

а) Биыл 198 кездесуде 513 доп соғылды (әр ойынға – шамамен 2,58 гол). Бұл өткен маусыммен салыстырғанда көбірек: 2018 жылы 471 доп (шамамен 2,38 гол) соғылған еді;

ә) Биыл 42 пенальти белгіленіп, соның 33-і қақпаға енді (79%). Өткен маусымдағы пенальтилер саны көбірек болды: 49 пенальтидің 39-ы соғылды;

б) 1:0 есебі ең көп тіркелді (42 рет). Жалпы 17 түрлі есеп кездесті. Оның ішінде 6:2, 5:3, 6:0 деген экзотикалық нәтижелер де бар;

в) Ең ұзақ жеңіс сериясы «Тобылға» тән. Қостанайлықтар 18 мамыр-30 маусым аралығында алты кездесуде («Атырау» — 3:0, «Тараз» — 1:0, «Шахтер» — 2:0, «Ақтөбе» — 1:0, «Оқжетпес» — 2:0, «Жетісу» — 1:0) қарсыластарын тізерлетті. «Орадабасы» 20 сәуір-5 мамыр аралығында төрт ойында тең ойнап, ең ұзақ серия жасады. «Атырау», «Тараз», «Шахтер» командалары тамыз-қыркүйек айларында бес ойында қатар жеңіліп, сәтсіздік сериясын тіркеді;

г) Ең нәтижелі команда – «Астана» (67 гол), ең қорғанысы мықты ұжым – «Ордабасы» (24 доп). Өткен жылы «Астана» ең нәтижелі (66) және ең қорғанысы мығым (22) команда болған еді;

ғ) Биыл қақпаларға 10 автогол, 33 пенальти, 1 покер, 3 хет-трик, 42 дубль соғылды.

Қорытынды кесте

                                      О Ұ Т Ж Д Ұп

  1. «Астана»                33 22 3 8 67:28 69
  2. «Қайрат»               33 22 2 9 65:32 68
  3. «Ордабасы»          33 19 8 6 52:24 65
  4. «Тобыл»                 33 19 6 8 45:27 63
  5. «Жетісу»                33 16 8 9 45:25 56
  6. «Қайсар»               33 12 6 15 37:43 42
  7. «Оқжетпес»          33 11 7 15 44:49 40
  8. «Ертіс»                   33 11 4 18 30:45 37
  9. «Шахтер»              33 9 8 16 40:47 35
  10. «Тараз»                33 7 8 18 28:60 29
  11. «Атырау»            33 6 8 19 25:58 26
  12. «Ақтөбе»             33 7 6 20 37:75 15*

*«Ақтөбенің» 12 ұпайы алынған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here