Жақында ғана фристайлдың могул бағдарламасы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған отандасымыз Юлия Галышева тағы бір жақсы жетістігімен қуантты. Ол Алматыда өткен әлем кубогы кезеңінде топ жарды.

Шымбұлақтағы сайыстың іріктеу кезеңінен-ақ Галышева жеңіске жігері зор екенін байқатты. Ол 77,34 ұпай жинап, канадалық Жюстин Дюфур-Лапонтты (78,67 ұпай) алға жіберді. Суперфиналға қатысатын алты үздікті анықтайтын бірінші финалдық жарыста Юлия енді Жюстиннің алдын орады: 84,62 ұпай жинап, ақтық сынға бірінші нөмірмен тіркелді.

Суперфиналда Галышева ұпайын сәл төмендеткенмен (79,69 ұпай), бәрібір қарсыластарының бәрінен мойын оздырды. Күміс жүлдені жалпы есептегі көшбасшы Перрин Ләфон (Франция) иеленді. Ол отандасымыздан 0,58 ұпай кем жинады (79,11). Ж.Дюфур-Лапон болса, 76,64 ұпаймен қола тұғырға табан тіреді.

«Бұдан да жақсы өнер көрсетуіме болар еді. Бірақ бірінші секірісте қате жібердім. Соның өзі жеңіске жеткілікті болады. Ең қызығы, жүлдеге ілінген үш спортшы да қателіке бой алдырды, ішінде менің қатем ғана аздау болды. Бірінші жаттығу кезінде жарақат алдым. Иығымды таңып алғандықтан, жарысқа түсу оңай болған жоқ», – дейді жеңімпаз Галышева.

Осы жеңістен кейін Галышева әлем кубогының жалпы есебінде қола жүлдеге ілінетін мүмкіндік алған-ды. Алайда Алматы күні күрт суытып, 3 наурызға жоспарланған параллель могул жарысы өткізілген жоқ. Бірақ Юлия жарақатын ауырсынып, бұл сынға қатысудан күнібұрын бас тартты. Сөйтіп, ол әлем кубогының жалпы есебінде төртінші орында қалды. Ерлер арасында Дмитрий Рейхерд 2018/2019 маусымды жетінші орынмен аяқтады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here