1994 жылдың 27 ақпаны – қазақ спортының алтындатылған күні. 24 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан әнұраны тұңғыш рет олимпиялық ойындарда шырқалды. Иә, ширек ғасыр бұрын шаңғышы Владимир Смирнов Лиллехаммер олимпиадасының соңғы бағдарламасында, 50 шақырымдық марафонда ең жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиада чемпионы атанды.

Бұл жеңіске Смирре қалай жетті? Қандай сындардан өтті? Осы естелікті жадымызда тағы бір жаңғыртып көрудің артығы жоқ секілді.

Олжасыз Альбервиль додасы

Жалпы, олимпиадалар тарихына қарасақ, егемен Қазақстанның алғашқы алтыны 1992 жылы Барселонада уысымызға түсті. Баскетболшы Ирина Герлиц ТМД құрамасы сапында олимпиада тұғырына көтерілді. Алайда 1992 жылы Қазақстан Халықаралық олимпиялық комитетке (ХОК) әлі мүше болып енбеген еді. Яғни Герлиц жеңісінің құрметіне Қазақстан туы көтеріліп, әнұраны шырқалған жоқ. Қазақстан осы жеңістен бір жыл өткеннен кейін ғана, 1993 жылы ХОК-тың толыққанды мүшесі болды. Сөйтіп, олимпиялық ойындарға өз делегациясын жасақтауға мүмкіндік алды.

Дербес мемлекет ретінде Қазақстан қатысқан олимпиада 1994 жылғы Лиллехаммер додасы еді. Бұл сынға елімізден 29 спортшы аттанды, олар спорттың 8 түрі бойынша сынға түсті. Олимпиадаға қатысқан 67 ел ішінде біздің делегация саны жағынан 16-орында тұрды. Ашылу салтанатында Қазақстан спортшыларын шаңғымен тұғырдан секіруші Қайрат Биекенов бастап шықты.

Әрине, шаңғышы Владимир Смирновтың жүлдеден үміткерлердің бірі екені әу бастан белгілі еді. Ол 1988 жылғы Калгари олимпиадасында 30 шақырымдық жеке жарыста, 4х10 шақырымдық эстафетада күміс жүлде иеленді, 15 шақырымдық сынды қола жүлдемен қорытындылады. 1992 жылғы Альбервиль олимпиадасы Смирнов үшін өте сәтсіз болды. Ол 10 шақырымдық жарыста – 13, 15 шақырымдық із қуалау жарысында – 8, 30 шақырымда – 9, 50 шақырымдық марафонда 36 орында қалды. Соңғы қашықтықтықта ол олимпиада чемпионы Бьорн Делиден (Норвегия) 12 минут, 7 секунд артта қалып қойды.

Делимен текетірес

Осы Дели Альбервиль олимпиадасында 3 алтын, 1 күміс жеңіп алды. 1993 жылы Швецияның Фалун қаласында өткен әлем чемпионатында Смирнов пен Дели арасындағы текетірес шырқау шегіне жетті. Алдымен Дели 30 шақырымдық классикалық жарыста топ жарды, Смирнов қола жүлдені қанағат тұтты. 10 шақырымдық сында тағы бір норвег шаңғышысы Стуре Сивертсен мәреге Владимирден 4,1 секунд бұрын жетіп, алтынды қағып әкетті. Ал 15 шақырымға із қуалау жарысында әлем жұртшылығы Смирнов пен Дели арасындағы ғажайып бәсекеге куә болды. Екі мықты мәреге қатар жетті. Соңғы метрлерде жанұшыра сырғанап келіп, екеуі де мәре сызығына таяғанда денелерін алға созды. Ең қызығы, Смирнов өзінің жарты кеуде алда болғанын жақсы сезінді. Таблода 10 минутқа жуық «жеңімпаз В.Смирнов» деп жазылып тұрды да, артынша дереу Б.Дели болып өзгертілді. Мәселе мынада еді: соңғы ереже бойынша спортшының денесі емес, аяғы мәреден бірінші өтсе, сол жеңімпаз болып танылады. Ал мәреге қатар ұмтылғанда Смирнов кеудесін алға созса, Бели аяғын алға тастап, тіпті шпагатқа отырардай керіліпті. Соның арқасында оның өкшесі отандасымыздың аяғынан 18 см алда болған!

Осы текетірестен кейін норвег газеттерінің бірі Смирновтың карикатурасын жариялады. Онда қазақстандық шаңғышының басын тым үлкейтіп салып, мәреден өтіп бара жатқан сәтін бейнелеген. Аяғында – қолпылдаған бәтеңке. Астына: «Келесі жолы Делиден озу үшін Смирнов денесін емес, аяғын алға созғаны жөн. Тіпті болмаса, аяғына үлкен өлшемді бәтеңке кисін», – деп жазыпты…

Тағы сол Бьорн…

Лиллехаммер олимпиадасы басталғаннан-ақ Б.Дели өзінің нағыз жұлдызды шағында екенін дәлелдей бастады. Алдымен 30 шақырым қашықтықта оның отандасы Томас Ольсгард топ жарды. Дели мәреге екінші болып жетті. Өзіне ыңғайлы қашықтық болса да, В.Смирнов мәреге 10-нәтижемен ғана жетті. Бұл коньки жүрісімен өткізілген жарыс еді, мұндай жүріс отандасымыздың оң жамбасына келе бермейтін.

Үш күннен кейін, 17 ақпан күні 10 шақырымға классикалық жарыс өтті. Владимир сөреден 88 қатысушы ішінен 86-нөмірмен аттанды, яғни басты қарсыласы Делидің уақытынан хабардар болып отырды. Алайда норвег сайыпқыраны бұл күні желдей есті, мәреге 24 минут, 20,1 секундта жетіп, Смирновты 18,2 секунд артта қалдырды. Қалай дегенде де, бұл тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи күн еді. Тұңғыш рет олимпиялық ойындар тарихында Қазақстан туы жүлдегер құрметіне көкке көтерілді.

19 ақпан күні коньки жүрісімен 15 шақырымға із қуалау жарысы басталды. Смирнов сөреден екінші болып, Делиден 18,2 секундтан кейін (10 шақырымдық жарыс қорытыныдысы бойынша) аттанды. Алайда Бьорн бұл күні де қара ілестірмеді. Басты қарсыласының қарқынына сай болғанмен, қорытынды нәтиже күміске ғана жол ашты. Бұл жолы Дели Смирновтан жарты минутқа жуық (29,2 секунд) бұрын келді. Қазақстан қоржынына екінші күміс түсті. Мұның өзі аз табыс емес еді. Бірақ бәрібір Қазақстан жалпыкомандалық есепте Өзбекстаннан кейін келе жатты. Фристайлдың акробатика бағдарламасынан Лина Черязова топ жарып, көрші елді алға сүйреген-ді. Бұл жайт та қазақстандық делегацияны алаңдатқаны рас. Өйткені Владимирдің екі күмісі бәрібір Черязованың жалғыз алтынынан құнды емес еді…

22 ақпан күнгі 4х10 шақырымдық эстафетаға В.Смирнов өз еркімен қатысқан жоқ. Ол 50 шақырымдық марафонға дайындалуды қош көрді. Эстафетада Қазақстан құрамасы (Н.Иванов, П.Королев, А.Невзоров, П.Рябинин) тоғызыншы нәтиже көрсетті. Бұл жаман көрсеткіш емес еді…

Олимпиада ауылынан жырақта

Өзіне аса ыңғайлы қашықтықтарда алтынға қол жеткізе алмағасын, Смирнов марафонға қатты дайындалды. Бірақ оны ешкім бұл қашықтықтың фавориті ретінде қарастырған жоқ. Бұл кезде Владимир 30 жасқа таяп еді. Наурыз айының басында ол орда бұзар жасқа толатын-ды. Бұдан кейін олимпиада алтыны қолына түсуі неғайбыл. Өйткені төрт жылдан кейін 34 жаста болады. Бұл – кез келген спортшының шау тарта бастайтын шағы.

Осыған дейін ірі сындарда Смирнов 50 шақырымдық марафонда жүлдегерлер маңдайы жарқырап келген сәт тым аз еді. Оны айтасыз, Владимирді бала жасынан баптаған жаттықтырушы В.Унгефук марафонға жүгірудің алғышарты шәкіртіне әуел баста жасалмағанын айтады. Өйткені Смирнов – ірі спортшы. 185 метр бойы, 85 келі таза салмағы бар спортшыға марафонға жүгіру қашанда қиын. Шаңғышының өзінің айтуынша, 30 шақырымнан асып, 38 шақырымдық межеге жеткенде ағзадағы сұйықтықтың азайғанын, аяқтың зіл тарта бастағанын сезінеді екен. Сондықтан 1990 жылдан бастап, яғни жасы 26-ға жеткенде ғана Смирнов марафонға жүгірудің қыр-сырын жете үйрене бастады. 1988 жылғы Калгари олимпиадасында Владимир марафонға мүлде қатысқан жоқ. Өзі екі жүлде алған соң, басқа командаластарына мүмкіндік беруді жөн көрді. Ал төрт жылдан кейін Альбервильде, жоғарыда айтып өткеніміздей, 36 орында қалды.

«Ешқашан марафоншы саналған емеспін. Спортпен ұзақ айналысқан сайын, соншалықты тәжірибе жинаған сияқтымын. Бірте-бірте оған да мамандана бастадым. 1993 жылы «елулік» бірнеше жарыста жақсы нәтиже көрсеттім. 1994 жылы олимпиада қарсаңында осы қашықтықта халықаралық ірі жарыста топ жардым. Былайша айтқанда, мен марафонға жүгіріп үйрендім. Сондықтан олимпиадада ең ұзақ қашықтықта діттегенім тек алтын жүлде болды» деген-ді В.Смирнов 2006 жылы бізге берген сұхбатында («Жас қазақ» газеті, 13 қаңтар, 2006 жыл).

50 шақырымдық қашықтық шаңғы спортының ғана емес, жалпы Лиллехаммер олимпиадасының соңғы жарыс бағдарламасы еді. Владимир бұл өзінің соңғы мүмкіндігінің бірі екенін өте жақсы сезінді.

«Мен олимпиада басталған соң екі күннен кейін жеке үй жалдап, аулақ кетіп қалдым. Шынымды айтсам, олимпиялық ауылдағы спортшылардың жеңістен-жеңілістен кейінгі эмоцияларын көргім келмеді, қосымша психологиялық жүк алмауға тырыстым. Ақпарат құралдарының назарынан таса жерде болудың маңызы да зор еді. Үш қабатты, балконы бар жеке үй өзіме әбден ұнады. Бұл кезде мен әбден бабыма келгенмін. Басты мәселе – «осы бабымды ұстап қала аламын ба, қанша уақытқа дейін ұстай аламын?» деген сұрақ болды. Айналамда жарыс қызып жатса да, үй жағдайындай еркін кеңістікте болуым маған жақсы әсер етті. Жарым Валентина мен ұнататын тағамдарды жасап берді. Жарысқа екі күн қалғанда ет жеуді доғардым, балық еті мен жұмыртқаға көштім» деп еске алады олимпиада чемпионы.

Бұл кезде басты қарсыластардың бәрі дерлік 4х10 шақырымдық эстафетаға қатысты. Дели тура мәре сызығына келгенде италиялық Сильвио Фаунерден қалыңқырап, Норвегия құрамасы күміспен шектелді. Смирнов болса, күн райына сай шаңғы мен жағатын майды әзірлеп, жақсы дайындалып жатты.

«Ақ қардан аршып алған алтын медаль»

Дәл осы тақырыпты 1994 жылы «Спорт» газетіндегі мақала басына жазушы, жиһангер-журналист Несіп Жүнісбайұлы қойып еді. Марафон өтетін 27 ақпан күні аспан түнеріп тұрды. Смирнов 07:30-да ұйқыдан оянды. Жары Валентина жақсы түс көріпті, бірақ оны жұбайына айтпады. Түсінде мәре айналасына жиналған елдің бәрі Қазақстанның көк байрағын ұстап алыпты. Жақсы ырымға балады. Үш күн бұрын Қазақстан делегациясының басшысы Анатөлі Құлназаров Владимирге қара уылдырық әкеп берген-ді. «Еттен гөрі жеңіл тағам, бірақ беретін энергиясы көп» деген. Владимир қарақұмық ботқасын, қара уылдырық жағылған бутерброд жеп алды. 09:15-те ол стадионға келіп жетті. Үйден жарыс өтетін орынға дейін 7 минутта жетіпті.

Келе сала, Смирнов шаңғыны, оған жағылатын майды тағы бір пысықтады. Бәрі ойдағыдай сияқты. Алыс қашықтықтарға жарысудың қыр-сырын үйреткен швед досы шаңғының дұрыстығын қадағалауды да қатты тапсырып еді. Сағат 11-де жарыс басталды. Спортшылар мәреден бір-бірлеп жарыс жолына шыға берді. Хаттамаға тіркелген 72 спортшының алтауы шықпай қалды. Владимирдің нөмірі 59 еді. Мұның бір қиындығы болды. Негізгі фавориттердің бәрі жарысқа одан кейін қосылатын. М.Мюллюла (Финляндия) – 61, В.Ульванг (Норвегия) – 63, Б.Дели – 66, А.Прокуроров (Ресей) – 69, С.Сиверстен (Норвегия) – 72… Олардың бәрі алда кеткен Смирновтың уақытынан хабардар болып отырады, яғни жылдамдықты қалауынша қосып-арттыра алады.

Даңқты отандасымыздың «Qazsport» арнасына берген сұхбатынан үзінді алайық:

«Сөреден шыға салысымен 200-300 метрден кейін шағын төбе бар еді. Бұл тестілеу нүктесі секілді болатын, содан асқаннан кейін-ақ өзімнің зар күйімде екенін ұқтым. Шаңғы қалауымша сырғанайды, тынысым жеңіл, бойым сергек. Одан артық не керек? Алғашқы үш шақырымнан кейін уақыт көрсеткіші бойынша көш басына шықтым. Сағат 12-ге қарай қар қылаулай бастады. Нағыз менің «күн райым». 38 шақырымдық межеге жеткенде күшімнің көп екенін, тіпті қарқынымды бұрынғыдан да арттыра алатынымды сезіндім. Жанкүйерлер де басымдығымды бірден сезінді, әр айналымда алдарынан өткен сайын «Смирре! Смирре!» деп айқай салып, қуаттап отырды. Соңғы 800-900 метрде шашымның әр талы тікірейіп кеткенін сездім, тіпті тақиямды лақтырып жіберердей болып тұрды. Мәреден зымырап өте шықтым, жеңіске жеткенімді жан-тәніммен ұқтым. Қолымды сілтеп қалдым! Бұл – мен әбден күткен, ғұмырымды арнаған бақыт еді. Бақыт мені ұзақ сынады. Арманыма барар жол ұзара берді, сонысымен де ол ғажап еді».

Владимир мәреге 2 сағат, 7 минут, 20,3 секундта жетті. Ол күміс жүлде алған М.Мюллюладан – 1:21,6 минут, қола жүлдегер С.Сивертсеннен 1:28,7 минут алда болды. Даңқты Б.Дели төртінші орында қалды.

Осылайша, Лиллехаммер олимпиадасының соңғы күнінде Қазақстан қоржынына тәуелсіздік дәуіріндегі тұңғыш алтын жүлде түсті. Күллі әлем қазақ әнұранын тыңдады. В.Смирнов шаңғысын төбесіне көтерген күйі жеңімпаз тұғырына секіріп шықты. Көк туымыз аспандап бара жатты.

Тандер-бейде жалғасқан жақсылық

1995 жылы әлем чемпионаты Канаданың Онтарио штатындағы Тандер-Бей қаласында өтті. Смирнов бұл сында үш қашықтықта (10, 15, 30 шақырым) топ жарып, төрт дүркін әлем чемпионы атанды (бұған дейін 1989 жылы Лахтиде 30 шақырымда жеңген болатын), марафонда қола иеленді. Осылайша, отандасымыз Лиллехаммер марафонындағы жеңісінің кездейсоқ емес екенін дәлелдеді. 1998 жылғы Нагано олимпиадасында 34 жастағы Смирре 15 шақырымда олжа салды, қола тұғырдан қол бұлғады. Бір жылдан кейін Канвондода (Оңтүстік Корея) өткен Қысқы Азия ойындарында екі дүркін чемпион атанды, бір қашықтықта күміс жүлде иеленді.

Қазір де В.Смирнов Қазақстан спортының игілігі үшін еңбектеніп келеді. Ол Қазақстан биатлон федерациясында басшылық қызмет атқарды, бірнеше жыл «Астана» президенттік спорт клубын басқарды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here