Қазақстан премьер-лигасы
28 тур. 30 қыркүйек

«Тобыл» — «Ордабасы» — 1:0 (Нөсербаев, 69)

Қола жүлдеге талас тағдыры осы матчта шешілген секілді. Қостанайлықтар негізгі қарсыласын жеңіп, жүлдегерлер үштігіндегі орнын нықтай түсті.

«Тобыл» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек өткен жылы «Қайратта» ойнағанда, маусымның үздік джокері атанған-ды. Ол алматылықтар сапында – 5, ұлттық құрама сапында 1 джокерлік гол соқты.

Бірақ Тұрысбек биыл «Тобылдың» негізгі құрамында көбірек ойнап жүр, қақпаларда тулатқан 4 голының біреуін ғана ойынға екінші таймнан араласып барып енгізді.

«Ордабасыға» қарсы ойында Бауыржан биылғы маусымның ерекше рекордын жасады: ол допты Жасур Нәрзіқұлов қорғаған қақпаның маңдайшасына – 2 рет, жақтауына 1 рет дәл тепті. Яғни, бір ойында үш соққыны қақпа ағаштарына дәл бағыттады. Оған дейін ол 16 турдағы «Ақжайық» — «Тобыл» (1:3) кездесуінде де допты маңдайшаға тигізген еді.

Демек, биылғы маусымда 4 соққысы қақпа ағаштарынан кері қайтқан жалғыз ойыншы – осы Тұрысбек. Оған дейін қарағандылық Сергей Шафф 6 турдағы «Шахтер» — «Ақтөбе» (1:1) кездесуінде маңдайшаға – 1, жақтауға 1 теуіп еді, 8 турдағы «Шахтер» — «Астана» (1:0) матчында да маңдайшаға тура соққы жасаған-ды. Тұрысбек енді осы көрсеткіштен де асып түсті.

Ал Таңат Нөсербаев бұл кездесуде қостанайлықтар сапында 4 джокерлік голын соқты. Бұл көрсеткіш бойынша ол «Қайраттық» Аршавинмен және «жетісулық» Хромцовпен теңесті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here