Бүгін – олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні. Ол 37 жасқа толар еді… Үшінші мүшелді толтырар еді. «Тірі болса әйтер еді, бүйтер еді» деу күпірлік болар. Бастысы, Бекзат Сейілханұлы жиырма жаста-ақ адамның үлкен миссияны тындыра алатынын дәлелдеп кетті. Алайда «үш рет олимпиада чемпионы болсам» деген арманына қол жеткізе алған жоқ.

Ол кезде де «Жас Алашта» едік. Қазақ боксы мен күресінің білгірі, белгілі спорт журналисі Бақтияр Тайжан ағамыздың шәкіртіміз. Бақтияр ағам түннің бір уағында телефон соғып сұрасаң да, бокс пен күрестің тарихын жаңылмай айтып береді. Бір нәрсеге өкінсе немесе ренжісе, Бәкең «тфуй-тфуй» деп бас шайқай беретін еді, қара күздің бір күні редакцияға сөйтіп келді. «Не болды?» дейміз.

— Мына төрешілер белден басыпты, біздің баланың жолын кесіпті… – дейді Бақтияр аға өкініп.

Кейін білгеніміздей, Бекзат Саттарханов есімді қазақ боксшысы жастар арасындағы әлем чемпионатының 54 келі салмақ дәрежесіндегі финалында украиналық Сервин Сүлейменовтен жеңіліпті. Бақтияр аға соған өкініп жүр екен. «Боксымызда мынадай бала өсіп келе жатыр» деді сосын бас бармағын шошайтып.

Ол кезде 57 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасында Бектас Әбубәкіров бірінші нөмірлі боксшы еді. Бекзаттың ересектер арасындағы боксқа араласуы Қазақстан құрамасына бас бапкерлікке Тұрсынғали Еділовтың келуімен орайласты. Еділов құраманың бұрынғы серкелері Нұржан Сыманов, Қанатбек Шағатаев, Болат Жұмаділов, Вячеслав Бурба, Ермахан Ыбырайымовтардың қасына Мұхтархан Ділдәбеков, Бекзат Саттарханов, Серік Елеуов, Данияр Мұңайтпасов, Нұржан Кәрімжанов сияқты жастарды еркін қосты. Жастар тез арада жақсы нәтиже көрсете бастады.

1999 жылғы әлем чемпионатына Бекзат қатысқан жоқ. Бапкерлер Саттархановты орта жолда, Мадрид әуежайында қалдырып кететіні де осы кез. Бозбала Бекзаттың үйге жылап телефон соғатыны да осы күн. Қазақстан атынан Бақтияр Тілегенов әлем чемпионатына қатысып, алғашқы айналымда болашақ әлем чемпионы Рикардо Хуарестен 1:4 есебімен ұтылды. Әлем чемпионаты қарсаңында өткен Қазақстан чемпионатында Тілегенов – бірінші, Саттарханов – екінші орын алды. Финал алдында Бекзаттың оң қолына үлкен жара шығып, температурасы көтеріліп тұрса да шаршы алаңға көтеріліпті.

Әлем чемпионатынан кейін бапкерлер Бекзат Саттархановты Ташкенттегі Азия чемпионатына апаруды жөн көрді. Құрлық додасында 2000 жылғы Сидней олимпиадасына жолдама да таратылатын-ды. Саңлақ Саттарханов финалға дейін сүрінген жоқ. Дегенмен алтын үшін кездесуде жергілікті Толқынбай Тұрғыновтан ұтылды. Бұл кездесуде де төрешілердің бұра тартқанын мамандар аз әңгіме еткен жоқ. Бекзат шаршы алаңнан түспей қойған. АИБА-ның сол кездегі президенті Әнуар Чаудри отырған тұсқа барып, өзінің жеңіске жеткенін айтқан.

2000 жылы сәуірде Ыстамбұлда өткен Ахмет Көмерт турнирінде Бекзат Саттарханов оң қолының жіліншігін сындырып алды. Олимпиада қарсаңында мұндай жарақатқа ұрыну аса қауіпті еді. Бағына орай, сүйек тез бітті. Сол кезде «Саттарханов боксты қоюы керек, ол енді бұрынғыдай жұдырықтаса алмайды» дегендер де аз болған жоқ. Теріс ниеттілердің сөзін Бекзат Мәскеуде өткен төрттіктің турнирінде түгелдей жоққа шығарды. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Украинаның олимпиадаға жолдама алған боксшыларының арасында өткен жарыста Түркістан перзенті бар шеберлігін паш етті. Финалда ежелгі қарсыласы Сервин Сүлейменовты 10:4 есебімен жеңіп қана қоймай, турнирдің ең шебер боксшысы атанды.

Одан кейінгі өмірі – көрген түстей. Олимпиададағы даңқты жеңіс! Әуелі –  әлем чемпионатының қола жүлдегері Овидиу Бобирнатты (Румыния), сосын оңтүстікафрикалық Джефри Матебуланы ұтты. Ширек финалда әлем чемпионатының және бір қола жүлдегері Рамазан Палианимен (Түркия) тең тіресіп тұрып, соңғы секундтарда тамаша соққымен жекпе-жек тағдырын шешті. Жартылай финалда марокколық Таһир Тамсаманиді ұтты, финалда Рикардо Хуаресті мықтап тұсады.

Сөйтіп, қазақ баласына арман болған олимпиада жеңісіне Жақсылық пен Шәміл ағаларынан кейін араға 20 жыл салып жетті. Жақсылық пен Шәміл Мәскеу олимпиадасында топ жарғанда, Бекзат үш-төрт айлық сәби еді.

Бекзатты қалың жұрт Алматы әуежайынан қалай күтіп алғаны да есімізде. Олимпиадада олжа салған төрттікті – Бекзат Саттархановты, Мұхтархан Ділдәбековті, Болат Жұмаділовті және Ермахан Ыбырайымовты жанкүйерлерлер жерге түсірмей, аспандатып әкетіп еді. Сонда Бекзат анасы Сырлыкүл апайдың құшағында тұрып, үш рет олимпиада чемпионы атануды армандайтынын айтып еді…

Содан бері 17 жыл өте шығыпты… Қай күні Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев арналардың бірінде сұхбат беріп жатып, Бекзатқа ұқсауға тырысқанын айтты. «Бекзат ағамыздың жолы бізге сабақ болды» деді Бақтияр.

Бекзат аға… Иә, қазіргі інілері аға тұтқанмен, Бекзат біздің көз алдымызда сол бозбала кейпінде, езуіне күлкісін үйіріп, адамның бәріне жылы қарайтын қалпында қалды ғой.

Бекзат текті әулеттің ұлы екенін әр қимылымен танытып жүретін. Алматы әуежайындағы жұртшылық ықыласынан кейін боксшыларды «Мамыр» ықшамауданында күтті. Біз де ілесе бардық. Бекзаттың алтын жүлдесін мойнымызға тағып, чемпионның өзін құшақтап тұрып суретке түстік. Нұрлы шақтан қалған естелік сол ғана.

Екі жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанды араладық. Ұлыма Бекзат ағасы жайлы біраз әңгіме айттым. Түркістанға түнделете жеткенімізде, ұлым қатты ауырды. Ертеңіне жеделдетіп қайтуға тура келді. Әйтпесе, Бекзаттың үйіне соғып, сол алтын медальді ұлымның мойнына тағып суретке түсіргім келіп еді. Қанша асығып тұрсақ та, Бекзаттың зиратына соғып, Құран оқыдық. Кірер есік жабық тұр екен…

Бірер жыл бұрын сол зират тоналды. Бекзаттың өміріндегі негізгі жүлделерін белгілеген жұлдыздардың мыс қаптамасын біреулер ұрлап әкетіпті. Иә, осы күні барлық нәрсені қу тіршілікпен ғана байланыстырып қарайтын тоғышарлар көбейді. Оларға олимпиадаң не, қыршынынан қиылған жас ғұмыр не?..

Бекзат өз ғұмырымен осындай тоғышарларға ой салып кетіп еді. Амал не… 17 жыл ішінде оның өмірде болғанын білмейтін жастар да өскенін мойындасақ керек.

Ерлік аңсаған халықты бір серпілткен оғлан еді Бекзат…

Бүгін 37 жасқа толар еді…

… Рио олимпиадасында алматылық Дмитрий Баландин жүзу спортынан топ жарып, Қазақстанға алтын сыйлады. Күтпеген сый еді бұл! Кейін жаңа чемпион туралы деректерді ақтарыстырып отырсам, ол да дәл 4 сәуірде дүниеге келіпті.

Демек, 4 сәуір – қазақ спорты үшін құтты күн. Енді осы күні туған спортшылардың өміріне жіті үңіліп жүреміз.

Кеше Алматыда қар жауды. Мезгілсіз жауды. Біз өмірден мезгілсіз кеткен Бекзат бауырымызды күрсіне еске алдық…

(«Жас Алаш» газеті, №26, 4 сәуір, 2017 жыл)

1 ПІКІР

  1. Күллі қазақтың көңілінен өшпейтін,елінің жүрегінде қалған ұлдың жаны жəннатта болғай.
    Рахмет сізге Есаға.Жасындай жарқырап,жұлдыздай ағып өткен ұлдың өмірін оқырманның көз алдынан өткіздіңіз…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here