2757349 12.12.2015 Илья Ильин (Казахстан) во время соревнований по тяжелой атлетике среди мужчин в весовой категории до 105 кг на Кубке Президента РФ 2015 в Грозном. Саид Царнаев/РИА Новости

Жақында Астанада Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) бастамасымен Халықаралық антидопинг конференциясы өтті. Шараға IWF президенті Тамаш Аян, осы ұйымның бас хатшысы Мұхаммед Жалуд, IWF допингке қарсы комиссиясының төрағасы Патрик Шамаш, IWF сарапшылар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ бір жылға айыпталған тоғыз ел (Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Беларусь, Қытай, Молдова, Ресей, Түркия, Украина) федерациясының басшылары қатысты.

Конференцияда айыптау және оның уақытын ішінара қысқарту, допингтен сақтандыру шаралары сияқты мәселелер қарастырылды. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президент Жанат Түсіпбеков ауыр атлетика спортының олимпиялық мәртебесіне қауіп төніп тұрғанын айтты. «Әлем спорты қазір қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Допинг дауы көбейіп, олимпиялық қозғалысқа да нұқсан келтірді. Осыған байланысты біз әлемдік ауыр атлетиканың болашағына қатты алаңдаймыз. Келешекте допингке мүлде төзбестік және спорттағы әділдік жолынан айнымаймыз» деді Ж.Түсіпбеков.

Қазақстан соңғы жылдары допингке қарсы шараларды мейлінше күшейтіп келеді. Жыл сайын біздің ауыр атлеттерден ел ішінде 300-ге жуық допинг сынамасы алынады. Олар ВАДА-ның (Бүкіләлемдік допингпен күрес агенттігі) Еуропадағы тіркелген зертханаларында тексеріледі. Өкінішке қарай, биыл ел ішіндегі жарыстарда 7 спортшының допинг пайдаланғаны анықталды. Олардың бәрі ВАДА ережелеріне сәйкес айыпталады, ал айналасындағылар жұмыстан шеттетіледі.

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы барлық жарыстардан бір жылға шеттетілді. Бұл шешім бір ай бұрын шықты. Қазақстан зілтеміршілерінің 10 жылдан бергі олимпиадалардағы сынамасынан допинг белгісі анықталған соң, Илья Ильин (2008, 2012 жылдар), Марина Некрасова (2008), Мария Грабовецкая (2008), Светлана Подобедова (2012), Майя Манеза (2012), Зүлфия Чиншанло (2012) сияқты спортшылардың Бейжіңде және Лондонда жеңіп алған жүлделері қайтарылып алынып, олардың нәтижесі мүлде жойылды. Олардан бөлек, 2008 жылғы Бейжің олимпиадасындағы Владимир Седовтың нәтижесі де (6 орын) есептен шығарылды. Подобедова мен Манеза допингпен күрес агенттігінің қандай шешім шығаратынына қарамастан, спорттан қол үзетіндерін айтты.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин И.Ильин, С.Подобедова, М.Манеза, З.Чиншанлоның ісі тыңдалған процеске толық қатысты. Чиншанло 2018 жылдың мамыр айына дейін айыпталды, Ильинге қатысты шешім әлі шыққан жоқ. Мұстафин мұндай шешімдердің аяқ асты, шұғыл түрде қабылданбайтынын айта келіп, кем дегенде бір айға жуық барлық дерек сарапталатынын еске салып отыр.

— Майя Манеза екі жылға айыпталып, олимпиялық емес нәтижелерінің бәрі сақталатын болды. Ильиннің ісі де заң тұрғысынан алғанда Майянікінен соншалық алшақ емес. Демек, Илья 2020 жылғы Токио олимпиадасына қатыса алуы мүмкін, – дейді бас хатшы.

— Әрине, бұл ешкім күтпеген жағдай еді. Ильин сіздер үшін, сөз жоқ, ұлы чемпион. Бұл жерде Ильяның өзінің немесе оның бапкерлері мен докторларының кінәсі бар. Бізге Қазақстан керек, бірақ Қазақстанның допингтен таза болғаны екі есе қажет, – деді IWF допингке қарсы комиссиясының төрағасы Патрик Шамаш.

Демек, Ильинге қатысты шешім алдағы уақытта біз үшін оңтайлы болып шығуы ғажап емес. Оңтайлы дегенде, айып мерзімінің аз болуы, Ильяның әлем чемпионаттарындағы жеңісінің бәрі сақталуы мүмкін екенін айтып отырмыз. Ильиннің өзі Токио туралы ашылып ештеңе айта қойған жоқ. Жақында ғана баспасөзге берген сұхбатында ол Токио додасына қатыса қалса, жеңіске жету мүмкіндігі бұрынғыдай 100 емес, 90 пайыз айналасында болатынын айтып қалды. Десе де біз күтуге бейілміз. Илья өзінің допингсіз-ақ жеңіс тұғырына көтерілуге лайық екенін дәлелдеуі қажет секілді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here