Үндістанның Нью-Дели қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәреге жетті. Қазақ балуандары бес алтын, екі күміс, он екі қола жүлдемен (жиыны 19 медаль) жалпыкомандалық төртінші орынға табан тіреді. Жүлде саны бойынша отандастарымыз жергілікті балуандардан ғана қалыңқы болды: үнділер жеңіп алған 20 медальдің алтыны бізбен тең болғанмен (бес), күмісі артық еді (алты).

Бұл құрлықтық додада олимпиада жүлделері сарапқа салынбағандықтан, бапкерлер алдағы іріктеу турнирі қарсаңында біраз эксперимент жасап көрді. Енді шешуші сындарға Азия чемпионатында көзге түскен балуандардың да баратыны күмән тудырмайды.

Рио олимпиадасынан бері Азия чемпионаты төрт рет өткізілді. Осы олимпиялық кезеңде біздің балуандар қандай нәтиже көрсетті?

Грек-рим күресі

2017 жылдан бері сары құрлық додаларында «классиктер» төрт алтын жүлде жеңіп алды. 2017 жылы – Мақсат Ережепов (75 келі), 2018 жылы – Алмат Кебісбаев (67 келі), Асқат Ділмұхамедов (82 келі), биыл Темірлан Шадукаев (77 келі) құрлық чемпиондары атанды. Салыстырмалы түрде, бұл көрсеткіш төмендеу. Дегенмен бапкерлердің әр салмақ бойынша лайықты кандидаттар іздеуі, олимпиялық салмақ дәрежелерінің өзгеруі, ақыр аяғы, құрлық сынында олимпиада жолдамасының таратылмайтыны бәрін нашар деп бағалауға болмайтыны аңғартады. Осы төрт жыл ішінде Қорлан Жақанша үш рет Азияның қола жүлдегері атанды, Мейрамбек Айнағұлов (60 және 63 келі), Мақсат Ережепов (75 және 77 келі), Дамир Күзембаев (130 келі), т.б. балуандар Азия біріншіліктерінің бірнеше жүлдесін жеңіп алды.

Қазір «классиктерімізде» олимпиаданың екі жолдамасы бар. Оны М.Айнағұлов (60 келі) және А.Ділмұхамедов (77 келі) былтыр Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында иеленген еді. Алдағы іріктеу турнирлерінде 67, 87, 97 және 130 келі салмақ дәрежелеріндегі балуандар Токиоға жол ашуға ұмтылады.

Биылғы Азия чемпионатында Б.Байсейітовтің шәкірттері бір алтын, бір күміс, үш қола жүлде жеңіп алды. Олимпиялық салмақтарда Айдос Сұлтанғали (60 келі, қола жүлде үшін белдесуде жеңілді), Әділхан Сатаев (67 келі, ширек финалда жеңілді), Темірлан Шадукаев (77 келі, чемпион), Азамат Құстыбаев (87 келі, қола), Әлімхан Сыздықов (97 келі, іріктеу кезеңінде жеңілді) және Мансұр Шадукаев (130 келі, қола) сынға түсті. Мұнда Сұлтанғали мен Шадукаевтен басқасының бәрінің олимпиада іріктеуіне қатысуға мүмкіндік бар.

Еркін күрес

Нью-Дели кілемінде Ә.Серікбаевтың шәкірттері екі алтын (Данияр Қайсанов, 74 келі; Юсуп Батырмырзаев, 125 келі), төрт қола (Дәулет Ниязбеков, 65 келі; Мейіржан Әшіров, 70 келі; Ілісхан Чилаев, 92 келі; Әлішер Ерғали, 97 келі) иеленді. Еркін күрес балуандары осы олимпиялық циклда Азиядан жеті алтын әкеліпті. 2017 жылы бір ғана алтын жүлде алған болса, одан бергі үш жылда үнемі екі алтын жеңіп алып отырған. Д.Ниязбеков пен Д.Қайсанов – екі алтын, бір қоладан, Н.Санаев – бір алтын, бір қола, Ә.Ерғали екі қола қанжығалаған.

Биылғы сында Н.Санаев қола жүлде үшін жапон балуаны Юки Такахашиден жеңіліп қалды. Дегенмен мұны сәтсіздік деуге болмайды. Санаев олимпиада жолдамасына былтыр Нұр-Сұлтанда қол жеткізді. Ендігі жарыстардың бәрі – ол үшін олимпиадаға даярлық есебінде. Сол сияқты, Нью-Дели кілемінде Д.Ниязбековтің былтырғы әлем чемпионы Такуто Отогуроға (Жапония) есе жіберуін де тым көңілге алудың қажеті бола қоймас. Осы сәтсіздіктен кейін Дәулет қола жүлдеге берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланды, бәрібір жеңімпаздар қатарына енді.

Жалпы, еркін күрес балуандарында олимпиаданың төрт жолдамасы бар. Н.Санаев (57 келі), Д.Ниязбеков (65 келі), Д.Қайсанов (74 келі) және Ә.Ерғали (97 келі) атаулы саналмайтын олимпиада жолдамасын командалас бәсекелестеріне бәрібір ұстатпайтын сияқты. Тек олимпиада қарсаңында оларды шаршатып алмауға тиіспіз.

Еркін күрестен қоржынымызда 86 және 125 келі салмақ дәрежелерінде ғана Токио жолдамасы жоқ. Азия чемпионатында бұл салмақтарда Азамат Дәулетбеков пен Ю.Батырмырзаев сынға түсті. Азамат қола жүлде үшін өзбек Иса Шапиевпен күресіп, 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Ол 2017 (қола) және 2018 (күміс) жылдары Азия додаларында екі рет олжа салғанмен, құрлықтың соңғы екі жарысында (2019 және 2020) Әділет Дауламбаев екеуі кілемге кезек шығып, жүлдесіз қайтты. 2019 жылғы әлем чемпионатында (Нұр-Сұлтан) Дауламбаев күресті. Бірақ ол алғашқы белдесуде үндістандық Дипак Пуниаға есе жіберіп, артынша жұбаныш белдесулеріне шығып еді, жүлдеге бәрібір жете алмады. Демек, алдағы іріктеу турнирлерінде бапкерлер осы екі балуанның нақты біреуіне тоқтап, олимпиада жолдамасын иеленуге күш салады.

Ал 125 келі салмақта Азияның алтынын жеңіп алып, Ю.Батырмырзаев олимпиялық іріктеу турниріне де жол ашқан сияқты. Олимпиялық циклда бұл салмақта ешбір балуанымыз Сары құрлықта жүлдеге ілініп көрген жоқ. Былтырғы Азия додасында да, әлем чемпионатында да ел намысын Олег Болтин қорғады. Бірақ жүлдеге жақындай алған жоқ. Батырмырзаев биылғы құрлық сынында қарсыластарын еркін еңсерді. Тіпті ол осы сында кездескен төрт қарсыласына да соқыр ұпай ұстатпады. Демек, алдағы іріктеу турнирінде Юсуп басты үміткеріміз болатыны сөзсіз. Ол ересектер арасында жақында ғана қосылды. Өткен жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында қоладан олжа салған еді.

Әйелдер күресі

Татьяна Аманжол (53 келі) үшінші рет Азия чемпионы атанды. Ардагер балуан бұған дейін 2009 және 2013 жылдары құрлықтың үздігі болған еді. Былтырғы әлем чемпионатында алғашқы қарсыласынан жеңіліп қалса да, 53 келіде Татьяна алдағы іріктеулерде олимпиада жолдамасын иеленуге тырысатыны анық. Нью-Дели кілеміндегі финалда Аманжол екі дүркін әлем чемпионы Маю Мукаидадан (Жапония) 0:8 есебімен ұтылып жатып, таза жеңіске жетті: тағы аунатпақ болған қарсыласын үстінен басып қалып, қажет уақытқа дейін босатпай ұстап тұрды.

Жәмила Бақбергенова (72 келі) тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Ол финалда жапониялық Меи Шиндоны 2:1 есебімен жеңді.

Олимпиада жолдамасын бұған дейін жеңіп алған В.Исламова (50 келі) және Э.Сыздықова (76 келі) Азия додасында қолаға қол жеткізді.

Олимпиялық салмақ дәрежелерінде Аяулым Қасымованың (62 келі) күміс жүлде иеленуінен жақсы нышан байқап отырмыз. Соңғы жылдары осы салмақтың бар ауыртпалығы осы Аяулымның мойнында. Ол 2017 жылғы Азия чемпионатында 60 келіде қола жүлде алды. Былтырғы әлем чемпионатында бірінші белдесуінде есе жіберсе де, алдағы іріктеу жарыстарына Қасымованың ширығып қатысатынына сеніміміз зор.

57 келіде Алтынай Сатылған Нью-Делиде қола жүлде жеңіп алды. Соңғы әлемдік додада бұл салмақта Эмма Тисина ел атынан кілемге шықты. Яғни әлі нақты кандидат анық емес.

68 келіде Альбина Қайыргелдинованың өнері көңілімізден шықпады. Ол іріктеу кезеңінде қарсыластарының бәрінен жеңілді. Өткен жылғы әлем чемпионатында Ирина Казюлина бір кезеңнен ғана өтіп еді. Бұл салмақта да олимпиада жолдамасына қол жеткізетін мықты үміткер болмай тұрған секілді.

Іріктеу қашан және қай жерде?

Енді Азия балуанда 27-29 наурыз аралығында Бішкекте (Қырғызия) олимпиялық іріктеу турниріне қатысады. Бұл жарыс Қытайдың Сиан қаласына жоспарланған еді. Бірақ короновирустың өршуі салдарынан жарыс орны өзгертілді. Бұл іріктеудің талабы қатаң: Токио олимпиадасының жолдамасын қанжығалау үшін балуандар кемі финалға шығу керек, яғни әр салмақта небары екі жолдама сарапқа салынады.

Бұдан кейін балуандарға соңғы мүмкіндік Болгария астанасы София қаласында беріледі. Әлемдік іріктеу турнирі 30 сәуір – 3 мамыр аралығында өткізіліп, әр салмақтың финалистеріне  олимпиада жолдамасы табыс етіледі.

Қазіргі жағдайда Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің жұлдызы жоғары. Олар қалған екі салмақта жолдама иеленсе, Токио сынына толық құраммен қатыса алады. Ал «классиктер» мен қыздар әлі төрт жолдамаға таласуға тиіс.