2014 жылы Алматыда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында 94 келі салмақ дәрежесінде Жасұлан Қыдырбаев топ жарды. Бұған дейін еліміздің спортшылары ірі жарыстарда көзге түсіп, тіпті әлем рекордтарын жаңартып жүргенмен, қазақ баласының ешқайсысы зілтемірде әлемдік доданың бас олжасын алып көрмеген еді. Сондықтан олқы тұстың орнын толтырған азаматтың бұл табысы отандық спорт жылнамасына алтын әріптермен жазылды. Жасұлан осы табысқа қалай жетті? Қандай алғышарттары болды? Осы төңіректе түйін тарқатып көрмекпіз.

Анадан дарыған арман

Жасұлан Алматы облысындағы Талғар қаласында туып-өсті. Атамекені – Райымбек ауданының Сарыжаз ауылы. Сарыжазда, оның арғы жағында нағашылары тұратын Шалкөде ауылында қозы қуып, тау-таста ойнап өсті. Туыс ағасы Елшат жазғы каникулда ауылға жиналған балаларды тәуір-ақ шыңдады. Атасы таңғы төрт-бестерде таңғы намазға тұрып бара жатып, қаз-қатар тізіліп жатқан немерелерінің тұсынан таяғын әдейі тоқылдатып өтеді. Кейде тіпті қараңғыда адасқансып, балақайлардың аяғын басып та кететін. «Ерте тұрсын, еңбекке үйренсін» дегені. Атасы тұрған соң, дереу Елшат ағасы да оянады. Тұрып бара жатып, бұлардың көрпесін ашып кетеді. Таулы ауылдың таңы салқын емес пе, бойы тоңазыған болашақ батырлар көп жатпай, секіріп тұра жөнелетін. Сосын жеребе тастайды. Жеңгені – жылқыға, одан кейінгісі сиырға қарайды. Соңында қалған балаға бұйыратыны – қой бағу. Басқа түлік сияқты емес, қойдың артынан күнұзақ жүруге тура келеді. Сондықтан жеребе кезінде «қолы жүргендер» қатты қуанатын. Жылқы мен сиырды өріске ұзатып салған соң, малдың астын тазарту, су тасу, шөп шабу, бақшаға қарау сияқты күнделікті тірлікті тындырып тастап, түрлі ойын ойнайды. Жасұлан балалық шағында осындай қол еңбегімен өскенін өзінің бақыты санайды. Қалада не – сабағыңды оқып келесің, қосымша сабаққа барсаң, бардың, бармасаң, ерігіп бос жатқаның. Сондықтан осы күнге дейін Жасұлан ауылға елеңдеп тұрады. Ауылды жан-тәнімен жақсы көреді.

Анасы – Айман тарих пәнінің мұғалімі. Күн сайын құлағына ел тарихының қатпарлы тұстарынан аңызға бергісіз әңгімелерді құйды да отырды. Талай өткелектен өткен қазақ дейтін ұлы халықтың осы дәуірде неге несібесі кем? «Қазақтың атын әлемге бір танытамын» деген арман да кеудесіне осы тұста бекіді. Елшат ағасының «Елім демей, ер болмайсың» деген сөзі де санасынан ешқашан өшкен емес.

Нағашының нұсқауы

Жасұлан жастайынан спортқа қызықты. Анасы кеудесінде оятқан арман оны осы жолға жетелегені сөзсіз. Болашақ чемпион жетінші сыныпқа дейін Талғарда оқыды. Сегізінші сыныпта Алматыдағы Қ.Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына ауысты. Еркін күреске ықыласы ерекше еді. Өкінішке қарай, мектептің күрес бөлімінде орын қалмапты. Нағашысы, белгілі бапкер Бекен Бекмұхамедов дастарқан үстіндегі бір әңгімеде: «Зілтемірші болсаңшы. Қазақ баласының бәрі күреске баруы керек емес шығар», – деп қалды. Жасұлан әуелде бұл сөзді ұнатқан жоқ. «Қойыңызшы, Бекен аға, темір көтеріп жүрсем сол», – деп тұжырған. Бәрібір Бекен нағашысы алған бетінен қайтпады. Спорт мектеп-интернатындағы ауыр атлетика сыныбына қосты. «Спорт шебері атануға тиіссің» деп міндет қойды.

Мектеп-интернатта Дәулет Әділғазин деген бапкердің қолына түсті. Спортшының бағы бапкерге байланысты. Дәулет ағасы Жасұланға бақ болып жолықты. Илья Ильиннің атағы шыға бастаған кез еді ол. Дәулет ағайға белгілі ауыр атлеттер жиі іздеп келіп, амандасып тұрады. Сонда атағы шыққан азаматтардың бапкер алдында кішіре сөйлеп, құрмет көрсетіп тұратыны Жасұланға қатты ұнайтын. Бапкерінің еңбегі жанғанына қуанатын. Оның үстіне, Дәулет ағасы сұмдық психолог. Күн сайын жаңа бірдеңе ойлап тауып, жас спортшыны қызықтырудан жалықпады. Он алты келілік қап-қара гирді алдына қойып: «Осыны көтерсең, керемет сыйлық беремін», – деп қанаттандырады. Ертеңіне – тағы бір сынақ. Кейде тіпті «Саяхат» автовокзалына дейін келіп, Талғарға баратын автобусқа салып жібереді. Туған ағасындай қамқор.

Бапкер мен шәкірттің тамаша тандемі ақыры биік белестерге қол артты. Жасұлан мектеп бітіргесін, туризм және спорт академиясының колледжінде оқыды. Жастар арасында екі рет Азия чемпионы атанды. 2012 жылы Гватемалада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Алайда жарыстан кейінгі допинг сынамасы Жасұланның қанынан рұқсат етілмеген препаратты анықтапты. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы екі жыл айып кесті. Допинг деген нәрсенің қанына қалай араласқанына Жасұлан тіпті жауап таба алмады. Өйткені әлем мен олимпиада биігін көздеген, ең ақыры, өзін-өзі сыйлайтын спортшы ешқашан жеңіл жеңіске ұмтылмайды.

Алматы додасы алдында

Жасұланның айыпталу мерзімі 2014 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында аяқталатын еді. Сондықтан жас қаһарман Алатау етегінде өтетін осы сынға мақсатты түрде дайындалды. Бұл кезде ол Ильиннің командасына ауысып, Ержас Болтаев, Тойшан Бектеміров сияқты бапкерлердің қол астында жаттыға бастаған.

Жаттығу кезінде жұлқа көтеруде – 192, серпе көтеруде 233 келіге дейін еңсеріп жүрді. Бірақ жаттығудың аты – жаттығу. Мұнда еркіндік бар. Бір салмақты көтеруге кемі екі-үш мүмкіндік болады. Ал жарыс кезінде… дене күшің ғана емес, миың да, санаң да керемет дайын болуға тиіс.

Бапкерлер кеңесінде Қыдырбаев пен Владимир Седовтың 94 келіде өнер көрсететіні нақты шешілді. Бір ғана мәселе бар: Қыдырбаев алғашқы жаттығуда, яғни жұлқа көтеру бағдарламасында негізгі қарсыластарынан көп артта қалып қоймауға тиіс. Яғни Жасұлан жоқ дегенде қола жүлдеге қол жеткізуі керек. Ал 2009 жылғы әлем чемпионы В.Седов алтынды елімізде қалдырса, мақсаттың орындалғаны.

Қола жүлде… Жасұлан бапкерлердің бұл шешіміне қарсы шыққан да жоқ, дау да айтпады. «Мені неге алтыннан үміткерлер ретінде қарастырмайсыздар?» деуді тіпті де ойлаған жоқ.

Бір жақсы мүмкіндік бар: егер Жасұлан екінші бағдарламадағы (серпе көтеруде) алғашқы екі мүмкіндігінде жүлдегерлер қатарына ілінсе, үшінші мүмкіндігінде өзі қалаған салмаққа тапсырыс бере алады. Болды, келістік!

Қарсыластарға қысым

94 келі салмақта Алматыға кіл мықтылар келді. Лондон олимпиадасының чемпионы, поляк Адриан Зелински, оның туған бауыры, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Томаш Зелински, сол жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Лю Хао (Қытай), Еуропа чемпионатының жүлдегері Ауримас Дидзбалис (Латвия), 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов (Қазақстан), универсиада чемпионы Ринат Киреев (Ресей)…

Жасұлан Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының табалдырығын сеніммен аттады. Іштей өзі әбден жүйелеп алынған жоспар бар, сол іске асса, бір жақсылыққа жол ашылар, мүмкін. Спорт сарайының жарыс залы екіге бөлініпті. Шығыс жағына жаңаша зал жасақталып, үлкен-үлкен баннерлер қойылған. Залға кірген бетте негізгі қарсыластарын көзімен іздеді. Көбірек іш жиятыны – Седов пен Дидзбалис. Олимпиада чемпионы Зелинскидің бабы кем секілді көрінген.

Міне, жоспарды іске асыратын сәт те келді. Конькиден КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы Нина Статкевичтің қарсыластарына құрмет арқылы қысым жасайтынын бір басылымнан оқығаны бар. Ол жарыс қарсаңында қарсыластарының бәрімен жылы амандасып, іш-бауырына кіріп, халін сұрап, өзі тым еркін жүреді екен. Жүйкесі ширығып тұрған спортшыға бұл да үлкен салмақ. Жасұлан да солай істеді. «Алматы – өз қалам. Ендеше, осы жердің иесі өзім екенін танытып қоюым керек» деп түйді. Жаттығу залына біртіндеп еніп жатқан қарсыластарымен аса жылы амандасты. Ағайынды Зелинскилерді «welcome, pan Zielinski» деп құшағына қысты. Беларусь Вадим Стрельцов пен ресейлік Киреевке де «здравствуйын» айтып, адал ниетін танытты. Лю Хаоға «нихаосы» дайын тұрды.

Содан кейін жарыс тұғыры көз ұшынан көрінетін тұсқа барып, орындық алып отырды. Қарсыластары қайтер екен? Қанша мықты болса да, бәрібір дене қыздырмай болмайды. Жасұлан аяғын көсіп жіберіп, ойына ештеңе кіріп-шықпайтын адамдай самарқау отырды да қойды. Өзіне сенеді. Дене қыздыруға арнап өзіне лайықтаған бір жаттығуы бар. Алдымен 70 келі, содан кейін дереу 120 келі, одан кейін 140, 160 келі көтеріп, денесін жылдам дайындайды. Соған сенеді. Жұрттың бәрі жаттығуға кірісіп кеткенде, Дидзбалис, Седов үшеуі ғана қалды. Ақыры ол екеуі де шыдай алмады. Алаңсыз отырған Қыдырбаевты көздерімен бір жеп алып, зілтемірге беттеді.

Жасұлан терең демалды. «Бұл – бірінші жеңісім» деп түйді ішінен. Сосын орнынан асықпай тұрып, өзіне арналған тұсқа барды. Бапкерлер алғашқы мүмкіндікке 175 келі межелеген екен. Артық-кем демеді, үнсіз дайындалды. Бұл салмаққа бірден тәуекел еткендер төртеу ғана. Солардың ішінен Адриан Зелинскидің жолы болмады. Олимпиада чемпионы екі рет ортаға шыққанмен, 175 келі ырқына көнбеді.

Майдан ортасында

«Дайындалып отырсын – Жасұлан Қыдырбаев, Қазақстан!» деген жүргізуші дауысы естілгенде, Жасұлан тез серпілді. Ішінде от ойнап тұр. Залға шыға келіп еді, жанкүйер шуынан құлағы тұнды. Мына адамдардың бәрі өзіне болысып отыр ғой. Қандай керемет! Зілтемірге Жақындап келіп алға қарағанда, қарсы тұстан әкесі Балғабайды, анасы Айманды, кішкентей қызы Мәриямды, жарын көрді. Әкесі көзіне тура қарап отыр екен. Мәриям кішкентай алақанын көтеріп, қолын бұлғап қояды. Жасұлан сәл сасқалақтап қалды. Бірақ бойын тез жиды. Сөйтті де, зілтемірді жұлып алды.

Спортшы үшін, әсіресе ауыр атлет үшін бірінші мүмкіндікті дұрыс пайдаланудың маңызы өте зор. Жасұлан физикалық қана емес, рухани дайындығының күшті екеніне көз жеткізіп, жарыс тұғырынан жеңіл түсті. Бұл кезде Зелински үшінші мүмкіндігінде 176 келіні көтере алмай, жарыстан мүлде шығып қалды. Бірақ негізгі қарсыластарының бірі сәтсіздікке тап болғанына Қыдырбаев қуанған жоқ.

Бапкерлер екінші ұмтылысқа 179 келіні белгілепті. Оны да көрейік. Ортаға шыққанда жақындарының көзіне қарамай, Жасұлан бұл салмақты да жеңіл бағындырды. Седов бірден 180 келіге тапсырыс беріпті. Оны еркін алды. Үшінші мүмкіндікте Қыдырбаевтың алдында 182 келі зілтемір тұрды. Бұған дейінгі екі талпынысын жеңіл іске асырғанына қуанды ма, Жасұлан асығып кетті. Иығын басқан зілтемірді төбесіне көтеріп, орнынан тұра бергенде, өкшесі көтеріліп кеткенін сезді. Мұндай жағдайда зілтемір алға кетіп, ұстап тұру қиынға соғады. Алға жетелеген темірді ырқына көндірсе де, Жасұлан сәл оңға бұрылып, қажетті уақыт бойы тік тұрғандай көрінді. Бірақ төрешілер есепке алмады.

Дидзбалис – 185 ұпаймен, Седов 188 келімен тоқтады. Бапкерлер құрамы Жасұланның Дидбалисті қатты ұзатып алмағанына көңіл тоғайтты. Алты келі деген серпе көтеру үшін түк емес.

Тұғырға шығарған тәуекел

Екінші бағдарламада Қыдырбаев 215 келіге тапсырыс беріп қойып, қарсыластарының өнерін асықпай тамашалады. Киреев 214-ті, Стрельцов 216 келіні алды. Томаш Зелинскиге тіпті 214 келі ауыр соқты. Жұлқа көтеруде 15 орында қалған қытай Лю Хао жүлдеге ілінудің соңғы мүмкіндігі қалғанын сезіп, 215-ке бірден тәуекел етті. Седов 215 келіні бірден ала алмағанмен, екінші талпынысында бәрібір тік көтерді. Дидзбалис әлсіз тұсы осы бағдарлама екенін дереу аңғартты. 214 келіні алғанмен, кейін 218-ге екі рет ұмтылып, жігері құм болды. Ол енді қолда тұрған қоласының уыстан сусымауын тілегені сөзсіз.

Жасұлан 215 келіні қаншалық еркін алса, бапкерлерін соншалық сендіре түсетінін сезінді. Иә, қанша ширығып тұрса да, жарыс тұғырында бәрін ақылына көндіріп, белгіленген салмақты жақсы көтерді. Жаттығу залына оралғанда, Тойшан ағайының: «Қалай, Жасұлан, енді қандай салмақ берейік?» – деген сұрағына: «Бәріне дайынмын, аға!» – деді сеніммен.  

Седов 219 келіні бағындырған соң, оның алтынға жолы ашық екені айқын еді. Стрельцов пен Киреев 224 келіні еңсере алмай, жүлдеден үміт үзді. Лю Хао 221 ұпаймен тоқтады. Жасұлан да осы салмақты ырқына көндірді.

Бұдан кейін ортаға шықпай-ақ қойса да болар еді. Өйткені межелеген қола қолда тұр. Седовтан асыра көтеру үшін 229 келіге тапсырыс беруге тиіс. Отандасымен бірдей ұпай жинаса, Седовтың салмағы сәл жеңіл, бәрібір алтын соған бұйырады.

Жасұлан 229 келіге тәуекел етті. Дәулет ағайы жанұшырып жүр. Біресе аяғын уқалайды, біресе орамалмен бетін желпиді. Бүкіл зал қызық күтіп, тына қалған. Жасұлан ортаға беттеді. Іштей дұғаны мың мәрте қайталап, Жаратушыға сыйынып келеді. Жарыс қарсаңында бапкерлерімен келісіп алғанына шүкірлік етті. Олар да азамат екен, бетін қақпай, уәде бойынша үшінші мүмкіндікті мұның өз қалауына қалдырып отыр.

Ешкімге қараған жоқ. Ешкімді көрмеді. 229 келі тартатын зілтемірді тік көтергенін біледі. Төрешілер мақұлдай салып, сом темірді жерге атып ұрды да, дуылдай қуанған жұртпен бірге алақайлады. Бірақ өзіне-өзі тез келді. «Маған осынша нығмет бұйыртқан Аллаға мың шүкір» дегенді іштей қайталап, маңдайын жарыс тұғырына төседі.

Жасұлан Қыдырбаев – әлем чемпионы! Бұл жаңалық сол сәтте-ақ әлемнің түкпір-түкпіріне тарап жатты!