Жақында Ақтау қаласында бокстан Шоқыр Бөлтекұлын еске түсіруге арналған халықаралық жарыс аяқталды. Қазақстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан жетпістен астам боксшы чемпиондық атақты сарапқа салды.

Турнир жеңімпаздары: Азат Махметов (Нұр-Сұлтан, 52 келі), Серік Теміржанов (Павлодар, 57 келі), Бахадүр Усманов (Тәжікстан, 63 келі), Сұлтан Шаршов (Маңғыстау, 69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Жеңіс Нұрас (81 келі), Бек Нұрмағанбет (91 келі), Мұхамеджан Еркін (+91 келі, Атырау).

Бұл жарысқа Қазақстан құрамасының мүшелері Қайрат Ералиев (57 келі), Ілияс Сүлейманов (57 келі), ағайынды Санатәлі және Саматәлі Төлтаевтар, Зәкір Сафиуллин (63 келі), Бекдәулет Ибрагимов (63 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Ерік Әлжанов (75 келі), Айболды Дәуренұлы да (+91 келі) қатысқан еді. Алайда Қ.Ералиев іріктеу кезеңінде Саматәлі Төлтаевтан 2:3 есебімен жеңілді. Саматәлі жартылай финалда С.Теміржановқа 0:5 есебімен есе жіберді. І.Сүлейменов іріктеу кезеңінде қостанайлық Айдос Араповқа жол берді (2:3). Б.Ибрагимов ақмолалық Сабыржан Бекбергеновтен төрешілердің аралас шешімімен (2:3) жеңілсе, Санатәлі Төлтаев Ділмұрат Мижитовтен (Алматы облысы) айла асыра алмады. Ал Мижитовтен басым түскен З.Сафиуллин жартылай финалда тәжікстандық Б.Усмановпен жекпе-жекке шықпады.

Жұрт асыға күткен бәсеке 75 келі салмақ дәрежесінің финалы еді. Биыл иық жарақатын жазып үлгермей, Азия чемпионатынан да, әлем біріншілігінен де тыс қалған Ә.Аманқұл басты қарсыласы Т.Құлахметті күмәнсіз жеңіп кетті (5:0). Құлахмет биыл Азия чемпионы атанып, әлемдік додада қола жүлде иеленген еді. Әбілхан жартылай финалда Е.Әлжановтан да 4:1 есебімен басым түскенін айта кету керек. А.Дәуренұлы финалда атыраулық М.Еркінге есе жіберді.

Енді жыл соңына дейін боксшылар Қарағандыда өтетін халықаралық Ғ.Жарылғапов турниріне қатысады. Ал олимпиадаға іріктеу сыны Азия аумағында ақпан айында өтеді. Қазір бірінші нөмірлі боксшылар осы бәсекеге қызу дайындық жүргізіп жатыр. Іріктеу турнирі бірінші рет АИБА емес, Халықаралық олимпиялық комитеттің бақылауымен өтеді.

Іріктеу сындарына қандай боксшылар баруы мүмкін? Соңғы нәтижелелерді сараптай отырып, негізгі үміткерлерді санамалап шығуға болады:

52 келі. Бұл салмақта биылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы) үш іріктеудің біреуіне сөзсіз қатысады. Сәкен – жас, күннен-күнге тәжірибесі толысып келе жатқан боксшы. Азат Махметов, Олжас Байниязов сияқты былғары қолғап шеберлері де құрама сапында. Көктемдегі Азия чемпионатында Әнуар Мұзапаров табысты өнер көрсете алмады, дегенмен ол да үміткер ретінде тізімнен сызылған жоқ. Құраманың ардагер боксшысы Теміртас Жүсіпов (49 келі) осы салмаққа көтерілуі де мүмкін жағдай.

57 келі. Қайрат Ералиев биылғы Азия біріншілігінен де, әлем чемпионатынан да олжалы орала алмады. Дегенмен бұл салмақ дәрежесінде І.Сүлейменов те, Н.Қалжанов та аса сенімді боксшылар санатында емес. 60 келіде өнер көрсететін Саматәлі Төлтаев олимпиада жолдамасы үшін салмақ қууға кірісп кеткенін осы Ш.Бөлтекұлы турнирінде байқатты.

63 келі. Мәселесі шешілмей тұрған салмақ дәрежесінің бірі осы. Б.Ибрагимов, Санатәлі Төлтаев, З.Сафиуллин үшеуін де тең дәрежелі үміткер санауға болады, дегенмен оларды талассыз бірінші нөмірлді санауға бола қоймас. Оның үстіне, Зәкір биыл Азия чемпионатына 60 келі салмақта қатысты.

69 келі. 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов осы салмақта талассыз көшбасшы саналады. Іріктеу турнирінде Абылайханға әуелгі мүмкіндік берілетіні осы бастан айқын. Дегенмен талантты боксшы Асланбек Шымбергеновті де санаттан шығарып тастауға болмайды.

75 келі. Әбілхан Аманқұл иығынан жарақаттанып жатқанда, Тұрсынбай Құлахмет бұл салмақта өзін өте жақсы көрсетті. Азия чемпионатында өзбектердің үстемдігіне қатты тойтарыс берген де – осы Тұрсынбай. Бірақ бәрібір Әбілхан аса талантты саналады. Тіпті Құлахмет-Аманқұл текетіресінде Әбілханның әлдеқайда басым екені жайлы мамандар арасындағы әңгіме де жоқ емес. Ол жарақатынан толық айықса, шынында да өз салмағының жалаугері болатыны күмәнсіз сияқты. 81 келіден қайта төмендеген Ерік Әлжанов та Ш.Бөлтекұлы турнирінде Аманқұлдан жеңіліп қалды.

81 келі. Е.Әлжанов, Б.Нұрмағанбет секілді боксшылар осы салмақта көшбасшылыққа кезек таласып жүргенде, ақтаулық Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы атанып, мәселеге нүкте қойғандай болды. Дегенмен Бекзаттың аз уақыт бұрын ғана 91 келіде өнер көрсеткенін ұмытпауға тиіспіз. Ал Б.Нұрмағанбет Бөлекұлы турнирінде 91 келіде бақ сынап, жеңімпаз атанды. Демек, 81 келіде Нұрдәулетов жолдамаға әуелгі іріктеу жарысында таласатын болса, оның негізгі қарсыластары салмақтарын я төмендетуі, я өсіруі мүмкін.

91 келі. Василий Левит 2018 жылы Азия додасында жалғыз алтын алып, қазақ боксының абыройын сақтап қалғандай еді. Алайда жыл айналғанда, құрлық додасының жартылай финалында ол есімі көпке белгісіз кореялық Ким Хиоң Кудан нокаутпен жеңілді. Әлем чемпионатының жартылай финалында Левитті төрешілер аяқтан шалды. Осы жағдайлардан кейін Василийді күмәнсіз бірінші нөмірлі боксшы санауға қорқақтап та қалғандаймыз. Бірақ оның орнын басып, жұлқынып тұрған үміткер және жоқ. Б.Нұрмағанбет бұл салмаққа енді бой үйретіп келеді, Б.Нұрдәулетов 81 келіге тұрақтап қалатын секілді.

+91 келі. А.Дәуренұлы, Нұрсұлтан Аманжолов сияқты жастар әредік бой көрсеткенмен, аса ауыр салмақта құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаевтың іріктеуде басты үміткер болатыны күмән тудырмайды. Бірақ Қоңқабаев соңғы кездері өзбек Баһадүр Жалоловтан аса алмай жүр. Азия чемпионатының  және әлемдік доданың ақтық бәсекелерінде Жалолов Қамшыбектен анағұрлым шебер ойын көрсетті. Дегенмен Қоңқабаев бұған дейін олимпиадаға қатысып көрген жоқ. Рио додасынан бергі төртжылдық циклда екі дүрікін әлемнің вице-чемпионы атанып үлгерген боксшыны ардагер деуге де болмайды. Демек, Қоңқабаев алдағы іріктеуге бірінші болып аттануға тиіс.