Геннадий Головкиннің жеңіс жолы осы күні спортсүйер қауымды таңдай қақтырып жүр. Кім жолықса да, жанкүйерлер ең əуелі «Головкин ұта ма?» деп емес, «қарсыласы қай раундта құлар екен?» деп болжам жасайтын жағдайға жетті. Кəсіпқойлар арасындағы 35 кездесудің 32-сін нокаутпен жеңу оңай-оспақ шаруа емес. «GGG бұған дейін ешқандай мықты боксшымен жұдырықтасқан жоқ, өңшең əлсіздерді ұрып жығумен атын шығарып жүр» дегендердің қатарында кім жоқ дейсіз? Бизнесмен-боксшы кіші Флойд Мейуезер де, Андре Берто да, Карл Фроч та… Бірақ жеме-жемге келгенде, яғни жекпе-жекке бетпе-бет шақырғанда да ешқайсысы сөзінде тұра алған жоқ. Головкиннің осы жеңіс жолы қалай басталып еді?

ӘУЕСҚОЙЛАРДЫҢ БАРЛЫҚ ЖҮЛДЕСІ БАР
Ол əуелі əуесқойлар арасында жарқырап көзге түсті. Осындай талантты боксшы өсіп келе жатқанын 2000 жылдардың басында құлағымыз шалатын. Бірақ ол кезде жұрт назары Сиднейде атой салған төрттікке басыбүтін ауып, олимпиаданың екі алтын, екі күмісінің буы шалқытып жатқан-ды. Головкин бұл кезде Будапештте (Венгрия) өткен жастар арасындағы əлем чемпионатында дара шығып, ересектер боксына жан-жақты дайындығын пысықтап жатты. Ұлттық құрамадан Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов, Данияр Мұңайтпасов сияқты мықтылар кетіп, Бекзат Саттарханов қайтыс болып, буын алмасу үдерісі еріксіз бой көрсеткенде, Головкин сақадай-сай болып, бұрынғы көшбасшыларды жоқтатпауға бел шеше кірісті. Бас-аяғы төрт жыл ішінде, яғни бір олимпиялық циклда ол Шығыс-Азия ойындарын, Азия ойындарын, Азия чемпионатын ұтып алды, əлем чемпионы атанды, олимпиялық ойындар мен əлем кубогының күміс жүлдесін жеңіп алды. Сондықтан 2005 жылдың соңында кəсіпқой боксқа ауысатынын мəлім еткенде, ешкім «мұның теріс» деген жоқ. Қазақ боксының тарихында əуесқой бокста да, кəсіпқойлар арасында да тамаша табыстарға жеткен Василий Жировтың үлгісі бар еді.
АЛҒАШҚЫ ҚИЫНДЫҚТАР
Гена бастапқы келісім-шартын Германияның «Юниверсум» компаниясымен жасады. Алайда азуын айға білеген оғланды əр жекпе-жек сайын биікке жетелеуге тиіс компания үдеден шыққан жоқ. Головкин 4 жылға жуық уақытын ортаңқол боксшылармен көбірек жұдырықтасып өткізіп алды. Шынын айтқанда, егер қарағандылық батыр «Юниверсумның» қанатының астында қала берсе, біз қазіргі Головкинді мүлде білмеген болар едік.
Мəселенің басын бірден ашып алайық. Геннадий Головкин сынға орта салмақ дəрежесінде түседі. Бұл – біздің ұғымымызға сəйкестендіргенде, 70-76 келі салмақ дəрежесі аралығы. Қарсыластың немесе чемпиондық атағы сарапқа салынатын нұсқаның талап-тілегіне орай салмақ дəрежесі 1-2 келіге не ары, не бері жылжуы да мүмкін. Сондықтан «Головкин қарсыласымен 160 фунтта жұдырықтасатын болыпты» дегенге саятын ақпарат оқысаңыз, еш таңданудың қажеті жоқ.Геннадий əуелгі қарсыластарын шемішкеше шақты да отырды. Бұл орта салмақ дəрежесіндегі түрлі нұсқалар бойынша рейтингте алға жылжудың қамы еді. Головкин 2006 жылдың 6 мамырында Дюссельдорф (Германия) қаласындағы «Бург Уоштер Кастелло» аренасында кəсіпқойлар арасындағы алғашқы кездесуін өткізіп, венгриялық Габор Балогты І раундтың 1 минут, 28 секундында нокаутқа түсірді. Промоутерлер Генаның кəсіпқойлар шаршы алаңындағы алғашқы қадамы өте сəтті болуын қалады ма, əлде сол кездегі лайықты қарсылас сол ғана болды ма, əйтеуір өзінің спорттық ғұмырында бар-жоғы 3 рет жеңіске жеткен, 112 (!) рет ұтылған Габор біздің батырдың кəсіпқой рингтегі «бетін ашты». Алғашқы минуттан-ақ қарсыласының бет-жүзін жақсылап зерттеп алып, Гена екінші минуттың ортасына қарай сол қолмен тік соққы, іле оң қолымен күшті джеб жұмсады. Балог қырынан құлады. Рефери сегізге санағанда орнынан көтерілмек болғанмен, денесі өзіне бағынған жоқ. Онға санағанда орнына тұра беріп, ол қырынан қайта құлады. Төрешінің қанатын жаза белгі бергенін көре салып, Гена қарсыласының жанына жүгіріп барды. Тіпті тұруға көмектеспек те болды. Ең қызығы, өзінің алғашқы кездесуінде де Гена ақ шолақ шалбармен шығып, беліне қазір бүкіл əлем білетін GGG таңбасын жазып алған екен. Міне, жеңіс жолы осылай басталған-ды.
АТАҚСЫЗ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕР
2006 жылдың соңына дейін Головкин тағы 5 кездесу өткізді. Мамыр айынан жыл соңына дейін 6 рет жекпе-жекке шығу, шынында да, тамаша көрсеткіш. Майқұдықтың ұлы 29 шілде күні – Сергей Наварканы (Беларусь, ІІІ раунд), 22 тамызда – Даниель Урбанскиді (Польша, IV раунд), 19 қыркүйекте – Мартинс Кукулисті (Латвия, ІІІ раунд), 21 қазанда – Хорхе Ариель Гарсияны (Аргентина, ІІ раунд), 2 желтоқсанда Сильвен Гомисті (Сенегал, IV раунд) айқын басымдықпен ұтты. Алты қарсыластың үшеуі техникалық нокаутпен жеңілсе, үшеуі таза нокаутқа кетті. Қысқа қайырғанда, Головкиннің екпіні тау жыққандай еді.
Алайда осыны көре тұрып, «Юниверсум» Головкинді 2010 жылдың тамызына дейін босқа терлетті. Яғни, ешбір əлемдік титул үшін жекпе-жек ұйымдастыра алған жоқ. Тіпті 2006 жылдан кейін жылына небары 2-3 кездесумен ғана шектеп отырды. Отандасымыз 2007 жылы Сергей Хомитскийден (Беларусь), Мехди Буадладан (Франция) жəне Тшепо Машегодан (ОАР) басым болды. Буадламен 8 раундтық кездесу ғана уақтылы аяқталды, төрешілердің барлығы Головкиннің жеңісін мақұлдады. 2008 жылдың мамырына дейін Гена 12 кездесуін тек Германияда өткізді. Бұл да промоутерлік компанияның қателігі еді. Головкин сияқты алмас қылышты қап түбінде сақтай бергенмен, оның бəрібір жата бермесі анық болатын. 2008 жылы Головкин 4 кездесу өткізіп, екеуін (Ян Гарднер жəне Амар Амари) – төрешілердің бірауыздан шешімімен, біреуін (Ибрагим Сид) нокаутпен жеңді, ал Мəлік Дзиарра (Беларусь) ІІ раундта жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Амаримен кездесу ғана Германиядан сыртта, Брондбю қаласында (Дания) ұйымдастырылды.
2009 жылғы 4 кездесу де Головкиннің күмəнсіз жеңісімен аяқталды. Ол аргентиналық Хавьер Альберто Маманиді І раундта техникалық нокаутпен жеңді, Энтони Гриниджді (АҚШ), Джон Андерсон Карвальюді (Бразилия) жəне Михаил Макаровты (Ресей) таза нокаутқа жөнелтті. Карвальюмен жекпе-жекте Головкин өзінің тұңғыш атағына қол жеткізді: орта салмақта WBO нұсқасы бойынша құрлықаралық чемпион атанды. Макаров болса, оған дейінгі 10 кездесуде де қарсыласын ұтып келген-ді, Головкиннің соққысынан ІІ раундта «ұйықтап қалды». 2010 жылы бар-жоғы екі кездесу ұйымдастырылды. Панамада WBА нұсқасы бойынша бос əлемдік титул үшін өткен кездесуде Головкин колумбиялық Милтон Нунесті небары 58 секундта таза нокаутқа жіберді. 16 желтоқсанда Астанадағы «Дəулет» кешенінде отандасымыз өз атағын бірінші рет сəтті қорғап, колумбиялық Нильсон Хулио Тапианы ІІІ раундта естен тандырды.
ОУМАДАН БАСТАЛҒАН ДАРА ЖОЛ
2011 жылы Головкин «Юниверсуммен» атқұйрығын кесісті. Бірақ бұл өте ұзақ əрі жүйкеге салмақ түсіретін шара болды. Неміс компаниясы қолдағы алтынының қадірін енді ғана түсініп, өздерінде ұстап қалуға жанталасқанмен, түк шыққан жоқ. Жылдың жартысына дейін Генаның шаршы алаңға шықпағаны да содан. Ақыры Гамбург соты Головкинді еркін боксшы деп жариялады. «Юниверсум» қате мəлімдеме таратып, «сот біздің сөзімізді сөйледі» дегенмен, бəрібір сол жылдың қараша айында Гена басыбүтін «бостандыққа» шықты.

Міне, қарсыластарының бəрін қоғадай жапырып келе жатқан қарағандылық боксшыдан мықты қарсыластардың айналып қаша бастағаны да осы кез. Гена қарсылас таппай қиналатын жағдайға жетті. WBA нұсқасы бойынша чемпиондық атақтан угандалық Қасым Оуманың дəмесі барын естігенде, Головкинді алқаушылар алақанын ысқылап дайындыққа кірісті. Өйткені, Оума Генаның бұған дейінгі қарсыластарының бəрінен беделді жəне атақты еді. Бұған дейін ол қарсыласынан тек бір рет ұпай санымен ұтылып, сосын америкалық Джо Гилбертті нокаутқа түсірген-ді. Осыдан кейін ол Головкиннің атағына бірден-бір үміткер ретінде тіркелді.Бұл жекпе-жек Геннадийдің өмірін өзгертті. Ең алдымен жекпе-жек өтетін Панама қаласына Головкин командасы зор азаппен жетті. Рейстер қайта-қайта кешігіп, өздері де үлгермей, жүгі басқа рейспен кетіп, Гена жолға екі күнін сарп етті. Ол салмақ өлшеу рəсіміне əзер үлгерді, бір минут болса да жаттығуға уақыт таба алған жоқ. Сақалы өсіп, бет-жүзі əлемтапырық болып кеткен отандасымыз бəрібір сыннан бас тартқан жоқ. Жекпе-жек 10 раундқа созылды. Бұрынғыдай емес, Гена қарсыласына бірден тап бермей, бірсыдырғы жұдырықтасып, жанкүйердің төзімін тауысып жүріп алды. Тіпті өзі де көп соққы жіберді.
Алайда 10 раундқа дейін Оумадан түк қалмаған еді. Көздері ісіп, қолын ебедейсіз сермеп, «жүзіп» кеткен-ді. Жекпе-жектен кейін Қасым бірден аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Сосын шаршы алаңға қайта мүлде шыға алмай, спорттық ғұмырына нүкте қойды.
ҚАШҚАН ҚАРСЫЛАСТАР, ҚУҒАН ГЕНА
Бұдан кейін Головкин америкалық Лахуа Саймонды І раундта нокаутқа жөнелтіп, бұрынғы атағына қоса ІВО нұсқасындағы чемпиондық атаққа қол жеткізді. 2014 жылдың шілдесіне дейін ол WBA жəне ІВО нұсқалары бойынша чемпиондық атақтарын тиісінше 11 жəне 8 рет сəтті қорғады. Головкиннің мықты нокаутшы екенін Макото Фучигами (Жапония), Гжегож Прокса (Польша), Габриель Росадо (АҚШ), Нобухиро Исида (Жапония), Меттью Маклин (Ұлыбритания), Көртис Стивенс (АҚШ), Осуману Адама (Гана), Даниел Гил (Австралия) талассыз мойындады. Маклин мен Исида таза нокаутқа түссе, Стивенстен басқасы раундтардағы нокдаундардан ес жия алмай, техникалық жеңіліске душар болды. Ал жекпе-жек алдында Генаны қоймай балағаттап, тіпті «өлтіремін» деуге барған Стивенс ІІ раундта жер жастанып жатты. Оның секунданттары жағдайдың жақсы бола қоймайтынын мойындап, жалғастырудан бас тартты.
2014 жылдың 18 қазанында Головкин-Рубио жекпе-жегі назар аударды. Бұл кездесуде бұрынғы атақтардан бөлек, Марко Антонио Рубионың WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпион атағы да таразы басында тұр еді. Алайда Гена тағы да ұзатпай, ІІ раундта Рубионың аяғын көктен келтірді.
2015 жылдың 21 ақпанында Головкиннің барлық атағына ұлыбританиялық Мартин Мюррей көз алартты. Аса тартысты кездесу Монте-Карлода (Монако) өтіп, Мартин екі рет нокдаун алса да, ХІ раундқа дейін шыдады. Бірақ Головкиннің бастан айналдыра ұрған соққысы бəрібір Мюррейді тұралатып тастады. Мамыр айында Вилли Монро Головкиннің соққыларына  6 раунд төтеп беріп, екі рет нокдаун алды, ақыры жеңілгенін мойындады. Қазан айында Генаны Давид Лемье жекпе-жекке шақырды. Тұңғыш рет Головкиннің қатысуымен PPV жүйесі арқылы (ақылы көрсетілім) өткен кездеуде Лемьенің IBF нұсқасы бойынша чемпион атағы да таразы басында тұр еді. V раундта бір рет нокдауннан айыққан Лемьені VIII раундта GGG-дің толассыз соққыларынан төреші ғана құтқарды. Анықтап қараған адам Лемьенің соққыдан бір бой тасалаған сəтте төрешіге жалына қарағанын да аңғарар еді. Сөйтіп, Геннадий Головкин өзінің чемпиондық атақтарына жаңа нұсқаның теңдессіздігін де қосты. Биыл Головкин бір кездесу өткізіп, IBF нұсқасы бойынша чемпиондықтан үміткер Доминик Уейдті ІІ раундта нокаутпен ұтты.
Өкінішке қарай, Головкин WBC нұсқасының уақытша чемпионы атағын 4 рет сəтті қорғаса да, осы нұсқаның толыққанды чемпионы Сауль «Канело» Альварес (Мексика) кездесуге асығар емес. Əрбір қарсыласын «жер жастандырған» сайын Гена оны жұдырық түйістіруге шақырудан шаршады. Альварестің қырық сылтауы бар. Ол Əмір Ханды жеңген соң, Головкиннің тілегін қабыл алғандай болды. Мамыр айының соңына дейін Альварестің командасы нақты шешімге келмеді де, Бүкілəлемдік бокс кеңесі (WBC) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы GGG-ге көшті.
Міне, даңқты отандасымыздың жеңіс жолы осындай. Қазір ол – бокс əлемінің ең танымал тұлғаларының бірі. Əрбір жекпе-жегі үшін миллион доллардан артық сыйақы алатын дара дарын. Жекпе-жекке қазақы шапан киіп шығып, Əнұранымызды асқақтатып жүрген дарабоз енді чемпиондық атақты ең ұзақ қорғаған боксшы ретінде тарихқа енгісі келеді. Қарсыластарын нокаутпен ұту көрсеткіші бойынша да ол мықтылардың бəрінің алдын орап кетті.Біз болсақ, Генаның келесі құрбандығы кім екенін күтуден ғана шаршап жүрміз.

 

(«Ақ желкен» журналы, №5, 2016 жыл)