Әдетте біз мұхиттың арғы бетіндегі боксшыларымыздың табысын жиі жазамыз, таныстырамыз, сүйіншілейміз. Ал сүрінген боксшыларымыздың халі нешік? Оларды қандай жол күтіп тұр? Биылғы 31 наурызда Филадельфияда (АҚШ) супержеңіл салмақта отандасымыз Асқат Уәлиханов Хосе Лопеске (Пуэрто-Рико) есе жіберді. Асқаттың алты раундты аса ауыр өткергенін бәріміз көрдік. Келесі кезеңде оның бұрышы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. «Астана Арланс» сапында жақсы танылған, кәсіпқой бокста соңғы кездері қадамы нықтала бастаған боксшыға не болды? Алыпқашпа әңгімелерге өзі қалай қарайды? АҚШ-та жүрген әріптесіміз Уәлихан Қосанбай арқылы Асқатпен байланысқа шығып, біраз нәрсеге қанықтық.
—Наурыз айының соңында пуэрториколық Хосе Лопестен жеңілдің. Осы жекпе-жек туралы сөз өте көп. Өзің басын ашып айтып берсең дейміз. Жетінші раундқа шыға алмаған себебің неде?
-Жекпе-жек алдында сырқаттанып қалдым. Шаршы алаңға қызуым көтеріліп шықтым. Кестеге енген соң, жекпе-жектен бас тартуға болмайтын еді. Жетінші раундқа да шығар едім. Бірақ жағдайымды көрген менеджерім Эгис Климас тоқтатуға бел буды. Иә, білемін, біреулер мені дайындалмады дейді, біреулер алысқа шаппайды дейді. Бұл кездесуге мен екі ай дайындалдым. Бәрі жақсы болды. Ағзамның неге осылай реакция бергенін өзім де түсінбей қалдым. Салмақ өлшеу рәсімінен кейін ауырдым да қалдым. Түнімен ұйықтамай шықтым. Мадияр Әшкеев досым куә. Иә, жеңілдім, еш ақталмаймын. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Бұл да Жаратушының бізге жіберген сынағы шығар.
—Лопесті жеңуге болар ма еді?
-Әрине, болады. Әрбір қарсыласты тізе бүктіруге болады. Мен өзіме сенемін. Алдағы уақытта жолымыз түйісіп жатса, бет қаратпай жеңетініме сенімдімін.
—Жекпе-жектен кейін ауруханаға жатып шықтың ба? Дәрігерлер қандай себеп тауып отыр?
-Ауруханаға жатқаным жоқ, барып тексерілдім. Қаным ұйып қалған болып шықты. Қызуым да түспеді. Түрлі укол-системалар алып, бір күн қаралып шықтым. Содан бері дәрігерлер берген дәрілерді ішіп, әлі де қалпына келтіру шараларын атқарып жатырмын.
—Бұл жекпе-жектен кейін рейтингтегі орның нашарлағаны анық. Менеджерің қалай қабылдады? Ол енді сенен сырт айналып кетпей ме?
-Менеджермен әлі толық сөйлеспедім. Бәрі де мүмкін. Сырт айналуы да ғажап емес. Өйткені, бұл – бизнес. Екі жеңілісі бар боксшы кімге керек? Сондықтан қайтадан тынбай еңбектенуім керек. Бірақ Эгиспен жақын арада әңгімелесемін. Қазір демалып жүрмін. Ештеңе ойламауға тырысамын. Қазақ айтатындай, болар іс болды, бояуы сіңді. Бәріне көнеміз, бәрін де көреміз.
—Әдетте кәсіпқой бокста жеңілісі бар боксшының еңсе көтеруі қиындау. Оларды жаңа бастап келе жатқан мықты боксшылардың статистикалық көрсеткішін жақсарту үшін пайдалануы да мүмкін. Саған сондай қауіп үйірілуі ықтимал ма? Биікке шығу үшін енді не істеу керек?
-Көтеретін де, түсіретін де – бір Алла. Біреулердің қолжаулығына айналамын деп ойламаймын. Бұрынғыдан бірнеше есе жақсы еңбектенуім керек. Сол еңбекке қарай өтеуі де болмай қоймайды. Ең бастысы, түзу жолмен жүріп, алға қойған бағыттан айнымауға тиіспін. Иә, бәрін басынан бастауым керек. Одан қорқып тұрғаным жоқ.
—Асқат, кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамың сәтсіз басталғаны есімізде. Мексикалық Даниель Бастиенге гонгтан кейін соққы жұмсадың деп айыпталдың. Жолыңның осылай қалыптасқаны ауыр соқты ма?
-Бәрі менің гонгтан кейін соққанымды айтады. Ол кезде мен гонгтан кейін емес, «стоп» деген команданы естімей қалып барып ұрдым. Әрине, бұл оқиға кәсіпқой бокстағы жолыма кесірін тигізді. Бірақ оған бола қатты қапаланғаным жоқ. Бұл – менің көруге тиіс нәрсем, солай болуға тиіс оқиға. Оны біз шешпейміз.
—Жалпы Америкада кәсіпқой бокс әлемі шынында да қатал ма? Қандай ой түйіп жүрсің?
-Аса қатал демес едім. Қайталап айтайын, кәсіпқой бокс – ең алдымен, бизнес. Жақсы көрініп, жақсы ақша тауып жатсаң, бәрі де жақсы болады. Телеарналардан, басқа да қаржы құйылатын жерлерден саған сұраныс болса, жаман болатын ештеңе де қалмайды.
—Э.Климастан кетер болсаң, басқа қай менеджерге барар едің? Өзің бұл мәселеде қадам жасап жатқан жоқсың ба?
-Климастан кету ойымда жоқ. Алдағы уақытта белгілі болады. Бірді-екілі жақсы менеджер бар. Бірақ қазір олардың атын атаудың қажеті шамалы.
—Бәріне қол сілтеп, елге оралғың келетін сәттер бола ма? Әлем чемпионы атансам деген арманыңа қаншалық адалдық танытып жүрсің?
-Адам баласы болған соң, ондай ойға берілетін сәттер болмай тұрмайды. «Мұнда не істеп жүрмін?» деп қолыңды бір сілтегің келеді. Бірақ «әлем чемпионы боламын» деген мақсат қазір бәрін тоқтатып тұр.
—Жалпы, мұхиттың арғы жағында жүріп-тұруыңа көп қаржы қажет. Кім көмектесіп жатыр? Кәсіпқойлар арасындағы жеті кездесуде тапқан табысың әлі бәрін ақтай қоймаған болар?
-Америкада бәрі қымбат. Ағаларым бар, бірақ айтарлықтай ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Өзіммен бірге бір менеджердің қанатының астында жаттығып жүрген бауырларым Мейірім Нұрсұлтанов, Мадияр Әшкеев, Сағадат Рахманқұлов, Бабыржан Момынов жәрдемін аяған емес. Үнемі қаржыны үнемдеп жүремін. Кәсіпқой бокстағы кірісім шығынымды әлі ақтаған жоқ.
—Қазір нақты қандай жоспарың бар?
-Қазір оразадамын. Рамазан айынан кейін жаттығуға кірісемін. Сол кезде бәрі анықталады. Климаспен де дұрыстап сөйлесемін. Мақсатымнан бас тартпақ емеспін. Мұсылман баласымыз, тағдырға сенеміз. Қазір Лос-Анжелес қаласының Нортридж ауданында тұрып жатырмын. Жаттығу залы да осында. Өзіміздің жігіттер Бадди МакГирттің қол астында жаттығып жүр. Мен де осы жаттықтырушымен жұмыс істеуге пейілдімін.
Сұқбаттасқан Есей Жеңісұлы