(Жалғасы. Басы өткен санда)

– Ұлттық құрамаға дейінгі жолды Бекзат өте жылдам жүріп өтті. Сіз осылай болатынына сендіңіз бе? Ол кезде ұлттық құрамада бірінші нөмірлі боксшы Бақтияр Тілегенов еді. Құрама бапкерлері ішінен қай маман Бекзатқа алғаш назар аударды?

– Жасөспірімдер арасынан ересектерге өту үшін екі жылдай уақыт керек. Біз 1998 жылдың соңына қарай Қарағандыда өтетін Ғ.Жарылғапов турниріне дайындала бастадық. Оның мәртебесі Қазақстан чемпионатымен теңестірілді, яғни олимпиадаға іріктеу кезеңінің дайындығы іспетті болды. Бекзатқа ересектер арасындағы алғашқы табыс осы сында келді. Ол күміс жүлде иеленді. Финалда халықаралық дәрежедегі спорт шебері Б.Тілегеновтен (Тараз) жеңілді. Сөйтіп, ұлттық құрама сапына қабылданды. Ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшы болу да аз жетістік емес еді. Ол кездерде Б.Ниязымбетов, Б.Әбубәкіров, Н.Сманов сияқты мықты боксшылар спорттан кетіп жатты. Біздің алдымызда құрамадан тұрақты орын табу және бірінші нөмірлі боксшыға айналу деген нақты міндет тұрды. Тілегеновтен аз ұпай айырмасымен жеңілгендіктен, біздің үмітіміз зор болды.

Үйге қанаттанып қайттық. Барлық мәселені талқыға салып, бірінші нөмірлі боксшы болуға кедергі жасайтын ештеңе жоқ деп шештік. 1999 жылдың қаңтар айында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Бурабайда жаңа құраммен жиын бастады. Бұрынғы құрамның 70 пайызы ұлттық құрамадан орын тапқан-ды. Ересектердің жиыны ақпан айында Алматыда, тауда өтетін болды.

Мен тағы да Д.Костоевке телефон соғып, Бекзатты жалғыз қалдыра алмайтындықтан, жиынға ертіп барғым келетінін айттым. Біздің жаттығуымыз керек. Давид Абдуллаұлы келісім берді. Бірақ Бекзаттың жігіт болғаны, ал жасөспірімдер құрамасындағылардың әлі бала екені туралы да сөз болды. Бекзат олардан бір жарым-екі есе алда болуға тиіс. Шәкіртім сенім үдесінен шықты. Ол ерік-жігерін, дене күшін, арнайы дайындықты, техникалық-тактикалық әзірлікті, мінезін, жауынгерлік қырын күшті дамытты. Біз оңтүстік облыста тұрамыз, қарды сирек көреміз, шаңғы тебе алмайтынымыз да содан. Бекзат бәрібір алған бетінен қайтқан жоқ, үйренем дегенше сегіз жұп шаңғы сындырды. Жиын соңына қарай әбден төселіп алды. Бірақ құраманың шаруашылық меңгерушісі затты бүлдіргеніміз үшін бізге қырын қарағаны да өтірік емес. Саттарханов әлем чемпионатының күміс жүлдегері ғой, сондықтан кешірді. Басқа балалар оған қарап, шеберліктерін өсірді, Бекзатты үлгі тұтты.

Үйге келген соң, мен Бекзатты таудағы жалпы физикалық дайындық жиынына тағы жібердім. Өзім бара алмадым. Оған қатаң тапсырма жүктедім: аяқпен жақсы жұмыс істеу, алға ұмтылу, дереу шегіну, қапталдағы тұрыстан ұрыс кезіндегі тұрысқа ыңғайлы және қайта ыңғайсыз жағдайда тез ауысу, бір қадам артқа, екі қадам алға жасап, түрлі позицияларға орын ауыстыру, қосымша қадаммен секіру. Бұл жұмыстың бәрін аяқ атқарады. Бекзат осыны және негізгі жұмысты істеді. Жиыннан келген соң Бекзат аға бапкер Александр Апачинскийдің оны биші деп атағанын айтты.

Жиын көңілінен шыққан болу керек, Бекзат қуанышты, ырза болып, ересек тартып, күшейіп оралды. Одан кейін біз техника мен тактиканы жетілдіре түстік. Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысы болу міндетін күн тәртібінен түсірмедік. Ортаазиялық халықаралық турнир алдында Алматыда Тілегеновпен спарринг өтіп, Бекзат таза жеңіп алды. Осыдан кейін Тілегеновті құрамадан көргенім жоқ, ол спортпен қоштасып кетті. Ал Саттарханов өз салмағында (57 келі) құраманың бірінші нөмірлі боксшысына айналды.

-Сидней олимпиадасына жолдаманы Бекзат Ташкентте өткен Азия чемпионатында жеңіп алды. Бірақ тағы да финалда ол әділетсіздікке тап болды. Бекзат шаршы алаңнан кеткісі келмеді. Жағдай қалай болды? Олимпиада жолдамасын уысқа түсіргендеріңізге көңіл тоқтаттыңыздар ма, әлде алтыннан айырылып қалғандарыңызға өкіндіңіздер ме?

-Біз Ташкентке қатты дайындалдық. Жанкешті еңбегіміз жемісін берді. Финалға еркін жеттік. Шәкіртім іріктеу кезеңінде Жай Хван Лимді (Оңтүстік Корея) – 6:5, ширеу финалда индонезиялық Режи Раманандты – 6:3, жартылай финалда Мұзаффар Юсупбековті (Қырғызстан) 8:5 есебімен жеңді. Финалда тағы да төрешілер қыса бастады. Жергілікті боксшы Толқынбай Тұрғыновты Бекзат қатты тықсырды, бірақ жеңіс 1:8 есебімен қарсыласына бұйырды. Бұл жолы да төрешілерге өкпемізді айттық, бірақ олар таразы басын кері бұра алмайтынын айтып, азар да безер болды. «Олимпиада жолдамасын алдыңыздар ғой, одан артық не керек?» деді. Бекзат екеуміз қатты ренжідік. Бірақ құрама еншісіне олимпиада жолдамасын қосқанымызға көңіл тоғайттық. Елге келген соң бәрін таразылап, олимпиадаға мақсат қойдық. Турист болып бармауымыз керек, олимпиада алтынын тағынып қайтуға тиіспіз.

2000 жылдың қаңтар айында Қарағанды қаласында кубалықтармен біріккен жиын өтті. Бекзатты үш күн бұрын жіберіп, өзім бір жұмыстармен кейінірек бардым. Келсем, елдің бәрі бізге қарап сыбырлап сөйлейді. Сөйтсек, Бекзаттың бүйрегінде тас бар екені анықталыпты. «Оның орнына олимпиадаға ақтөбелік Галиф Жафаров барады екен» деген сөз естіле бастады. Мен қорқып кеттім. Таныс дәрігерлерге телефон соғып едім, олар көңілімді өсіріп қоя берді. Біз ішетін судан бүйрекке тас жиналатыны рас. «Пять ног» деп аталатын дәріні ішсе, бәрі өтеді де кетеді. Екі күннен кейін осы мәселе бойынша бапкерлер кеңесі өтті. Бекзаттың бүйрегінде тас бар екені ресми айтылды. Аға бапкер Апачинскиймен дауыс көтере сөйлесуге тура келді. Тіпті бір-бірімізге жұдырық түйіп, ортаға шыға келдік. Мен мұның бәрі әншейін сөз екенін, олимпиада жолдамасын Бекзаттың өзі жеңіп алғанын, Сиднейге өзі баратынын айттым. Олардың қарсы айтар уәжі болмады, сонымен бұл мәселеге нүкте қойылды. Әлі күнге дейін олардың мұндай әрекетке не үшін барғанын түсінбеймін. Бокстан олимпиада жолдамасы командаға емес, нақты спортшыға беріледі, оны ауыстырамыз дегендері қай сасқаны?

-2000 жылдың көктемінде Бекзаттың қолы сынып қалды. Бұл жағдайдан қалай шықтыңыздар? Осы кезде көп адамның Бекзаттан сырт айналғаны рас па?

-Қарағандыдағы жиыннан кейін олимпиадаға жоспар бойынша жаттығуды бастап кеттік. Жаттығу, жиын, жарыстарға бару өз кезегімен жүріп жатты. Түркияда олимпиада қарсаңындағы турнир өтіп, Бекзат жартылай финалда баяғы С.Сулеймановпен (Украина) жартылай финалда кездесті. Аргентинада кеткен есесін шәкіртім мықтап қайырды, бірақ қарсыласын төпелеп жүріп, қолының сынғанын байқамапты. Елге орала салып емдеуге кірістік. Орайсыз оқиға, бірақ не істерсің енді?.. Менің бұрыннан белгілі, әбден тексерілген рецептім бар. Бір жолы барлаушы туралы кітап оқып отырып, оның жабайы аңдардың сынықты қалай емдейтіні туралы жазбасына тап болдым. Жануарлар сүйегі сынса, барып жарды жалайды екен. Демек, мыс іздейтін болғаны ғой. Сүйегі сынған аңдар біресе бір қапталын, біресе екінші қапталын мысқа үйкелейді. Бұдан кейін жарақаттанған жер ешқашан сынбайды екен. Сүйек жылдам өсу үшін табиғи кальций қажет. Жұмыртқаның қабығы – таза кальций. Оны күнге құрғатып алып, мумиемен, таза мыспен шай қасыққа салып, кезек-кезек ішу керек. Ол үшін жұмыртқа қабығын үгітесің, мысты жонғышпен жонып аласың. Бокста қол сынса, қорғанысты, қозғалысты аяқ қимылымен жүріп жетілдіруге болады. Аяқты қозғау арқылы – денені, денені қозғау арқылы аяқты шынықтыру қажет. Он бес күннен кейін біз гипсті алып тастадық, жиырма күннен кейін Бекзат жекпе-жекке шықты. Ал шәкіртім жарақаттанғанда, одан сырт айналғандардың болғаны рас. Ұяттары білсін…

Бекзаттың қолы сынғанын көп ешкім біле қоймады. Жиындар арасында аз-кем демалыс бар еді. Біз үйде демалып, жаттығуымызды жалғастырып, жиынға ештеңе болмағандай қайта топ ете қалдық. «Қолыңды сындырып алдың ба?» деп ешкім де сұраған жоқ. 

-Шәкіртіңізге сендіңіз бе? Олимпиадаға дайындық барысын қалай жоспарладыңыздар? Ықтимал қарсыластарды зерттедіңіздер ме?

-Әрине, Бекзатқа сендім. Ол олимпиада чемпионы болмаса да сенетін едім. Бастысы, олимпиада чемпионын емес, нағыз азаматты тәрбиелеу ғой. Басқасына ол өзі қол жеткізеді. Мақсат, міндет, еңбек, аңсар, ұмтылыс – осының бәрі оны қалаған нәрсесіне жетелейді. Ал Бекзат олимпиада чемпионы болуды армандады.

Ұлттық құрама олимпиадаға нақты бағдарламамен дайындалды. Әр күн, әр сағат, әр минут, әр секунд дәл жоспарланды. Біз бұл жоспардан еш айнымадық. Жігіттермен бірге шеберлікті шыңдай бердік, жекелеген қателіктерді түзеттік. Ал кездесуі мүмкін қарсыластарды зерттегеніміз жоқ. Әлемнің әр елінен келетін отыз екі атлетті жеке-жеке зерттеудің қажеті шамалы еді. Жеребе қалай түссе, соған орай көреміз. Алғашқы қарсылас Азия, Еуропа және Африкадан болатынын шамаладық. Ықтимал қарсыластың бірі Рамазан Палиани (Түркия) бізбен бірге Алматыдағы ІІМ шипажайында біріккен жиынға қатысты. Палианиді мен баяғы КСРО кезінен, жастар мен жасөспірімдер құрамасында жүрген кезінен бері білетінмін. Бекзат екеуі спаррингке шығып көрді, шәкіртім басымдық танытты. Бірақ олимпиаданың ширек финалында осы атақты Палиани қарсыласымыз болады дегенді ешқайсымыз да ойламадық.

Олимпиадаға екі ай қалғанда, Мәскеуде төрт елдің турнирі (Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан) өтті. Олимпиадаға жолдама алған боксшылардың бәрі қатысты. Жартылай финалда Саттарханов ресейлік Алексей Шайдулинді 10:4 есебімен еркін еңсерді. Финалда Сулеймановты да сондай есеппен қапы қалдырды. Бекзат турнирдің ең шебер боксшысы болып танылды. Марапаттау рәсімі де ұнады. Бекзатқа хрусталь ваза және керемет шеберлігі үшін хрусталь бокс қолғабын сыйлады. Бекзат қатты қуанды. Өзіне сенімі арта түсті, мақсатына жақындай берді. Бұдан кейін тауда тағы бір жиын өтіп, боксшылар олимпиадаға сақадай сай болды.

-Сидней олимпиадасында Бекзат бірінші румын боксшысы Овидиу Тибериу Бобирнатпен қолғап түйістірді. Ол өзі атақты боксшы, әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері еді. Жеребе ауыр түсті деп ойламадыңыз ба? Жалпы, шәкіртіңіз кезеңнен-кезеңге қалай жылжып отырды?

Олимпиада ұшар алдында, 5, әлде 7 қыркүйекте Бекзатқа ақыл айттым. «Қалай демаламын, жекпе-жектерді қалай санамнан шығарып тастаймын, күшімді қалай сақтаймын деп бас қатырма. Қазір қандайсың, солай еркін жүре бер» дедім. Ұшаққа отырарда Бекзат мені үлкен ұлымдай құшақтап алып:

-Анатолий Петрович, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады, мен олимпиада чемпионы боламын! – деді нық дауыспен.

Мұны өте сенімді айтқаны сонша, көзіме жас үйірілді. Мен өзімді мығым азаматпын деп ойлаймын, бірақ сол кезде босадым. Қазір де сол сәтті есіме алсам, көзім жасаурап шыға келеді.

Бұдан кейін жеребені күтіп, асау ауыр сәттерді бастан өткердім. Олар олимпиадаға жол тартты, біз Кубада жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатына дайындалып жаттық. Орталық стадионда жаттығу жасап жүргенімізде, жеребенің қалай түскені белгілі болды. Содан кейін көңілім жайланды. Әрине, олимпиадаға кездейсоқ спортшы бармайды. Бәрінің Олимп шыңын бағындырғысы келеді. Бекзаттың бабына сендім. Тек «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болмаса болғаны.

Овидиу Бобирнаттың дайындығы жақсы еді. Тәжірибесі де зор, атағы да жетерлік. Жеребеде Бекзат түскеніне оның бапкерлері қуаныпты деседі. Бірақ Бекзат оған көп мүмкіндік бермеді. Жекпе-жекті өзі қалаған мәнермен өткізіп, 14:5 есебімен жеңіске жетті.

1/8 финалда оңтүстікафрикалық Джеффри Матебула тап келді. Мен Бекзаттың оны жеңетініне сенімді болдым. Бекзат еркін қимылдады, күмәнсіз басымдық танытты. Есеп – 16:5.

Ширек финалда Р.Палианидың қарсылас болатыны анықталғанда, күтпеген жағдай болыпты. Оны маған Бекзаттың өзі айтты. Осы жекпе-жекке дейін айналасындағылардың бәрі Бекзатты жеңіс сайын құттықтап, «чемпион боласың» деп қанаттандырып жүріпті. Ал Палиани түскенде солардың көбі сырт айналып, көздерін ала қашып, ләм-мим деуге жарамай қалған. Бекзат мұны сезген, сөйтіп, қонақ үйде көрші бөлмеде жатқан комитет басшысының орынбасары Серікбек Түкеевке барған. «Ағай, мені сатып жіберген сияқты» депті ол. Түкеев дереу сол кездегі спорт істері жөніндегі комитеттің басшысы Дәулет Тұрлықановқа барады. Дәулет Болатұлы төреліктің әділетті болатынын айтып сендіреді. Содан кейін ғана Бекзаттың тынысы кеңиді.  

Олимпиада қарсаңында біз Палианидің мықты және әлсіз тұстарын бір рет талдағанбыз. Сонда Рамазанның салмағы алты келі ауыр екенін, олимпиада алдында міндетті түрде салмақ қуатынын шамаладық. Демек, Бекзат одан екі есе жылдам бола алады. Бұл жекпе-жек туралы кеңінен айтып беремін…

Бекзат батырдың жеке бапкері Анатолий Визирякинмен сұқбатымыз әзірше осы тұстан үзіліп тұр. Күні кеше хабарласқанымда, білікті бапкер шәкірттерін жарысқа дайындап жатқанын, қолы қалт етпей тұрғанын айтты. Дегенмен біз күтуге дайынбыз. Олимпиада чемпионы Бекзат Сейілханұлы Саттарханов туралы мұндай тұшымды әңгімені жалғастыруға өзіміз де асықпыз. Ал сіз, мәртебелі оқырман, Бекзатты ұмытпаңыз, жадыңыздан шығармаңыз. Жиырма жасында қазақ жиырма жыл күткен олимпиада алтынын уысымызға салып беріп, ол мәңгілікке кете барды. Содан бері 19 жыл өте шықты.

Бекзат биыл 39 жасқа толар еді. Бүгін – саңлақ спортшының туған күні!

Сұқбаттасқан Есей Жеңісұлы

(«Жас Алаш» газеті, 04.04.2019 ж)