Қазақстан премьер-лигасы

4 тур. 6 сәуір

«Тобыл» — «Ақтөбе» — 2:1 (А.Нұрғалиев, 34-пенальтиден, Федин, 81 — Жасанов, 89)

Бірнеше жыл бұрын «ел классикосы» аталатын «Тобыл» — «Ақтөбе» текетіресі бұл жолы да қызықты деректерге толы болды:

  1. «Тобыл» командасы сапында төрт тур қатарынан алмастырылған ойыншы доп авторы атанып отыр. Бұ жолы М.Федин жеңіс голын енгізді. Алғашқы үш турда Б.Тұрысбек (2 гол), М.Гордейчук (2 гол), С.Себаи джокерлік доппен көзге түскен еді.
  2. «Тобылдың» капитаны Азат Нұрғалиев 4 ойында 4 гол соғып, мергендер көшін бастады. Азат 2 допты — пенальтиден, 1 допты — тікелей айып соққысымен, 1 голды ойын барысында енгізді.
  3. «Тобылдың» қорғаушысы Дмитрий Мирошниченко биыл екінші рет өз командасының пенальти тебуіне жағдай тудырды. ІІ турда оған қарсы «Тараз» қорғаушысы Р.Розыбакиев дөрекі ойнаса, «Ақтөбемен» кездесуде А.Сәулет айып алаңында шалып жықты.
  4. А.Нұрғалиев өткен маусымнан бері «Ақтөбе» қақпасына үшінші пенальти соқты. 2018 жылдың 23 маусымында «Тобыл» өз алаңында «Ақтөбеден» 2:3 есебімен жеңілгенде, қостанайлықтардың қос добын да Нұрғалиев пенальтиден енгізген еді.
  5. «Ақтөбе» қақпашысы И.Трофимец әзірше биылғы маусымда ең көп жеңіс голын (4 доп) қақпасына жіберіп алған футболшы болып отыр.
  6. «Ақтөбеге» маусымда -12 ұпаймен бастау аса ауыр соғып тұр. Соңғы үш маусым бойы (2016, 2017, 2018) ақтөбеліктер алғашқы төрт турды 1 жеңіс, 1 тең ойын, 2 жеңіліспен бастап еді, биыл алғашқы төрт ойында да қарсыластарына есе жіберді.
  7. Есен Жасанов («Ақтөбе») премьер-лигада өткізген алғашқы матчында доп соқты.

«Тобыл» ФК фотосы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here