Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) әр жылдардағы олимпиада жүлделерін қазақстандық спортшыларға тән деп ресми түрде жариялады. Бұл туралы Ұлттық олимпиялық комитет хабарлады.
2008 жылғы Бейжің олимпиадасында ауыр атлетикадан әйелдер арасында 75 келі салмақ дәрежесінің алтын медалі Алла Важенинаға табыс етіледі. Бұл салмақта қытай атлеті Чао Лей Бейжің төрінде бас жүлде иеленгенмен, сегіз жылдан кейін қайта қаралған сынамасынан допинг табылды. ХОК пен Лозаннадағы (Швейцария) Спорттық төрелік соты Лейді ресми түрде олимпиада чемпионы атағынан айырып, алтын жүлдені екінші орындағы А.Важенинаға беретін болды. Бұл шешімді ХОК осыдан екі жыло бұрын қабылдаған-ды. Тіпті өзінің ресми сайтында Важенинаны чемпион деп жариялап та үлгерген еді. Енді, міне, осы шешімді біздің ҰОК-қа да хабарлап отыр.
Жақында ғана Алланы сөзге тартып, осы мәселе туралы пікір сұрап едік. «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында ол: «Шынында да, зор майданмен қолым жеткен күміс жүлде біз үшін алтын медаль іспетті еді. Бүкіл спорттық ғұмырымның ажырамас бөлігі болған «бармақ басты, көз қысты» қиянаттар бұл жүлдені одан әрі құнды ете түседі. Әрине, оны беру оңай болған жоқ. Медальді Қазақстан ауыр атлетика федерациясына тапсырдық, енді алтын медальдің берілуін күтіп жүрміз», – деген еді. Енді Важенина толыққанды олимпиада чемпионы атанады.
Ал Бейжің додасында үш секіруден жүлдеге бір қадам жетпей, төртінші орын алған Ольга Рыпакованың қолына тіпті қола да, емес, күміс жүлде бір-ақ түсетін болды. Ольганың Бейжің додасының күміс жүлдегері атанатынын Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы биылғы қазан айының басында жариялап еді. Енді сол шешімді ХОК те мойындап, күшіне енгізіп отыр. Бейжің олимпиадасында үш секіруден финалда екінші мүмкіндігінде 15,39 метрге секірген камерундық Франсуаза Мбанго Етоне чемпион атанды. Күміс жүлде ресейлік Татьяна Лебедеваның еншісінде кетті. Ол үшінші мүмкіндігінде 15,32 метрді бағындырды. Грек қызы Хрисопия Деветци 15,23 метр көрсеткішпен қола тұғырдан қол бұлғады. Ольга Рыпакова финалда өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Өскемендік атлет алты мүмкіндіктің екеуінде сөре сызығын басып кеткенмен, қалған төртеуін сәтті пайдаланды. Ол әр кезегінде өсіп отырды – 14,83 м, 14,93м, 15,03м, 15,11м! Тіпті соңғы нәтижесі ерекше керемет еді. Ольга Азия рекордын жаңартты. Бірақ 15 метрден ары секірсе де, Рыпакова жүлдеден тыс қалып еді.
2016 жылы қазан айында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы допингке қарсы ережебұзушылықтардың жаңа тізімін жариялап, Х.Деветцидің 2007 жылғы әлем чемпионатында тапсырған қанынан рұқсат етілмеген стеназолол стероиды табылғанын мәлім етті. Жаңа талаптар бойынша, спортшылардың қан талдамасы 10 жылға дейін сақталып, кез келген уақытта қайта тексеріледі. Деветци осы жазаға тап болды. Грек атлеті 2009 жылы спорттан мүлде қол үзген-ді. Ол 2009 жылы допинг бақылауынан өтуден бас тартып, екі жылға жарыстардан шеттетілді, содан қайтып секторларда көрінген жоқ. Ал Лебедеваның допинг-сынамасынан да шикілік шыққаны, туринабол препаратының ізі табылғаны жұртшылыққа ерте белгілі болды. Алайда ресейлік спортшы екі жыл бойы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысты. Ол Спорттық төрелік сотына апелляция жіберді, бірақ ол өтініш кері қайтарылды. Лебедеваны екі жылға айыптау туралы шешім биылғы 5 қыркүйекте шықты, бірақ жаза мерзімі допинг анықталған уақыттан, яғни 2016 жылдың 12 қыркүйегінен басталды. Оның 2008 жылдың 18 тамызынан 2010 жылдың 10 тамызына дейін барлық жарыстарда көрсеткен нәтижелері есептен шығарылды. Лебедева өзінің рұқсат етілмеген препараттарға жүгінгенін мойындаған жоқ, бірақ өз сынамасынан табылғанын да терістемеді. Кейінірек спортшы ақтығын дәлелдеуден де бас тартты.
Сөйтіп, жүлде үшін ақ-адал еңбек сіңірген Ольга Рыпакова үш олимпиадада еліміздің қоржынына олжа салған жалғыз спортшы болып отыр: Бейжің – күміс, Лондон – алтын, Рио – қола!
Жалпы, Бейжің олимпиадасы бойынша біз қайтарып берген жүлделер саны – бесеу: И.Ильин (ауыр атлетика, алтын), Т.Тигиев (еркін күрес, күміс), Ә.Мәмбетов (грек-рим күресі, қола), М.Грабовецкая (ауыр атлетика, қола), И.Некрасова (ауыр атлетика, күміс).
Ал қола жүлде алған балуан Нұрбақыт Теңізбаев пен төртінші орын алған жеңіл атлет Рыпакова да Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегерлері ретінде жылнамаларға енетін болды.
Лондон олимпиадасына ауыр атлетикадан қатысып, 69 келі салмақта бесінші орынға табан тірегін көкшетаулық зілтемірші Анна Нұрмұхамбетова да екі қадам «алға секірді». Анна әуелі жұлқа көтеру бағдарламасында 115 ұпаймен топ бастап еді. Екінші бағдарламада (серпу) ол 136 келіні тік көтерген соң, кейінгі екі кезегінде де 140 келіні ырқына көндіре алмады. Сөйтіп, ол қола жүлде иеленген Марина Шкерманкова мен төртінші орындағы Дина Сазановецтен (екеуі де Беларусь) бес ұпай ұтылып, бесінші орынмен қайтып еді. Допинг қолданғаны үшін беларусьтік екі спортшы да айыпталды, сөйтіп, жаңа шешім бойынша Анна Лондон олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Лондон олимпидасының қорытындысы бойынша біздің төрт алтын (Ильин, Чиншанло, Манеза және Подобедова) кері қайтарылып алған еді.
Енді біздің отандастарымызға олимпиада жүлделері қашан табыс етіледі? Мұны ХОК спортшылардың өз еркіне қалдырып отыр. Жүлдегерлердің таңдауы бойынша, медальдар ХОК-тың ірі шарасының бірінде, Халықаралық федерациялардың шараларында, келесі олимпиадада немесе Олимпиялық мұражайда табыс етілуі мүмкін.
Жақында Ашгабатта (Түркменстан) өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Денис Уланов Рио олимпиадасының қола жүлдесін ресми түрде алды. Ол олимпиадада 85 келі салмақ дәрежесінде 390 ұпай жинап, румын Габриель Сынкраянмен бірдей нәтиже көрсеткенмен, салмағының сәл ауырлығынан төртінші орныда қалып еді. Бірақ артынша Сынкраянның допинг пайдаланғаны белгілі болды. Сөйтіп, біздің зілтемірші қола жүлдегер атанды. Улановтың өз қалауымен олимпиада жүлдесі Ашгабаттағы дода барысында табыс етілді.