«Астана» — «Мидтьюлланн» — 2:1 (Кляйнхайслер, 31, 90+4 – Викхейм, 51)
Чемпиондар лигасы
ІІ іріктеу кезеңі. 24 шілде
«Астана» командасы Роман Григорчуктың басшылығымен Чемпиондар лигасындағы үшінші кездесуін де жеңіспен аяқтады. Украиналық маман бұл жолы негізгі құрамға жаңа ойыншылардан Педро Энрикені қосып, Ричард Алмейда мен Рангело Янганы қосалқылар арасында қалдырды.
Бұған дейін еурокубоктарда отандық клубтар Дания командаларымен бір рет қана кездескен-ді: 2014 жылы «Қайрат» Еуропа лигасының ІІ іріктеу кезеңінде «Эсбьергпен» кездесіп, екі ойын қорытындысында 1:2 (1:1 және 0:1) есебімен жол берген еді.
Бұл жолы «Астана» соңғы төрт жылда Дания чемпионы атағына екі рет ие болған командамен бақ таластырып отыр. «Мидтьюлланн» 1999 жылы Хернинг қаласындағы «Икаст» және «Хернинг Фремад» командаларының бірігуі нәтижесінде пайда болды. 2000/01 маусымында Дания суперлигасына шығып, содан бері басты лигада ойнап келеді. 18 маусымның тең жартысында «Мидтьюлланн» Дания чемпионатының жүлдегерлері қатарынан көрінді. Алғаш рет 2014/15 маусымында алғаш рет ел чемпионы атағын жеңіп алды, өткен маусымда осы жетістігін қайталады. 2015/16 маусымында еурокубоктағы сапарын Чемпиондар лигасында бастап, Еуропа лигасының топтық турниріне жолдама алды. Онда D тобында «Наполи», «Брюгге» және «Легия» командаларының арасынан екінші орынға ие болып, еурокөктемге шықты. 1/16 финалда азулы «Манчестер Юнайтедке» тап келіп, өз алаңында 2:1 есебімен басым түссе де, сырт алаңда 1:5 есебімен жеңілді. Еурокубоктардағы ең үздік нәтижесі әзірге осы.
Астана төрінде Дания чемпиондары өздеріне тән ойын өрнегін көрсете білді. 31 минутта венгр жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхаслердің алыстан күтпеген соққысын қақпасына дарытып алса да, «Мидтьюлланн» айылын жиған жоқ. Викхейм екінші тайм басында гол соғып, қонақ команданың еңсесін көтерді. Дегенмен соңғы сөз бәрібір Кляйнхайслерде қалды: ол соңғы секундтарда айып алаңының сол жағынан шірене тартып, «Астанаға» жеңіс сыйлады. Қарымта матч 1 тамыз күні Хернинг қаласында өтеді.
Бұл ойында ерекше есте қалатын деректер мынадай:
а) «Астана» командасы биылғы еурокубок ойындарының алғашқы үшеуін жеңіспен аяқтады. Мұндай жетістікке елордалықтар алғаш 2014 жылы қол жеткізген еді. Сол жылы «Астана» алғашқы үш кездесуде «Пюникті» (Армения, 4:1, 2:0) және «Хапоэльді» (Т-А, Израиль, 3:0) жеңді.
ә) Л.Кляйнхайслер «Астана» сапындағы тұңғыш голын Чемпиондар лигасында соқты. Ол өткен жылдан бері Қазақстан премьер-лигасында – 22, еурокубоктарда 11 кездесу өткізген-ді.
б) Л.Кляйнхайслер – «Астана» сапында еурокубоктарда гол соққан жиырма бірінші футболшы. Ол «Астананың» еурокубоктардағы алтыншы дублінің авторы атанып отыр.
в) Д.Шомко еурокубоктардағы 51-матчын өткізді. Бұл көрсеткіш бойынша ол бұрынғы рекордшы Ю.Логвиненконы (50 матч) артта қалдырды.
г) «Астананың» осы жеңісі УЕФА клубтық коэффицентінде Қазақстанның бір саты алға жылжуына мүмкіндік берді. Биыл қазақстандық командалардың еурокубоктарда жинаған ұпайы – 1,875. Ал соңғы бес маусымдағы көрсеткішіміз 16,875 ұпайға жетіп, 25-орындағы Шотландияны артқа сырғытты (олардың ұпайы – 16,750). Бүгін «Қайрат» пен «Тобыл» кезекті ойындарын өткізеді. Ұпайымыз көбейіп жатса, 24-орындағы Израильді өкшелеп қалуымыз мүмкін.
(«Астана» ФК фотосы)