Қазақстан құрамасы 10 және 13 қазан күндері Euro-2020 іріктеу кезеңі аясында Кипр және Бельгия құрамаларымен кездесулер өткізеді. Қазір І тобында Қазақстан 6 ойыннан 7 ұпай жинап, үшінші орында келеді.

Ұлттық құраманың бас бапкері Михал Билек алдағы кездесулерге мына футболшыларды шақырды:

Қақпашылар:

Футболшы Клуб Ойын Гол
Дмитро Непогодов «Ордабасы» 7 -11
Стас Покатилов «Қайрат» 14 -22
Игорь Шацкий «Шахтер»

Қорғаушылар:

Юрий Логвиненко «Астана» 50 5
Дмитрий Шомко «Астана» 40 2
Сергей Малый «Ордабасы» 35
Ғафуржан Сүйімбаев «Қайрат» 29 3
Абзал Бейсебеков «Астана» 26
Ян Вороговский «Беерсхот» (Бельгия) 8 1
Темірлан Ерланов «Ордабасы» 5
Александр Марочкин «Қайсар» 3
Нұралы Әліп «Қайрат» 1
Олжас Керімжанов «Жетісу»

Жартылай қорғаушылар:

Бауыржан Исламхан «Қайрат» 29 3
Исламбек Қуат «Қайрат» 27 4
Асқат Тағыберген «Қайсар» 20
Георгий Жуков «Қайрат» 14
Бақтияр Зайнутдинов «Ростов» (Ресей) 11 4
Юрий Перцух «Астана» 9 1
Айбол Әбікен «Қайрат» 1

Шабуылшылар:

Сергей Хижниченко «Астана» 46 8
Максим Федин «Тобыл» 8 1
Тоқтар Жанғылышбай «Ордабасы» 3

Қосалқы тізімде Владимир Плотников («Қайрат»), Асланбек Кәкімов («Ақтөбе»), Серікжан Мұжықов, Роман Муртазаев («Астана»), Аслан Дарабаев, Еркін Тапалов, Айбар Жақсылықов («Жетісу»), Думан Нәрзілдаев («Қайсар»), Марат Быстров, Тимур Досмағамбетов ( «Ордабасы»), Виктор Дмитренко, Азат Нұрғалиев, Бауыржан Тұрысбек, Руслан Валиуллин, Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»), Геворг Наджарян («Шахтер») бар.

Билек мырза шабуыл шебіне көп өзгеріс жасауға мәжбүр болған сияқты. Қазақстан премьер-лигасында отандық футболшылар ішінде бас мерген (14 доп) болып тұрған ақтөбелік Абат Әйімбетов жақында аяғына ота жасатты. Ол қазан айының соңына қарай ғана алаңға оралуы мүмкін. Қыркүйекте Кипр қақпасына гол соққан Алексей Щеткин («Ордабасы) 28 турда «Қайратқа» қарсы ойынға қатыса алған жоқ. Ресми түрде айтылмаса да, оның жарақаты бар екені байқалды. Сондықтан бапкер Билек соңғы екі кездесуде «Астананың» негізгі құрамынан орын тауып, «Қайсарға» қарсы ойында қос доп тоғытқан Сергей Хижниченконы құрама сапына қайта шақырды. Хижниченко құрамада соңғы рет 2018 жылдың 26 наурызында Болгарияға қарсы ойынға қатысқан еді. Одан кейін ауыр жарақат алып, жыл соңына дейін алаңға шыққан жоқ. Биыл мамыр айында «Атыраумен» кездесуде ол бір рет көзге түсіп, күні кешеге дейін Р.Григорчуктің оң назарына ілінбей жүрді. Мүмкін, осы күздегі нәтижелі ойынымен Хижниченко баяғы мерген шабуылшы ретінде қайта мойындалатын шығар. Ал Т.Жанғылышбай «Ордабасы» сапында соңғы турларда негізгі құрамдағы орнын А.Щеткинге беріп қойған-ды. 30 маусымда ол «Қайсарға» доп соқты, содан бері мергендікті ұмытты. 5 шілдеден бері ол ел чемпионатындағы он турға қатысты (негізгі құрамда – төрт рет қана). Бірінші айналымдағы тамаша бабын жоғалтып алғаны өкінішті, әрине. Дегенмен қазіргі жағдайда Билек шабуыл шебінде негізінен бір ғана футболшыны пайдаланады. Сондықтан Тоқтар екі кездесуде не Хижниченконы, не Фединді алмастыруы мүмкін.

Алдағы ойындар Қазақстан құрамасы үшін өте маңызды. Кипрді жеңудің екі жақсылығы бар: біріншіден, топта үшінші орынға орнығуға мүмкіндік ашылады; екіншіден, Euro-2008 іріктеу кезеңіндегі рекордтық ұпай санын (10 ұпай) қайталайды. Сондықтан ұлттық құрама мұндай мүмкіндікті толығымен пайдаланатынына сенгіміз келеді.

І тобында Бельгия құрамасы көш бастап келеді. Роберто Мартинес шәкірттері алты кездесудің бәрінде қарсыластарын тұқыртып, қазірдің өзінде құрлық біріншілігінің жолдамасын иеленді деуге болады. 15 ұпай жинаған екінші сатыдағы Ресейді қуып жету де басқа төрт құрама үшін шешілмес міндет секілді.

10 қазанда бұл топта Қазақстан – Кипр, Ресей – Шотландия, Бельгия – Сан-Марино кездесулері өтеді. 13 қазанға Қазақстан – Бельгия, Кипр – Ресей, Шотландия – Сан-Марино ойындары жоспарланған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here