Әлемдік доп додасы өзінің шешуші кезеңіне аяқ басты. 6-7 шілдеде ширек финал ойындары өтеді. 32 жүйріктің еліне ерте қайтқан 16-сы туралы жақында әңгімелегенбіз («Шерлілер шеруі»). Әне-міне дегенше жарысты жалғастырған 16-ның да жартысынан «айырылып қалдық». Ендігі әңгіме – сол 1/8 финалда сүрінген сәйгүліктер туралы.
Сәкен СЫБАНБАЙ
16-орын. АРГЕНТИНА (4 ұпай, доп айырмасы 6:9)
Бапкері мен құрамы бір-біріне сәйкеспеген команда. Хорхе Сампаоли – әр детальды, әр маневрді ұзақ уақыт мыжып түсіндіріп, оны ондаған ойында тәжірибеден өткізіп барып, кемеліне келтіргенде ғана ойындағысын жүзеге асыра алатын бапкер (клубтық жүйенің адамы). Чилиде бапкерге ондай мүмкіндік берілді, жиі бас қосып, көп матч өткізген құраманы батыл тактикалық сынақ алаңына айналдырудан қорыққан жоқ. Нәтиже – Америка кубогы, ӘЧ-2014-тегі тамаша ойын. Ал Аргентина Сампаолиге ондай жағдай жасамады, оған уақыт та болмады. Іріктеу сынының соңы тек жолдама үшін күреспен өтті. Жолдастық кездесулер де діттеген мақсат үшін дұрыс пайдаланылған жоқ. Жалпы, құрамаға шақырылған жігіттердің бапкердің әр шешіміне ұйып, оған құлай берілмейтіні байқалды.
Ромероның жарақатынан соң-ақ көзі қарақты қауым Аргентинаның алысқа бара алмайтынын ұқты. Себебі, одан басқа дені дұрыс қақпашы жоқ еді. Оның үстіне, қорғаныс та көңіл көншітпейтін. Бұл екі шеп көкейдегі күдіктің бекер еместігін Ресей жасыл алаңдарында әбден дәлелдеді. Бар үміт алғы шепте еді, бірақ ол да сенімді ақтамады. Негізгі құрамды таңдауда да біраз қателік кетті. Франциямен ойынды-ақ алайық. Ди Мария мен Павон қос қапталдан айып алаңына пас тастайды, ал сол тұста доп аңдып жүруге тиіс «жалған тоғыздық» рөліндегі Месси баяғы әдетімен жартылай қорғанысқа шегініп кетеді. Алаң жиегінде Агуэро мен Игуаинды қатар отырғызып қойып, қалайша орталық шабуылшысыз ойнауға болады?
15. ЖАПОНИЯ (4 ұпай, 6:7)
Акира Нисино – шабуылдауды жақсы көретін бапкер. Жастар құрамасын жаттықтырған кезде болсын, клубтарда жұмыс істегенде болсын, оның ұжымы ұтылса да көп гол соғып ұтылатын. 2008 жылы ол баптаған «Гамба Осака» клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында «Манчестер Юнайтедтен» 3:5 есебімен жеңілген. Жапон маманы ұлттық құрама тізгінін ұстағанда да өз бағытынан ауытқыған жоқ. Ресейде бұл команда ешкімнен де тайсалмай ойнады. Қосалқы құраммен шыққан Польшамен ойынды есептемегенде, Жапония барлық матчта жеңуге ұмтылды. Сенегалмен ойында жеңіске тіпті лайық-ақ еді. Плей-оффта Бельгияға да лайықты қарсылас бола білді. Есеп 2:2 болып тұрғанда, соңғы минутта кім қарсы қақпа алдындағы бұрыштамаға тайлы-таяғымен түгел ұмтылады? Бәзбіреулер үшін бұл аңғалдық, ақымақтық болар, бірақ ақырғы секундқа дейін жеңіске ұмтылу – кемшілік пе? Талғамға талас жоқ…
14. ШВЕЙЦАРИЯ (5 ұпай, 5:5)
Қатарынан төртінші доп додасына қатысқан бұл команда (символы – 4 мундиальда доп тепкен тұңғыш швейцариялық Валон Бехрами) Еуропаның беделді ұжымдарының біріне айналды. Олардың Сербиямен кездесуі (2:1) Ресей жасыл алаңдарындағы ең қызықты матчтардың бірі болды. Шебер қақпашысы, берік қорғанысы, тамаша голдарды талғап соғатын Джердан Шачириі бар Швейцарияға Құдай бір сұрмергенді қимапты. Тұғырлы орындарға шешуші қадам жасауға мүмкіндік бермей жүрген бір кемшілігі сол секілді.
13. ПОРТУГАЛИЯ (5 ұпай, 6:6)
Криштиану Роналду және оның командасы. Капитан бабында болса, шабыты келсе, ойыны жүрсе, бәрі жақсы болады: өзге ойыншылар да құлшына ойнайды, ұжымдық көңіл-күй де көтеріле түседі. Ал қарсылас «Алтын доптың» бес дүркін иегерін мықтап құрсаулап, адымын тұсаса, жарты жұмыс бітті дей берсе болады – «қартайған» қорғаныс пен жайбасарлау ортаңғы шепті еңсеру қиынға соқпайды. Өйткені, ешқайсысы да Криштианудың деңгейіне маңайлай да алмайды. Роналду Испаниямен ойында бүкіл нәтижені өзі жасады, өте қиынға соққан Мароккомен матчта да жалғыз голды өзі соқты. Уругвай қорғаушылары капитанның аяғына доп жеткізбей қойып еді, команда тіпті бұлқына да алмай қалды.
12. МЕКСИКА (6 ұпай, 3:6)
«Біз қашанғы «Мексика жақсы ойнады» деген мақтауға мәз болумен шектелеміз? – деп күйінді бас бапкер Хуан Карлос Осорио. – Жүлдеге қашан ілігеміз?». Бүкіл Мексиканың да көңіл-күйі осындай. Ұлттық құрама осымен қатарынан жетінші рет плей-оффқа шықты. Бірақ соның бәрінде де 1/8 финалда сүрінумен келеді. Қақпашысы мықты, қорғанысы да осал емес, футболшыларының техникасы да көз қызықтырады. Сірә, жетпей жатқаны – тактикалық сауат шығар. Сосын басым ойнап тұрып, сол басымдықты нақты нәтижеге ұластыра алмай жататыны бар. Мәселен, Германияны да, Оңтүстік Кореяны да тек бір доп айырмасымен жеңді. Ал қарсы қақпа алдындағы ұрымтал сәттерін санамаласаң, басың айналады – соның тым болмаса жартысын голға айналдырса, ақыр-соңында доп айырмасы осынша осал болар ма еді?!.
11. ДАНИЯ (6 ұпай, 3:2)
Мүмкіндігіне сай өнер көрсетті. Таза ойын деңгейіне қарасақ, Перуді ұтпақ түгілі, ұпай да ала алуы неғайбыл еді, бірақ Каспер Шмейхель керемет ойнады, ал Куэва пенальтиді аспанға тепті. Австралияны жеңе алмады, сосын Франция екеуі «бірін-бірі айтпай түсінді» (0:0). Алайда даттар плей-оффта Хорватияға қарсы керемет ойын көрсетті. Матч соңына таман біраз уақыт басымдық байқатты да. Бірақ пенальтиден олар жеңіп кетсе, хорваттарға обал болар еді.
10. ИСПАНИЯ (6 ұпай, 7:6)
Ал Испания өз мүмкіндігін ашып көрсете алған жоқ. Былтырғы іріктеу сынында Италияны 3:0 есебімен ұтып, жақында ғана жолдастық кездесуде Аргентинаны 6:1 ғып талқандаған жігерлі қимыл, жіті ойынның қайда кеткені белгісіз. Рас, әлем чемпионаты басталуға бір күн қалғанда «Қызыл фурияның» бас бапкері ауысты. Команданы екі жыл бойы ыждағатпен дайындаған шебер маман Хулен Лопетеги Мадридтің «Реалымен» жасырын келіссөз жүргізіп, ұлттық федерацияға айтпай мәмілеге келіп қойғаны үшін айыпталып, орнынан алынды. Құрама тізгіні футболшы ретіндегі атақ-даңқы жер жарғанымен, ешқашан бас бапкер болып көрмеген Фернандо Йерроға ұсынылды. Команда ойынына бұл өзгерістің де әсер еткені анық. Жігіттерге «дос, жолдас және бауыр» бола білген Йерро алайда алаң жиегінде ештеңе істей алмады: оның құрам жасақтау мен ойыншы алмастырудағы қателіктері (плей-оффта сап-сау Иньеста мен Карвахальсыз қалай ойнауға болады?) – тәжірибесіздіктің салдары.
Испандар көп қарсыластың өздеріне қарсы қорған тұрғызып, қорғаныста жатып алатынын алдын ала білді, бірақ сол қамалды бұзып өтер амал-айла көрсетпеді. Мәселен, Ресеймен ойында «Қызыл фурия» 120 минут бойы гол соғарлық ұрымтал сәт ұйымдастыра алған жоқ. Қарсыласын қап дегізер қауырт шешім, оқыс пас, тосын әрекет жасай алмады. Қимылы сылбыр, қиялы таяз болды. Кем дегенде жартылай финалға жетер деңгейі бар команда, сөйтіп, өзінен әлдеқайда ұжымға жол берді.
9.КОЛУМБИЯ (7 ұпай, 6:3)
Колумбия жеңіс үшін соңғы сәтке дейін арыстанша… жо-жоқ, «Арыстанмен» (Англиямен) жолбарысша айқасты. Бағы басым болғанда, осыдан төрт жыл бұрынғы нәтижесін (ширек финал) қайталап, тіпті одан да асып түсуге ұмтылар еді. Хосе Пекерманның шәкірттері осы чемпионатта да Оңтүстік Америка командаларына тән айрықша құлшыныспен, құштарлықпен ойнады. Шабуылшылардың жолы болмай жатса, көмекке қорғаушылар келді. Солардың бірі – сырықтай бойшаң Йерри Мина өз айып алаңының төбесінен төнетін қауіпті үнемі сейілтіп отырғанымен қоймай, қарсы қақпаға да жиі ұмтылып отырды. Ол қатарынан үш ойында гол соқты! Үшеуін де – стандартты жағдайдан соң баспен енгізді.
(fifa.com фотосы)