Сәкен СЫБАНБАЙ

Төрт жылда бір айналып келетін әлемдік доп додасының шешуші сындарында үзбей өнер көрсете алу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Өйткені, біріншіден, футболшылық ғұмырдың өзі – өлшеулі, жасыл алаңда ең ұзақ жүрген ойыншының ары кетсе үш-төрт доп додасына ғана қатысуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, құрама сапынан шығып қалмау үшін соншама жыл жоғары деңгейде өнер көрсету де оңай емес. Үшіншіден, жарақат алу да, спорттық бабынан айрылу да – өкінішке қарай, өте жиі кездесетін жағдаяттар. Ірі доп додаларының тұрақты кейіпкеріне айналған футболшылардың онша көп бола қоймайтыны да сондықтан.

Соған қарамастан біз әлем чемпионаттарының 5 (!) бірдей финалдық турниріне қатысқан екі футболшыны білеміз. Олар – мексикалық қақпашы Антонио Карбахал мен даңқты неміс жартылай қорғаушысы Лотар Маттеус.

50-60 жылдары Мексика құрамасы топтан шығып көрген жоқ, сондықтан 1950-1966 жылдар аралығындағы барлық чемпионатты құр жібермеген қақпашы Карбахал бар-жоғы 13 ойын ойнапты. Ал Маттеус чемпион да болды, күміс медаль да алды (2 рет), ширек финалда сүрінді (2 рет), ақырында финалдық турнирлерде ең көп матч өткізген ойыншы атанды.

Ойнаған ойын саны жөнінен алда тұрған 25 үздік мыналар:
1. Лотар Маттеус (Германия)                     25 матч
2. Мирослав Клозе (Германия)                  24
3. Паоло Мальдини (Италия)                     23
4-6. Уве Зеелер (Германия)                       21
        Диего Марадона (Аргентина)             21
        Владислав Жмуда (Польша)              21
7-10. Гжегож Лято (Польша)                    20
      Кафу (Бразилия)                                  20
      Филипп Лам (Германия)                      20
      Бастиан Швайнштайгер (Германия)   20
11-15. Вольфганг Оверат (Германия)      19
        Берти Фогтс (Германия)                     19
        Карл-Хайнц Румменигге (Германия)  19
        Пер Мертезакер (Германия)              19
        Роналдо (Бразилия)                           19
16-25. Марио Кемпес (Аргентина)            18
       Франц Беккенбауэр (Германия)         18
       Зепп Майер (Германия)                       18
       Пьер Литтбарски (Германия)               18
      Томас Бертольд (Германия)                 18
       Гаэтано Ширеа (Италия)                      18
      Антонио Кабрини (Италия)                   18
      Клаудио Таффарел (Бразилия)           18
       Карлос Дунга (Бразилия)                     18
       Фабио Каннаваро (Италия)                 18

Қазір ойнап жүрген футболшылардан ең көп матчқа қатысқандар мыналар: Рафаэль Маркес пен Хавьер Маскерано – 16 ойын, Лионель Месси – 15, Месут Өзіл – 14, Томас Мюллер, Серхио Рамос, Криштиану Роналду – 13. Егер Аргентина финалға шықса, ал Месси ойындардың бәріне (7) қатысса, ол даңқты отандасы – Д.Марадонаны басып озады.

Ал 4 әлем чемпионатында жасыл алаңға шыққан шыққан жампоздардың саны – 26. Олар – Пеле, Джалма Сантос, Кафу (Бразилия), Педро Роча (Уругвай), Диего Марадона (Аргентина), Уве Зеелер, Карл-Хайнц Шнеллингер, Мирослав Клозе (Германия), Владислав Жмуда (Польша), Дамаркус Бисли (АҚШ), Фрэнки ван дер Эльст, Энцо Шифо (Бельгия), Джанни Ривера, Джузеппе Бергоми, Паоло Мальдини, Джанлуиджи Буффон (Италия), Андони Субисаррета, Икер Касильяс, Хави Эрнандес (Испания), Ригобер Сонг, Самуэль Это’О (Камерун), Хоң Мюң Бо (Оңтүстік Корея), Денис Каниса (Парагвай), Сами әл-Жабер (Сауд Арабиясы), Тьерри Анри (Франция) және Рафаэль Маркес (Мексика).

Осылардың ішінде тек Р.Маркестің ғана биыл бесінші додасында жасыл алаңға шығудан үміті бар. Касильясты испан бапкері шақырмады, Буффон байғұстың Италиясы іріктеу сынынан өте алған жоқ.

Биыл өзінің төртінші чемпионатына келген «төрелер» де аз емес. Ең әуелі, 2010 жылғы әлем чемпиондары Андрес Иньеста мен Серхио Рамосты айтуға тиіспіз. Бұл қатарда аргентиналықтар Хавьер Маскерано мен Лионель Месси, сондай-ақ австралиялық Тим Кэйхилл мен португалдық Криштиану Роналду да бар.

Үш әлемдік додаға қатысқан футболшылардың саны қазір — 233. Бұлардың қатарын толықтырғалы тұрған футболшылардың ішінде Гонсало Игуаин мен Серхио Агуэро (Аргентина), Давид Сильва мен Серхио Бускетс (Испания), Томас Мюллер мен Месут Өзіл (Германия), Луис Суарес пен Эдинсон Кавани (Уругвай), Джердан Шачири мен Штефан Лихштайнер (Швейцария) бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here