Португал футболының жарық жұлдызы – міне, 13 жылдан бері күллі әлемнің назарында. Әу баста хас таланттың тұсауын кесуге… қазақ футболының да аздап қатысы болғаны мәлім. 2003 жылдың тамызында Еуропаның сонау ең батыс мүйісіндегі Шавиш атты шағын қалада өткен Португалия – Қазақстан (1:0) жолдастық кездесуінде 18 жасар бозбала ұлттық команда жейдесін тұңғыш рет киген болатын. Содан бері бұл ойыншының әр қадамын біздің жанкүйер де қалт жібермей қадағалап келеді.
Көбелек бақ боп қонды ма?
…Көзіне қонған көбелекті қағып жіберуді ойлауға да шамасы келмеген шарасыз капитан сырқыраған тізесін ұстап, жыларман боп отыр. Шынында да, бұ не деген қаптап кеткен көбелек? Кейін мәлім болғанындай, «Стад де Франс» стадионының қызметкерлері сенбіден жексенбіге қараған түні жарықты сөндіруді ұмытып кетіпті. Табиғатынан жарық сәулеге жаны құмар жәндік атаулы түнімен атшаптырым стадионды ерінбей аралап, еркін жайлаған. Ертесі күндіз сондағы қуыс-қуысқа жасырынып, жан сақтаған. Кешке, дәлірек айтқанда, 2016 жылғы шілденің 10-ынан 11-іне қараған түні, яғни, ХV Еуропа чемпионатының финалы басталар шақта жарқ еткен жарықпен бірге мың-миллион көбелек конфеттише бұрқырай ұшып шыға келген. Бұл шынында да Альфред Хичкоктың өзі қызығар… қорқынышты көрініс еді: бүкіл стадионды қалбаңдаған қара ала, қызыл ала көбелек басып кетті! Трибунада отырған Пьерлуиджи Коллина жалтыр басын жанап өткен бір үйір пәлекетке үрейлене қарады. Алаң жиегіндегі Дидье Дешам тап танауының алдынан көлбеңдеп кетпей қойған жәндіктерден қос қолын әрі-бері ербеңдетіп жүріп әрең құтылды. Тіпті бір әдепсіз көбелек әлдене деуге оқтала берген төреші Марк Клаттенбургтің аузына кіріп те кете жаздады…
Алайда капитан мұның бірін де аңғарған жоқ. Ол тіпті өз көзіне үймелеген көбелекті де жасқауға әрекеттенбеді. «Бәрі бітті» деп ойлады-ау ол. «Бәрі бітті». 12 жыл бұрын да Португалия финалда ұтылған болатын. Ол кезде бірақ бұл небәрі 19-да еді. Қазір 31-де. Нағыз дер шағында. Нағыз ерлік жасайтын мезет. Ешқашан чемпион болып көрмеген өз елінің ұлттық құрамасын ұлы жеңіске жетелер сәт. Ал бұл… орнынан тұра алар емес. Осыдан бірнеше минут бұрын алаң ортасында француз Пайет кеп соққан тізесі сырқырап, аяғын бастырмайды. Әлгінде алаң сыртына шығып кетіп, дәрігерлер жанын салып ұшықтаған соң қайта оралған капитан бәрібір ештеңе өнбесін білді. Көзінен ыршыған ыстық жасты жұрттан жасыруға да тырыспады. Амал жоқ, алаңнан кетуіне тура келді. Оның орнына Рикарду Куарежма шықты.
Аяғын жақсылап таңдырып, алаң жиегіне қайта оралған Криштиану өз командасының өте жігерлі ойынына куә болды. «Бәрі бітті» дегені бекер екен. Руй Патрисиу қос бағана арасында арыстанша арпалысты, қарсыластың қаншама соққысын қақпаға дарытпады, Пепе бастаған қорғаушылар француздардың әр шабуылына тойтарыс беруге тырысты, Нани мен Куарежма жетелеген алғы шеп үнемі гол соғарлық ұрымтал сәт іздеумен болды. Ақыры тапты да! Эдердің сойқан соққысы Португалияға алтын әперді. Бұл уақытта капитан алаң жиегінде Фернанду Сантушпен бас бапкер міндетіне таласып тұрған. Төрешінің ақырғы ысқырығы естіле сала бәрі – Португалия құрамасының ойыншылары, бапкерлері, массажистері, дәрігерлері, әкімшілері, т.б. көбелекше құжынап, жасыл алаңға лап қойды.
«Енді өкіл әкең менмін!»
Роналду құрама сапында 79 доп соқты (147 кездесуде), сөйтіп, неміс Мирослав Клозе (71 гол, 137 матч) мен венгр Шандор Кочишті (75 гол, 68 матч) басып озып, Еуропадағы ұлттық құрамалары мергендерінің тізімінде таза 2-орынға шықты. Енді алда тек тағы бір даңқты венгр шабуылшысы Ференц Пушкаш (84 гол, 89 ойын) қана тұр.
Криштиану Роналду 2016 жылы …Палестинада «Жыл адамы» атанды. Бұл марапат оған «спорттық ерліктері мен адами қасиеттері үшін» берілді. Футболшы былтыр көктемде Таяу Шығыстағы кезекті бомбалау кезінде ата-анасынан айрылған палестиналық бес жасар жетім баламен кездескен еді. «Әскери қақтығыста мен Палестинаны қолдаймын» деп мәлімдеген ол тамыз айында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуден бас тартты. Осы ел құрамасымен ойында еврей футболшыларымен жейде алмасуға келіспей қойғаны тағы бар. Жеңіп алған «Алтын бутсысының» бірін аукционда сатып, одан түскен 1,5 миллион долларды палестиналық балаларға жәрдем ретінде аударғанын да білеміз.
Өткен жылы сондай-ақ К.Роналду өзі …өлімнен құтқарып қалған поляк жасөспіріммен кездесті. Оқиға былай болған: 2013 жылы белесебет теуіп жүрген 14 жасар Давид есімді балақайды мәшине қағып кетеді. Ауыр жарақат алған бала есін жимаған күйі үш ай ажал аузында жатады. Ештеңе көмектеспейді. Ақыры дәрігерлер кеңесіне сүйенген ата-ана дауыс терапиясына жүгінеді. Давид «Реал» ойыншыларын, оның ішінде әсіресе Криштиануды айрықша жақсы көреді екен, сол үшін ол қатысқан ойындардың үні жазылған аудиотаспаларды тыңдата береді. Бірде (2013 жылдың 19 қарашасында) Швеция – Португалия матчынан тікелей репортаждың даусын қаттырақ шығарып, төсектің жанында отырған ата-ана К.Роналду кезекті голын соққан кезде – о, құдірет! – баланың көзін ашқанын байқайды!
Бір айдан соң Давид Павлачик толық сауығып, ауруханадан шығады. Поляк журналисі Михал Водзински осы оқиға туралы бірнеше мақала жазып, португал футбол жұлдызының агенті Жорже Мендешке хабарласып, ақыры бала мен кумирдің кездесуін ұйымдастырады. Арада бірнеше ай өткенде Давид әке-шешесімен бірге Варшаваға – Чемпиондар лигасы аясындағы «Легия» – «Реал» (есеп 3:3) матчына келеді. Сөйтіп, өміріндегі ең ауыр да қорқынышты сәттен аман өткен бақытты балақай мен оның құтқарушысы бетпе-бет кездеседі. Журналист ағылшынша білмейтін Давидтің мектепке қайта оралғанын, сабағының жақсы екенін айтқан сөздерін футболшыға аударып береді, ал кеудесін кернеген қуаныштан ыржиып күле берген Роналду баланың шашынан қайта-қайта сипап, «енді өкіл әкең менмін!» депті.
«Еңбек бәрін жеңбек»
Криштиану Роналду – жеңімпаз ғана емес. Оның өмір жолы – талапты жас өркенге таптырмас өнеге. 15 жасында оған айтыпты: «Балақай, жүрегіңде ақау бар, футболды қайтесің, құрысын, таста!» Қайдағы тастаған? Операция жасатты, емделді, үш ай тынықты, сосын қайтадан футбол алаңына келді. Тренажерлік залдың есігін күзеткен қарауылға тіпті «Криштиану кіріп кетпесін» деген тапсырма берілген екен. Бапкерлердің ойы адал, әрине: «кеше ғана айығып шыққан бала артық жаттығам деп, ауру жамап алмасын» дейді де. Бірақ «артық қылам деп тыртық қылатын» әумесеріңіз Криштиану емес, ол үнемі бағдарлама бойынша ғана жаттығатын.
18 жасында ұлттық құрамаға шақырылды, 21-інде – команданың көшбасшысына айналды. 23-інде – «Манчестер Юнайтедтің» сапында Чемпиондар лигасын ұтты және «Алтын допты» иеленді. 24 жасында «Реалға» ауысты. Одан әрі – сегіз жыл ішінде үш Чемпиондар лигасы, төрт «Алтын доп»! Ал 30 жасында мадридтік суперклуб тарихындағы ең үздік футболшы атанды (ресми түрде).
Ең бастысы, оның жетістіктерінің бәрі де – қыруар еңбекпен келген. Оның бойы – 185-ақ сантиметр, бірақ ол қазір әлемдегі әуелеген допқа ең биік секіретін ойыншы! Еуро-2016 жартылай финалында бұған Уэльс қорғаушыларының да көзі жетті. Жасы 32-ден асса да, оның жылдамдығы әлі сол күйі – сенбесеңіз, Криштианудың әр ойында допсыз қанша жүгіретінін, қалай сауатты ашыла білетінін көріңіз. Соққы бағыттау жағынан тіпті оған тең келетін ешкім жоқ деуге де болады: санның қалайда сапаға айналатынын ұғып алған ол оңтайлы сәт келсе-ақ дереу қақпаны нысанаға алады.
Криштиану Роналду құдіретінің құпиясы мынадай үш фактордан құралады. Біріншісі – таңқаларлық тәртіптілік пен талапшылдық. Ол футболға сәл де болса зияны тиеді-ау деген нәрсенің бәрінен қашты. Алкогольді ішімдіктер оның ішінде алғашқылардың бірі болып құрыды: футболшы шараптың зардабы қаншалықты екенін өз әкесінің мысалынан-ақ жақсы білетін. Жүйке тынықтырудың Роналду таңдаған жолдары жетерлік: ол ұлымен ойнайды, қыдырады, суда жүзеді, саяхатқа шығады.
Екіншісі – сарқылмайтын жеңіс аңсары: ол алмаған жүлде, ол иеленбеген атақ жоққа тән, бірақ Криштиану «кімнің үздік футболшы» екенін күн сайын әлемге және, ең бастысы, өзіне дәлелдеуден танар емес.
Үшінші фактор – команданы соңынан ерте білетін көшбасшылық қасиеті. «Реалда» байқалған бұл мінезі әсіресе Португалия құрамасында айқын аңғарылды. Кешегі доп додасының шешуші ойындарында Криштиану негізінен әріптестеріне пас шығарып, соларға жағдай жасаумен болды.
Португал мегажұлдызының өмір жолы – «жалаң таланттан жанкешті еңбек артық» деген мәтелдің нақты дәлелі. Криштиануда бәрі бар – атақ, даңқ, ақша, құрмет, ықпал… Бірақ ол сонда да алаңда бәрінен дерлік артық еңбек етеді, спорт залында бәрінен дерлік ауыр бейнет шегеді. Футбол Құдайы оны өзі сүйген іске мейлінше құлай берілген осы адалдығы үшін де жарылқаған шығар, бәлкім?
Сәкен СЫБАНБАЙ
7-нөмірдің 7 тұжырымы:
*Мен ешқашан қиындыққа мойыған емеспін. Қашанда мақсатыма ұмтылумен болдым, міне, енді сол өзім армандаған деңгейге жеттім.
*Өмірімде мағына болуы үшін мен футбол ойнаймын.
*Арманым – барынша көп гол соғу. Көптігі сондай, тіпті ол цифрдың қалай аталатынын мен білмеуім қажет!
*Менің бойымда футболды тәп-тәуір ойнауға ғана жеткілікті қабілет болды. Қалғанының бәрін мен тынбай жаттығу, үздіксіз үйрену, бәрінен озуға ұмтылу барысында жетілдірдім. Егер сіздің бойыңызда талант болып, бірақ оны дамытуға тырыспасаңыз, ешқашан да табысқа жете алмайсыз.
*Мені «менмен, өркөкірек, тәкаппар» санайтын адамдармен араласқым келеді. Нағыз Криштианудың қандай жан екенін олар сонда көрер еді.
*Егер менің командам өте маңызды матчтарда ұтылса, онда мен ұйықтай алмаймын. Сол түні ғана емес, тағы екі-үш түн бойы. Жеңілу деген – біздің кәсіптегі ең жексұрын кемшілік қой.
*Әр жыл сайын мен өз шеберлігімді шыңдай түсіп, ойын деңгейімді өсіруге барымды саламын. Бұл – Мессимен жарысу емес, бұл – менің өз-өзіммен айқасуым.