Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Илья Ильинге қатысты ресми шешімін жариялады. Бұған дейін даңқты зілтемірші допинг дауына шырмалып, Бейжің жəне Лондон олимпиадаларындағы алтын медальдарынан айырылған болатын. Ильиннен бөлек тағы үш отандасымыз — Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зүлфия Чиншанло да Лондонның басты жүлдесін кері қайтарған еді. Подобедова мен Манеза спорттан қол үзді, ал Чиншанло екі жылға айыпталды. Ильинге қатысты шешім біраз уақыт кешеуілдеді.
IWF тәртіп кеңесінің шешімі бойынша Ильиннің айып мерзімі де — 2 жыл. Айып уақыты 2016 жылдың 10 маусымынан — Ильяға айып ресми тағылған күннен басталады. Демек, 7 айдан кейін даңқты зілтемірші қайтадан жұрт алдына шыға алады.
Ең бастысы, Қазақстан Республикасы ауыр атлетика федерациясының күш салуымен Ильиннің олимпиялық емес жүлделерінің бәрі өзінде қалатын болды.
Ол қандай жүлделер?
1. Әлем чемпионы (4 рет — 2005, 2006, 2011, 2014)
2. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы (2 рет — 2005, 2006)
3. Азия ойындарының чемпионы (2 рет — 2006, 2010)
4. Әлем рекордшысы (4 рет)
5. Әлемнің үздік зілтеміршісі (2005, 2006, 2014, 2015)