Футзалдан Қазақстан құрамасы Колумбияда өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалында Испаниядан 2:5 есебімен ұтылды. Сөйтіп, өзі қатысқан ІІ финалдық турнирде таңдаулы 16 команданың сапына енді.
Өз тарихында тұңғыш рет отандастарымыз 2000 жылы Гватемалада өткен әлемдік додаға қатысқан еді. Онда қазақстандықтар Бразилиядан — 1:12, Гватемаладан — 5:6, Португалиядан 2:6 есептерімен ұтылып, А тобында соңғы орында қалды. Қазақстан құрамасы бұл турнирде 8 гол соғып, өз қақпасына 24 гол жіберіп алған-ды.
Биылғы сында отандастарымыз 4 кездесу өткізді. Е тобында Аргентинадан 0:1 есебімен ұтылған соң, Коста-Риканы — 3:1, Соломон аралдарын 10:0 есептерімен тізе бүктірді. Сөйтіп, өз тарихында тұңғыш рет плей-оффқа шықты. Бірақ бұл кезеңде Испания аяқтан шалып отыр.
Естеріңізде болса, дәл осы Испания құрамасы биылғы Еуропа біріншілігінің жартылай финалында отандастарымызды 3:5 есебімен қапы қалдырып кеткен еді.
Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатында өз тарихындағы мынадай үлкен жетістіктерге қол жеткізді:
1. Тұңғыш рет Еуропа үздіктерінің бірі ретінде қатысты (2000 жылғы додаға Азияның үздік командаларының санатында барды).
2. Тұңғыш жеңіске жетті (Коста-Рика — 3:1).
3. Тұңғыш ірі жеңіске жетті (Соломон аралдары — 10:0).
4. Тұңғыш рет плей-оффқа шықты.
5. Тұңғыш рет доп айырмасын өз пайдасына аяқтады (15:7).
6. Осы турнирде 4 аймақтың құрамасымен кездесті.
2000 жылғы әлемдік додамен салыстырғанда мынадай «минустар» бар:
1. 2000 жылы бас мергеніміз Талғат Баймұратов 4 гол соқса, бұл жолы Дуглас пен Павел Таку 3 реттен қақпаларды дәл көздеді.
2. Т.Баймұратов топтағы 3 қарсыластың қақпасына да гол енгізсе, бұл жолы Дуглас, Таку және Лео топтық турнирде 2 ойында (Коста-Рика мен Соломон аралдары) қатарынан доп соқты.
3. Биылғы додада өз қақпамызға бір гол соғып алдық (Нұрғожин — Испания).
Оң өзгерістер мынадай:
1. 2000 жылы Қазақстан қақпасына 1 «» (Де Мата — Гватемала), 1 «хет-трик» (М.Тобиас — Бразилия), 6 «дубль» (Ленисио, Шумахер, Вандер, Индио — бәрі Бразилия, Арналдо, Нелито — Португалия) соғылып еді. Биыл ешқандай «дубль», «хет-трик», «» жіберіп алғанымыз жоқ.
2. Биыл Қазақстан құрамасы 3 «дубль» (Кнауб, Дуглас, Таку — Соломон қақпасына) жасады. Бұл 2000 жылғы Гватемала додасындағыдан 1 «дубльге» артық (Юсупов пен Баймұратов Гватемала қақпасына қос-қостан гол тоғытқан болатын).
3. Қазақстан құрамасының 9 футзалшысы әлем біріншілігінде гол соқты (Дуглас, Лео, Таку, Кнауб, Мун, Пенгрин, Есенаманов, Нұрғожин, Довгань). 2000 жылы 3 кездесуде 4 футзалшы (Баймұратов, Юсупов, Линевич, Луконин) есімдерін тарих парағына жазып кетті.
4. Дәурен Нұрғожин — бір ойында өз қақпасына да, қарсыластарға да гол соққан алғашқы футзалшымыз (Испания, 31 минут — қарсыласқа, 32 минут — өз қақпасына).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here