Бүгін Ресейдің Улан-Удэ қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталады. 3-8 қазан аралығында – іріктеу кезеңі, 9 қазанда – 1/8 финал, 10 қазанда – ширек финал, 12 қазанда – жартылай финал, ал 13 қазанда финал өтеді.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ерік Алғабек бұл сынға Қазақстан спартакиадасының жеңімпаздары қатысатынын мәлімдеді. Яғни әр салмақта ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшылары сынға түседі.

Олар – Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Айжан Қожабекова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Дариға Шәкімова (69 келі), Акерке Бақытжан (75 келі), Фариза Шолтай (81 келі), Дина Исламбекова (+81 келі).

2018 жылғы әлем чемпионаты Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп, Қазақстан құрамасы екі жүлде иеленген еді. 51 келі салмақта Жайна Шекербекова – күміс, 60 келіде Карина Ибрагимова қола жүлдегер атанды. Биыл екеуі де құрамда жоқ. Қазіргі құрамдағы қыздар ішінде Назым Қызайбай – екі рет, Дина Жоламан бір рет әлем чемпионы атанды. Назым 2014 және 2016 жылдары 48 келі салмақ дәрежесінде теңдессіз болды. Ал Дина 2016 жылы Астанада өткен додада 54 келіде алтыннан алқа тақты. А.Қожабекова сол жолы қола жүлдегер атанған еді. Сондай-ақ боксшы аруларымыздің ішінде Рио олимпиадасының қола жүлдегері Д.Шәкімова да бар.