Жексенбі таңында АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы (6-0, 2КО) шаршы алаңға шығып, тамаша жеңіске жетті. Ол тәжірибелі мексикалық боксшы Кристиан Оливасты (16-5, 13КО) төрешілердің ортақ шешімімен қапы қалдырды.
Бұл Әлімханұлы өткізген алғашқы он раундтық жекпе-жек болатын. Жәнібек қарсыласын еркінсітпей, қашықтықты өте жақсы ұстап, күтпеген соққылар жасап, күмәнсіз жеңді. Төрешілердің екеуі біздің боксшымыздың пайдасына – 100:90, біреуі 99:91 ұпайын берді.
Қалай дегенде де, Жәнібек он раундты әдейі толық өткергені білініп қалды. Өйткені екінші раундтан-ақ ол анағұрлым басым жұдырықтасып, қарсыласын өз ырқына көндіріп алды. Алдағы мықты жекпе-жектер үшін бүгінгі дайындық мықты болуға тиіс. Әлімханұлы осыны жадынан шығармаған сияқты. Кездесуден кейін ол әлеуметтік желіге жазба жариялап, бұл бүкіл халықтың жеңісі екенін атап өтті. Boxing-Royalty туиттер-аккаунты отандасымыздың жеңісін ерекше атап өтті. «Ж.Әлімханұылының стилі ұнайды. Ол өзінің кемшіліктерін тез түзетіп келеді. Жекпе-жек барысында ол қарсыласын әбден тығырыққа тіреді. Кездесуді ерте аяқтауы да мүмкін еді. Оливастың бұрышы кездесу соңы таяғанда жекпе-жекті тоқтатуға даяр екендерін айтып қалды», – деп жазды ол.
Жекпе-жек қорытындысында Ж.Әлімханұлы орта салмақтағы WBC Continental Americas және WBO Global атақтарын жеңіп алды. Оң иығынан аздап жарақат алғанмен, онысы аса қауіпті емес. Ең бастысы, Жәнібектің өз сөзімен айтқанда, мұның бәрі тәжірибе жинауға көмектеседі.
Осы жеңісінен кейін Ж.Әлімханұлы BoxRec беделді сайтының рейтингінде өз дивизионындағы орнын жақсартты. Ол бұрынғы орнына екі саты жоғарылап, 52-орынға тұрақтады.
Әлімханұлы – Оливас кездесуі әлем чемпионы атағы үшін украиналық Василий Ломаченко мен ұлыбританиялық Энтони Кролла жекпе-жегінің андеркартында өтті. Басты сында Ломаченко Кролланы төртінші раундта нокаутпен жеңіп, WBA және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды.