«Жас Алаш» газеті өз тарихындағы ізгі дәстүрлерден жаңылмай, қазақ спортының тарихын тұрақты түрде түгендеп келеді. Биылғы көктемде «Қазақтан шыққан әлем чемпиондары» жобасын бастап, Ш.Серіков, Т.Досымбетов, М.Сатыбалдиев, Н.Меңдіғалиев, Қ.Ералиевтердің жеңісі туралы мақалалар жарияладық. Жоба әлі жалғасып жатыр. Сондағы беташар сөзімізде бұл бастаманың «Қазақтан шыққан олимпиада чемпиондары», «Қазақстаннан шыққан олимпиада чемпиондары» жобаларымен жалғасатынын да айтқанбыз. Бүгін сол сөзімізді іспен қуаттап, қазір Ресейде тұрып жатқан зілтемірші Алла Важенинамен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Алла 2008 жылғы олимпиадаға Қазақстан атынан сынға түсіп, 75 келі салмақта күміс жүлде жеңіп алды. Бірақ 2016 жылы Бейжің олимпиадасының чемпионы Чао Лей (Қытай) мен қола жүлдегер Надежда Евстюхинаның (Ресей) допинг сынамасы оң нәтиже бергені анықталып, ХОК екеуін де жүлдеден айырды. Сөйтіп, Бейжің-2008 додасының чемпионы атағы Алла Важенинаға бұйырды. А.Важенина 2009 жылы спорттан қол үзіп, өзінің туған жері – Ресейдің Қорған облысындағы Шадринск қаласына оралды. Кейіпкерімізбен байланысқа шығу оңай соқпады. Журналистік табандылықпен бір жыл бойы ізденіп, жақында Алла Иванқызының байланыс нөмірін де таптық, сөзге де шақырдық. Үш баласын тәрбиелеп отырған чемпион біздің талабымызды қайтарған жоқ.

– Бейжің олимпиадасының алтынын сізге тапсыру оқиғасына кіріспей тұрып, сол олимпиадаға жолыңыз қалай түскенін әңгімелесек. Ресейде негізгі бәсекелесіңіз Н.Евстюхина болды. Олимпиада қарсаңында сізге ойындарға қатыса алмайтыныңыз бірден айтылды ма?

– Иә. Бірақ 2007 жылы бізге емес, Қорған облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бастығы А.Васильев біздің неге халықаралық жарыстарға бармайтынымызды сұрағанда, Ресей ауыр атлетика федерациясының президенті Н.Пархоменко солай деп жауап берді. «Жарысқа барған жоқ, бармайды да!» деп Пархоменко еш себебін айтпастан бір-ақ кесіпті. Васильевтің: «Кетіп қалады ғой», – дегеніне: «Қайда барады дейсің?» – депті ол. Міне, әңгіменің бас-аяғы осы. Васильев Қорған қаласына келе салып, мұны облыс губернаторы О.Богомоловқа жеткізген.

– Евстюхинаның нәтижелері сіздікінен шынында да жақсы болды ма? Қай бағдарламада сіз одан көп ұтылып жүріңіз?

– Өкінішке қарай, ұзақ жыл бойы жаттығу жағдайымыз тең болған жоқ, іріктеу негізінде де спорттық принципке назар аударылмады. 2008 жылғы олимпиадада көрсеткен нәтижелерім барлық сұраққа жауап берген сияқты: Надежда Евстюхина ІІІ орын алды, одан кейін айыпталды. 2012 жылғы Лондон олимпиадасындағы өнері де кейін нөлге айналды.

– Қазақстан ауыр атлетика федерациясы сізге қалай хабарласты? Бір-біріңізді қалай таптыңыздар?

– Васильев пен Пахоменконың әңгімесінен кейін бізде елден кетіп, басқа елдің туы астында олимпиялық құрамаға іріктеуден өтуден басқа жол қалмады. Біз ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ниге хат жаздық. Ол жаттығу жиынына шақырды. Жиын аяқталған соң менің Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдап, Қазақстан құрамасымен бірге жаттығуды бастау туралы нақты шешім қабылдадық. Қазақстан құрамасының аға бапкері Батырбек Оздоев, ұлттық команданың мүшелері Мария Грабовецкая, Ирина Некрасовалар қатты қолдау білдірді. Олармен әлі күнге құрбымыз.

– Оңтүстік Қазақстан облысы атынан сынға түсуге кім шақырды? Сіздерге қандай мүмкіндік ұсынды?

– Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыр атлетикадан балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиада ізбасарлары мектебінің директоры Юрий Мельников шақырды. Дегенмен Юрий Александрұлы уәде еткен міндеттемелердің жартысы мүлде орындалған жоқ, жартысы уақытынан кешігіп іске асырылды. Көп сұхбаттарда, өмірбаяндық деректерде Ю.Мельников менің бапкерім ретінде көрсетіледі. Бірақ ол ешқашан, тіпті бір күн болса да жаттықтырушым болған емес. Менің жалғыз бапкерім – Юрий Боровских.

– Бейжің олимпиадасына дейін қарапайым жанкүйерлер сіз туралы ештеңе білген жоқ. Бұл да сізге қол болды ма? Дұрыс бағаңызды ала алмай жүргеніңіздің бекер екенін бәріне дәлелдейтіндей сенімділік болды ма?

– Бұл туралы тіпті ойланған емеспін. Мәселе дұрыс бағалауда емес, жаттығу жағдайының теңсіздігінде және халықаралық жарыстарға қасақана апармауда. Ол кезге дейін мені спортқа он жылымды арнадым, бапкерімдікі одан да көп болды. Біз нәтиже үшін жұмыс істедік, мақсатымыз – олимпиада жүлдесі еді. Көрсетіп жүрген нәтижелеріміз «үштікке» енуге мүмкіндік беретін еді.

– Олимпиадаға дейін сіз Қазақстан атынан Азия чемпионатында сынға түсіп, күміс жүлде иелендіңіз. Қытайлық Чао Лей алдыңызды орап кетті. Сіз оны бірден басты қарсылас ретінде таныдыңыз ба? Лей мен Евстюхинадан басқа кім сізге Бейжің олимпиадасында бәсекелес болады деп ойладыңыз?

– Олимпиялық ойындар – ерекше жарыс. Онда күтпеген нәрселер көп болуы мүмкін, сондықтан өзіме басты бәсекелестерді ерекшелегенім жоқ. Біз үлкен жұмыс атқардық, сенімімді нығайта түскен нәтижеге қол жеткіздік. Соны олимпиадада көрсету басты міндетім болды.

– Олимпиада келіп жетті. Жұлқа көтерудің алғашқы мүмкіндігінде 115 келіні бағындыра алмадыңыз. Себебі неде? Дұрыс әзірлене алмадыңыз ба, әлде күйіп кеттіңіз бе? Одан әрі өзіңізді қалай қолға алдыңыз?

– Иә, бірінші мүмкіндігім сәтсіз болды, бірақ оған қатты еңсем түсе қойған жоқ. Қате жібердім, бірақ оны екінші талпыныста сенімді түрде түзей алдым. Үшінші кезекте 119 келіге тапсырыс беріп, оны да сәтті көтердім.

– Жұлқа көтерудегі нәтижеге көңідіңіз болды ма? Әлде сәл жоғарырақ нәтиже көтеруге болар ма еді? А.Ни мен бапкерлік құрам сізді ауырлау салмақтарға итермеледі ме?

– Жұлқа көтеру бағдарламасынан кейін мен екінші орында тұрдым. Бірақ бұл өзім дайын болған үздік нәтиже емес еді. Қазір мен сәтсіз аяқталған бірінші мүмкіндігіме өкінемін, бірақ ол кезде өкініп жатуға да уақыт болмады. Бірінші жаттығу қорытындысы бойынша Евстюхина менен екі келі ұтылып тұрды.

– Серпе көтеруде сіз бірден 141 келіні көтеруге шықтыңыз. Өзіңізден кейін Лей ғана қалып еді. Бұл да Евстюхинаға жасалған қысым болды ма?

– Екінші жаттығуда күміс жүлде үшін тактикалық күрес жүрді. Ортаға бірінші Евстюхина шықты. Менің мақсатым – басымдықты сақтау және соңғы шығу кезегін өзіме қалдыру болды.

– Евстюхина екінші мүмкіндігінде – 143 келіні, сіз 145 келіні тік көтердіңіз. Бірақ оның салмағы сізден миллиграмдарға ғана жеңіл еді. Енді сізге 147 келіге тәуекел ету ғана қалды. Бұл кезде не шештіңіздер, қандай тактикалық ойын жүрді?

– Екінші кезегімнен кейін мен Евстюхинадан қоссайыс қорытындысында 4 келі алда тұрдым. Ол менен жеңіл еді, сөйтіп, үшінші кезегінде бапкерлер оған 147 келіге тапсырыс жасады. Мен серпе көтеруде Надеждадан алда болғандықтан, дәл осы салмақты қайталасам да жеткілікті болды. 147 келіні көтеретініме ешқандай күмәнім болған жоқ.

– Лей өте сенімді, қаһарлы, тіпті тым үстем өнер көрсетті. Оның күштілігіне күмән туған жоқ па? Лейдің айыпталуы туралы жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Біз қытай зілтеміршілерінің әлемдік және олимпиялық рекордтарды қалай оп-оңай жаңартып жатқанын көрдік те, Ч.Лейден басқаша нәтиже күтпедік. Бірақ сегіз жылдан кейін Лейдің қайта ашылған «А» сынамасы оң нәтиже берді деп хабарлады.

– Олимпиададан кейін сіз Қостанай облысына ауыстыңыз. Ол жерде де уәделер орындалмады ма? Әлі де өнер көрсете беруге тырыстыңыз ба?

– Мен жаттығуды үзбедім, әлі де өнер көрсетуге дайын едім. Келісімдер жүйелі түрде орындалмай жатқандықтан, Оңтүстік Қазақстан облысынан кетуімізге тура келді. Бірақ Қостанай облысында да ары қарай жаттығатын жағдай жасап бере алмады, тұратын үйіміз де жоқ болды. Қазір айтудың өзі ыңғайсыз, бірақ айлық жалақым жеті мың теңгенің айналасында ғана еді. Ал Қазақстанда олимпиадаға дейін де, кейін де өз үйім болған емес. Біз үнемі Қазақстаннан Ресейге барып-келіп жүруге мәжбүр болдық.

– Қазақстаннан толық кетуге қашан шешім қабылдадыңыздар? Біздің ел есіңізден несімен қалды?

– 2009 жылдың соңында біз Қазақстаннан кеттік. Мен Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдадым. Қазақстанды үнемі үлкен құрметпен, ризашылықпен еске аламын. Бізге жаттығуды жалғастыруға, ел азаматтығын қабылдауға, олимпиялық құрамаға қабылдануға, барлық сынақтан өтіп, ұлттық құрама сапында олимпиадаға баруға мүмкіндік жасалды. Ұзақ жылдық еңбегіміз лайықты марапатпен түйінделді. Еңбегімізді жоғары бағалағаны үшін Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамыз. Президент жарлығымен мен – «Парасат» орденімен, бапкерім «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдық. Сонымен қатар біз олимпиада қорытындысы бойынша тиесілі сыйақымызды да алдық.

– Қалай дегенде де күміс жүлде он жыл бойы қолыңызда болды. Оның отбасылық құндылығыңызға айналғанына сөз жоқ. Міне, ХОК-тың ресми сайтын ашып отырмыз, онда сіз – Алла Важенина Бейжің олимпиадасының чемпионы ретінде көрсетіліп тұрсыз. Күміс медальді тапсырдыңыз ба? Алтын жүлде қолыңызға тиді ме?

– Шынында да, зор майданмен қолым жеткен күміс жүлде біз үшін алтын медаль іспетті еді. Бүкіл спорттық ғұмырымның ажырамас бөлігі болған «бармақ басты, көз қысты» қиянаттар бұл жүлдені одан әрі құнды ете түседі. Әрине, оны беру оңай болған жоқ. Медальді Қазақстан ауыр атлетика федерациясына тапсырдық, енді алтын медальдің берілуін күтіп жүрміз.

– Шадринскіге оралған соң, өзіңізді отбасылық өмірге арнап жүрсіз. Көркем де әдемі үш қызыңыз бар. Жолдасыңыз екеуіңізге де қымбат спортқа тер төгіп жүр. Өміріңіз қалағаныңыздай болды деуге бола ма?

– Менің отбасым – менің байлығым. Жолдасым Ю.Боровских – өз бапкерім. Қазір ол ауыр атлетикадан Ресей құрамасының (жасөспірім қыздар) аға бапкері болып қызмет істейді. Үлкен қызым Варвара 6,5 жасқа келді, егіздерім Лиза мен Настя қаңтар айында үшке толады. Өмірім эмоцияға толы! Қазір облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорттық-бейімдеу мектебінің директорымын. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әзірше қорытынды жасауға ерте, барша жақсылық алда деп ойлаймын!

– Қазақстандық спортшылар мен жанкүйерлерге қандай тілегіңіз бар? Олар есіңізде несімен қалды?

– Өкінішке қарай, соңғы жылдары саясат спорттың ажырамас бөлігіне айналып кетті. Спорттық принцип пен спортшылардың құқығы жиі бұзылады. Қазақстан спортшыларына өздерінің сүйікті шаруасымен еш кедергісіз айналысып, ең жоғары нәтижелерге жетуін, Қазақстан туын жиі желбіретіп, әнұранын жиі шырқатуды тілеймін. Қазақстандық жанкүйерлерді зор құрметпен есіме аламын. Жарыс кезде спортшы барынша тұйықталады, өзін сынға ғана арнайды. Жұрт алдына шыққан кезде мен бапкердің дауысын ғана естимін. Бірақ олимпиада кезінде бапкерімнің кеңесінен бөлек, қазақстандық жанкүйерлердің дауысын да анық естіп тұрдым. Олар менің спорттық ғұмырымдағы ең жанкешті жанкүйерлер болды. Олар дауыстары қарлыққанша айқайлады! Жанкүйерлерге «сүйікті спортшыларыңыздың өнерінен ләззат алыңыздар, спортшылар жеңіс тұғырында тұрған кезде ғана емес, спорттық ғұмырларындағы қиын сәттерде де қолдай біліңіздер» дегім келеді.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

(«Жас Алаш» газеті, 23.11.2018 ж)

Ақпарат агенттіктерінің, А.Важенинаның отбасылық суреттері пайдаланылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here