Нью-Делиде (Үндістан) бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мәреге жетті. Қазақстан құрамасы бұл сынды бір күміс, бір қола медальмен қорытындылап, жалпы есепте тоғызыншы сатыға табан тіреді.

2017 жылдың жазында Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) бокстан Токио-2020 олимпиадасындағы салмақ дәрежелерін қысқартып-арттырды. Жаңылтпаш сияқты айтып отырғанымызбен, бұл анық шындық. Рио олимпиадасында ерлер 10 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салған болса, алдағы олимпиадада 8 салмақта сынға түседі. Яғни ерлер арасындағы салмақ дәрежелері екіге қысқарды. Ал әйелдер осыған дейінгі екі олимпиадада (Лондон, Рио) үш салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп келген болса, Токидо бес салмақта алтын жүлдеге таласады.

3 қарашада өткен АИБА конгресінде ерлердің олимпиялық бағдарламасына 52, 57, 63, 69, 75, 81, 91 және +91 келі салмақ дәрежелері енді. Яғни енді аса жеңіл салмақтағы (49 келі) және 60 келідегі боксшылар төртжылдық додасына қатыса алмайды. Ал әйелдер олимпиадада 51, 57, 60, 69 және 75 келі салмақ дәрежелерінде сынға түседі. Нью-Делидегі әлем чемпионаты әйелдер боксының қазіргі жай-күйін салмақтап, саралап алуға мүмкіндік берді. Қазақстан атынан бұл жарысқа он боксшы қатысты.

48 келі. Әйгерім Қасенаева. Іріктеу кезеңі – Жазиль Бобадилья (АҚШ) – 3:2; 1/8 финал – Мери Ком (Үндістан) – 0:5.

51 келі. Жайна Шекербекова – күміс медаль. Іріктеу кезеңі – Розет Ндонгала (Конго ДР) – 5:0; 1/8 финал – Ингрит Валенсия (Колумбия) – 3:2; ширек финал – Сандра Драбик (Польша) – 5:0; жартылай финал – Сукими Намики (Жапония) – 5:0; финал – Паң Чол-ми (КХДР) – 0:5. 2016 жылы Астанада өткен әлемдік додада Шекербекова қола жүлде еншілеп еді. Биыл бір саты жоғарылап, күміске қол жеткізді. Жайнаның жетістігі Қазақстан құрамасының ең жоғары көрсеткіші болды.

54 келі. Дина Жоламан. Іріктеу кезеңі – Мизуки Хирута (Жапония) – 4:1; 1/8 финал – Маниша Маун (Үндістан) – 1:4. 2016 жылғы әлем чемпионы Д.Жоламан бұл жолы атағын қорғай алмады.

57 келі. Назым Ищанова. Іріктеу кезеңі – Тамара Радунович (Черногория) – Ищанова шаршы алаңға шықпады.

60 келі. Карина Ибрагимова – қола медаль. Іріктеу кезеңі – Имане Хелиф (Алжир) – 3:2; 1/8 финал – Ву Ши-и (Тайпей) – 5:0; ширек финал – Яң Венлу (Қытай) – 5:0; жартылай финал – Келли Харриңтон (Ирландия) – 0:5. Харриңтон 2016 жылы 64 келіде сынға түсіп, біздің Зарина Толоеваны аяқтан шалып еді, бұл жолы Каринаны финал жолдамасынан айырды.

64 келі. Милана Сафронова. 1/8 финал – Мая Клайнханс (Германия) – 3:2; ширек финал – Мария Бова (Украина) – 0:5.

69 келі. Ақерке Бақытжан. Іріктеу кезеңі – Ерденетуя Енхбаатар (Моңғолия) – 5:0; 1/8 финал – Кей Скот (Австралия) – 0:5.

75 келі. Аида Оңдаш. Іріктеу кезеңі – Наташа Гейл – 0:5.

81 келі. Фариза Жолтай. 1/8 финал – Виктория Кебикова (Беларусь) – 0:4.

+81 келі. Ләззат Күнгейбаева. Іріктеу кезеңі – Татьяна Шевченко (Украина) – 5:0; 1/8 финал – Даниеле Перкинс (АҚШ) – 0:5. 2016 жылғы әлем чемпионы Л.Күнгейбаева атағын қорғай алмады.

Жалпы есепте 4 алтын, 1 күміс иеленген Қытай құрамасы топ бастады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here