18 қараша күні ауыр атлетикадан үш дүркін олимпиада чемпионы Найым Сүлейманоғлы 50 жасында өмірден өтті.
Қыркүйек айында чемпион бауыр циррозы деген диагнозбен ауруханаға жатқызылып еді. 11 қарашада оған ота жасалды. Бірақ Сүлейманоғлы бір аптадан кейін аурухана төсегінде қайтыс болды.
Найым Сүлейманоғлы 1967 жылдың 23 қаңтарында Болгарияда өмірге келді. Болгария атынан 1986 жылға дейін сынға түсіп, екі дүркін олимпиада чемпионы атанды. 1987 жылы түрік азаматтығын алды. 1988 жылғы Сеул олимпиадасында және 1992 жылғы Барселона олимпиадасында 60 келі салмақ дәрежесінде топ жарды. 1996 жылы Атланта олимпиадасында 64 келіде чемпион атанды.
Түркия атынан қатысқан әлем чемпионаттарында ол 5 рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Найым Сүлейманоғлы — ауыр атлетика спорты тарихындағы ең атақты спортшы. Ол 46 рет әлем рекордын жаңартты. Ең алғашқы әлем рекордын ол 16 жасында жасады. Бойының қысқалығынан (147 см) спорт әлемі оған «Қалта Геркулесі» деген лақап ат қойған.
Сүйлейманоғлының жеке бапкері, кезінде Қазақстан құрамасында консультант болған Әнуар Түркелери өз шәкірті жайлы былай деп естелік айтып еді:
— Бұл – 1984-1985 жылдардағы оқиға. Сол кездерi Болгария үкiметi сол елде туып-өскен және тұратын түрiктердi ассимиляциялау процесiн бастап кеттi. Өте қиын шақтар едi ол… Мен Найымды 1977 жылы таптым. 1984 жылға дейiн екеумiз үнемi бiрге болдық. Сол жылы түрiктер ассимиляцияға ұшырап, болгарша аты-жөн иелене бастады. «Сiздер ендi болгарсыздар» деп Болгария үкiметi түрiктердiң дiнiне қатысты нәрселердi де шектей бастады. Бiз тұратын Қыржалы облысы тұрғындарының 95 пайызы түрiктер едi. Өйткенi, бұл аймақ 1912 жылға дейiн түрiктердiң жерi болып есептелген-дi. 1985 жылы Найым Мельбурнде (Австралия) өткен дәстүрлi турнирге екiншi рет қатысып, екiншi рет жеңiмпаз атанды. Сол Мельбурнде оған түрiк бауырлар елге қашып келудi ұсыныпты. Бiрақ Найым: «Мен оған әлi дайын емеспiн. Бұл мәселе жайлы жеке бапкерiм Әнуар Түркелеримен ақылдасуым керек», – деп жауап берiптi. Мельбурннан оралған соң Қыржалы қаласындағы футбол матчы алдында үлкен салтанат өткiзiлдi. Найымға ел құрмет көрсеттi. Салтанаттан кейiн бiздi қала әкiмi шақырды. Барсақ, онда жай шенеунiктер емес, әскери шендiлер, тiптi генералдарға дейiн қаптап жүр екен. Бұл кезде түрiкше есiмiн өзгертпеген Найым ғана едi. Әкiм Найымды құттықтап тұрып: «Болгария коммунистiк партиясының тапсырмасы бойынша ендi Найым Сүлейманоғлы деген ешкiм жоқ. Ендi сiз Наум Шаломоновсыз», – дедi. Жиналғандар Найымды құттықтай бастап едi, Найым: «Тұра тұрыңыздар. Мен бұл шешiммен келiспеймiн. Сiздер бұл шешiм жайлы әлi талай өкiнетiн боласыздар. Мен Найым Сүлейманоғлы болып туғанмын, Найым Сүлейманоғлы болып өлемiн», – дедi. Сөйтiп, әлгi жерден кетiп қалды. Сыртқа шықсам, Найым бір бұрышта жылап тұр екен. Мен «бәрi бiттi» деп ойладым. Найым содан 2-3 ай бойы құрама жиындарына келмедi. Қыржалы тұрғындары Найымды ұлттық батыр ретiнде қарсы алды, ұлтты құтқарушы сипатында көрдi. Бәрiбiр оны басшылар құрамаға, София қаласына алып кеттi. 1986 жылы екеумiз соңғы рет Пловдив қаласында өткен турнирге қатыстық. Сонда ол өзiнiң Түркияға қашатынын айтты. «Найым, сен жақсылап ойландың ба? Егер шекарадан өтiп үлгермесең, сенiң өмiрiңе нүкте қойылды деген сөз» дедiм мен. «Менiң басқа таңдайтын жолым жоқ» дедi ол. Мельбурндағы дәстүрлi турнирден кейiн ол Түркияға қашты. Ол қашқан соң, Болгарияда үлкен қылмыстық iс қозғалып, тергеу жүргiзiлдi. Ә дегеннен-ақ менен күдiктенiп, қамауға алды. «Найымның қашқалы жүргенiн сiз бiлдiңiз» деп айыптады олар. Мен ешқашан «бiлдiм» деген сөздi айтқан жоқпын. Менi жұмыстан қуып, түрмеге қамады. Үш ай түрмеде жаттым. Найым Түркияға жеткен соң қарап жатқан жоқ, үлкен акция бастады. «Менiң бапкерiм кiнәлi емес. Бұл шешiмге өзiм келдiм» дедi ол. Сосын менi түрмеден босатты. Менiң де бұл кездегi аты-жөнiм болгарша едi, Анвар Тулумов болатынмын… Абақтыдан босағасын, еш жерде жұмыс iстей алмадым. Түрмеден шыққан адамға кiм жұмыс берсiн… 1989 жылы Болгариядағы түрiктердiң күштеп ассимиляциялануына қарсы әлемде қарсылықтар күшейдi. Болгарияның сол кездегi президентi Тодор Живков ақыры барлық түрiктердi босатуға мәжбүр болды. Мен маусым айында ешқандай жүк алмастан, отбасымды ертiп Түркияға келдiм. Ақырындап жұмыс iстей бастадым. Түрiк ауыр атлетика федерациясынан жұмыс таптым. Бұл оқиға туралы мен Найым Сүлейманоғлы, Халил Мутлу туралы кiтаптарымда жаздым. Найым туралы кiтап АҚШ-та ағылшын тiлiнде де басылып шықты. Найым тарихи отанына оралған соң 1988 жылы – Сеулде, 1992 жылы – Барселонада, 1996 жылы Атлантада олимпиада чемпионы атанды.