«Статспорт» порталы бүгіннен бастап «Аяқдоп кереметтері» айдары аясында «Барселона» шабуылшысы Луис Суарестің «Менің тарихым: жолдар тоғысы» өмірбаян кітабынан үзінділер жариялай бастайды. Кітапты орыс тіліндегі тәржімеден қазақшалаған — журналист Ақырыс Сейітқазы. 

Кіріспе

«Мені әйелімнің өзі еркелетіп «Негрито» дейтін…»

Кьеллиниді тістеп алғаным жайлы

Мен барлығын болары болып, бояуы сіңген соң түсіндім. Өзіме сенген адамдарды ұятқа қалдырыппын. Командаластарымның жүзіне тік қарау мүмкін емес еді. Олардың алдында қалай кешірім сұрарымды да білмедім. Бапкерім Оскар  «Маэстро» Табарестің сықпыты кетіп қалған. Ол осы жайт бойынша журналистердің сұрақ қойғанын, өзінің ештеңе көрмедім деп құтылғанын айтты.  Мені жұбатпақ болған командалас достарым шетінен басу айтып жатыр.  

Ал өзімнің ештеңе естігім келген жоқ. Бразилиядан кетуіме әлі екі күн  қалса да, ойша әлдеқашан өз Отанымда жүр едім.

Болған жайтқа әлі де сене алмай, келесі күні жаттығу алаңына келдім. Жаттығу соңында Маэстро мені шақырып алып: «Өмірімде бір де бір футболшыға айтып көрмеген жаман жаңалығым бар», – деді. Сол кезде «енді мені 10, 15, тіпті 20 матч бойына алаңға шығармайтын болар» деп ойладым.  «Тоғыз матч» деді бапкерім қатқыл үнмен. Иә, бұдан да жаман болуы мүмкін еді. Бірақ оның: «Сен стадионға кіру құқығынан айырылдың. Команданың қасында жүруіңе рұқсат жоқ. Кетуің керек», – деген сөзі жаныма батып кетті.

Мені қылмыскерден де бетер жазалады. Ойыншыны алаңнан қусын, жазаласын. Бірақ оны командаластарынан ажырату кімге керек? Сол сәтте қасымда бапкер тұрмағанда, өкіріп жылап жіберер ме едім…

Жә, мені тоғыз матч бойы ұлттық құраманың ойынына қатыстырмасын. Өкпем жоқ. Бірақ  ұлттық құрамадағы жазаны мүлде елемейтін Англияда «Ливерпульдің» ойынына қатысу құқығынан неге айырды? Әлемдегі стадиондарға кіру құқығынан ше?  Жұмыстан неге қуды? Маған жай ғана алаң жиегінде доп тебуге де рұқсат еткен жоқ. Мен әлі күнге дейін ФИФА құрығының соншалықты алысқа жеткеніне таңғаламын.

Иә, бұл менің кінәм. Мен өзімді кез келгені дәл көздейтін нысанаға айналдырдым. Өйткені, мұндай жағдай үшінші рет қайталанып тұр. Маған қатты көмек керек болды…

Ивановичті тістеген соң

Он матч бойына алаңға шыға алмаған соң екіұдай стандарттар туралы көп ойлана бастадым. Футболшының айтарлықтай жарақат алмағанына ешкімнің назар салмайтыны менің ызамды келтіретін. Англиялықтар премьер-лигада сары қағаздың тым аз екенін айтып мақтанады. Біреудің аяғын оңбай сындырып, ескертуден құтылып кетуге болады, әрине. Шын мәнінде,  АПЛ-да футболшының ғұмырына қауіп төндіретін қақтығыстар азайса ғана, мақтанудың реті келер еді.

Әрине, «тістеп алды» деген сөздің шошытып жіберері анық. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл соншалықты қорқынышты емес. Соның ішінде мен тап болған оқиғалар елді дүрліктіретіндей жағдай емес еді. Иванович тістеп алған жерін көрсетпек болып, төрешіге қолын көтере бастағанда онда тістің ізі де қалған жоқ.  Кезінде Майк Тайсон тістеп алған Эвандер Холифилдтің басындағы оқиға емес қой бұл.  Десе де бұл сөздер мені ақтап ала алмайды…

2010 жылы теледидардан ПСВ-ға қарсы өткен матчта Оттман Баккаланы қалай тістеп алғанымды көріп, қатты жыладым. Сол кезде тұңғышым Дельфина дүние есігін ашқан еді. Өскен соң мұны қызымның да көретінін ойлап, өзімді қоярға жер таппадым. «Құдайым-ау, сен не ойладың өзі?» деді әйелім сұраулы жүзбен. Бұл сауалдың жауабын мен өзім табуым керек еді…

Неге бұлай болады?

Ойын кезінде адреналиннің ұлғаятыны соншалық, оны тіпті ми да көтере алмай қалады. Қысым көп, ал оны шығаратын клапан жоқ. 2010 жылы мен ең маңызды матчтың итжығыспен аяқталғанына қатты өкіндім. Оның үстіне, біздегі сәтсіздік сериясы да жалғасып жатқан. Мен сол матчта барынша жақсы ойнауға тырыссам да, түк шыққан жоқ. Ал барлық сәтсіздікке өзімді кінәлай бергенім мені шектен шығуға мәжбүрледі. Шыдам шегіне жеткенде жарылдым да кеттім.

Ивановичке қатысты оқиға 2013 жылы болды.  Чемпиондар лигасына өту үшін біз «Челсиді» ұтуымыз керек еді. Мен өзімнің ең нашар матчымды өткізіп жаттым. Қолмен ойнағаным үшін өз қақпама пенальти әкелдім де, мүмкіндіктің алыстап кеткенін түсіндім. Аз болмаса жарылғалы тұр едім.

Кьеллиниге қатысты айтар болсам, дәл соның алдында матчтағы алғашқы голды соғатын мүмкіндігім болған. Егер мен гол соғып, Буффон командасын құтқармағанда, мұның бірі де болмаушы еді. Бірақ өз мүмкіндігімді жіберіп алдым.

Матчта болған жайттарды ойын аяқталған соң саралаған оңайырақ. «Мұндай ақымақтыққа қалай жол бердім? Әлі 20 минут бар еді ғой» деп ойладым. Алайда алаңда жүргенде мұндай ой да, матчтың аяқталуына қанша қалғаны да рөл ойнамайды. Санамда тек қана: «Мен гол соға алмадым. Біз әлем чемпионатынан ұшып кеттік», – деген ой тұрды. Жеңілеміз деген қорқыныш көзімді тұмшалап тастайтын. Маған  кем дегенде 20 мыңға жуық көз қарап отырды және олардың бұл оқиғаны қалт жібермейтіні анық. Десе де мұндай кезде логика жұмыс істемейді. Сол секілді, қарсыласыңды тістеп алу да ақылға сыймайтын, ақтап алуға болмайтын дүние. 2013 жылы Чилимен кездесуде екі аяғымен қысып ұстамақ болған қарсыласымды ұрып жібердім. Алайда бұл үшін мені жазалаған жоқ. Мұны ойын кезіндегі қалыпты жағдай деп бағалады.

Болған жайттан соң Ивановичке қоңырау шалдым. Полицейлер одан арыз жазу туралы сұраған екен. Қуанышқа қарай, ол арыз түсірген жоқ. Сол үшін оған алғысым зор, әйтпесе бұл цирк әлі ұзаққа созылар еді…

Футболшының ақылға сыятын деңгейде ашуға ерік беруін қалыпты жайт деп қабылдаймын. Мені біреу артымнан итерсе немесе гол соғатын сәтте мүлт кетсем, сөз жоқ, ашуланамын. Матч кезінде қарсыласпен қақтығысып қалсам, ойын біткенше оған жауап беруім әбден мүмкін. Мұны қорғаушылар жақсы біледі. «Фулхэмді» Мартин Йол жаттықтырған кезде Филипп Сендерос сияқты ойыншылардың маған қарсы қалай дайындалғаны есімде. Ойынның басталғанына небары бес минут болғанда ол мені толарсақтан қағып жіберді. Кейін сол қылығы үшін дереу кешірім сұрады. «Иә, Йол саған мен туралы айтып, осылай істеу керектігін үйреткен екен» дедім іштей…

Эврамен қақтығыс

2011 жылдың 15 қазаны. «МЮ» мен «Ливерпуль» арасындағы матчта менің Патрис Эвраға испан тілінде «negro» дегенім жанкүйерлерді тағы да дүрліктірді. Дәл солай айтқаным рас па? Рас. Бірақ negro сөзінің испан және ағылшын тілдеріндегі баламасы бірдей ме? Жоқ. Менің расист екенім рас па? Әрине, жоқ.

Мені не үшін кінәлап жатқан естігенде қатты шошыдым. Әлі күнге дейін осы бір жаман аттың маған өмір бойы еріп жүретінін ойласам, ызалана бастаймын.

Дамиен Коммоли ойыннан соң мені өзіне шақырғанда ғана Эвраға қатысты не айтқанымды саралап, оқыс жағдайдың болғанын сезе бастадым. Басында ойыма ештеңе түсе қойған жоқ. Иә,  ойын барысында бірнеше рет тайталасып қалғанымыз рас. Бірақ не дедім?.. Кейін Коммоли мені расизм үшін айыптағанын айтқанда, шыны керек, қатты таңғалдым.

Реферидің бізді шақырғаны есімде. Эвра: «Мені не үшін ұрдың?» – деп сұрай бастады. Матч бойына қарсыластың аяғынан тебетін қорғаушының дәл осылай екіжүзділікке салынып, соққы жасадың деп айыптай қалғаны мені тағы қынжылтты.

Ол менімен испан тілінде сөз таластыра бастады. Екеуара әңгімеде negro сөзін қолданғанымды білемін. Бірақ бұл сөздің ағылшын тілінде ар-намысқа тиетінін сол кезде ұққан емеспін. Мұны кеш түсіндім. Negro сөзі ағылшынша «нигро» деп оқылып, қара нәсілділердің намысына тиетін сөз болып есептеледі екен. Ал испан тілінде бұл сөздің мағынасы әлдеқайда жеңілірек. Negro («нэйгро» деп оқылады) сөзі «қара» дегеннен басқаға мағынаға жауап бермейді. Бұл – адамның ар-намысына тию емес. Біреулер менің «қара» деп айтқанымды бетіме басып, кінәлауы мүмкін. Бірақ Эвра менімен испан тілінде сөйлесті ғой. Ал бұл тілде көптеген сөз қаратпа мағынада қолданыла береді. Мәселен, «Guapo» (сұлу жігіт), «Gordo» (семіз), Flaco (арық), «Rubio» (блондин). Яғни, бұл сөздер адамның сыртқы келбетіне қатысты тікелей мағынада қолданылады. Мәселен, «Negro» сөзін  шашы немесе терісі қара түсті адамға айта беруге болады. Өзім испан тілінде Negro  сөзін жиі қолданамын. Тіпті, әйелім де мені «Negro», «Negrito» деп еркелетіп тұрады. Әжем де атамды  «Negrito» деп атаған екен. Әрине, мен Эвраға negro деп достық пейілмен айтқан жоқпын. Біздің матч кезінде тайталасып қалғанымызды ұмытпаған шығарсыз. Бірақ сол кезде қандай да бір расистік пиғыл менде болған емес.

«Луис Суарес жақсы ойыншы, арасында есуастығы бар, тіпті, расист…» Немесе: «Луис Суарес – расист».  Мұндай сөздерді есту оңай емес. Іздеу жүйелерінен «Луис Суарес» деп сұрай бастасаңыз, «расист» сөзі ілесіп шығады. Бұл – маған өмір бойына таңылған жаман ат. Мен бұл атқа «лайық» емеспін…

Мені сегіз матч бойы алаңға шығармай, өмір бойына расист деп атап кетті. Мені сөзі көп, тістегіш, жылауық деп атай беріңіздер. Бұған дәлел жеткілікті ғой.  Бірақ расист емеспін.

2012 жыл. Қол алысу «майданы»

Мен Эврадан ешқашан кешірім сұраған емеспін. Өйткені, оған артық ештеңе істемегенімді білемін. 2012 жылдың ақпанында «Манчестер Юнайтедпен» матчта тағы бір оқиға болмағанда, біз достасып та кетер ме едік. Мен онымен қол алысамын деп ойладым. Тіпті, матч алдында осы туралы әйеліммен ақылдасып, онымен қол алысатынымды айттым.

Эвра «Ливерпуль» ойыншыларымен қол алысып тұрды да, мен жақындай бергенде түсіре салды. Алдымда Джердан Хендерсонмен ол емен-жарқын амандасқанын көрдім. Мен оған қолымды создым, ал ол болса түсіре салды. Осыдан соң өз жөніммен кете бардым. Бұл видеоны тамашалаған адам кімнің дұрыс, кімнің бұрыс істегенін бірден түсінеді.

Менің бір қадам алға басқаным сол еді, ол жейдемнен тартып, өзімен қол алыспай кеткенімді айтып, кезекті шоуды көрсете бастады.  Эвра Сэр Алекске бір қарап қойып, өз әрекетін сенімді түрде жалғастыра бастады. Өйткені, папа бәрін бақылап отыр еді.

Мен олардың айласына түсіп қалдым. Келесі күні газет беттерінде «Суарес Эвраның қолын алмай қойды» деген тақырыптар айғайлап тұрды.

Шыны керек, осыдан соң Эврамен достаса қалуым екіталай. Бұл оқиғада ол өзін құрбан қылып көрсетті, ал менің ғұмырымда мәңгілік кетпейтін дақ қалды.

Сол кезде «Ливерпуль» мені қорғады деп айтқандар жетерлік. «Ливерпуль» неге қорғады? Өйткені, мен жақсы ойыншымын. Оны командаластарым жақсы білетін. Олар менің киім ауыстыратын бөлмеде қандай екенімді білетін. Олар менің алаң сыртында, отбасымның қасында қандай екенімді «беске» білді. Сол үшін мені қорғап шықты. Демек, мен расист емеспін.

(Жалғасы бар)