Қазақстан Республикасының ұлттық олимпиялық комитеті (ҰОК) өзінің ресми сайтында ресми мәлімдеме жариялап, Бейжің-2008 олимпиадасында жүлделі болған үш спортшымыздың медальдары қайтарылатынын белгілі етті.
Мәлімдемеде:
— Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) тәртіптік комиссиясының шешімімен А және В сынамаларын қосымша зерттеу қорытындысы бойынша 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында өнер көрсеткен мына спортшылардың нәтижелері есептен шығарылып, медальдары кері қайтарып алынады, — дей келе, Ирина Некрасованың, Мария Грабовецкаяның және Әсет Мәмбетовтың аттары аталған.
Ирина Некрасова ауыр атлетика бойынша 63 келі салмақта өнер көрсетті. Ол жұлқи көтеру бағдарламасында — 110, серпе көтеруде 130 келіні тік көтеріп, күміс жүлде жеңіп алған-ды. Жеңімпаз атанған Пак Хион Суктан (КХДР) Некрасова 1 келі ғана ұтылған болатын.
Мария Грабовецкая 75+ келі салмақ дәрежесінде қола жүлде иегері атанған еді. Ол 120+150 нәтижесімен қорытындыда 270 ұпаймен қола тұғырдан қол бұлғады. Бұдан сәл уақыт бұрын Бейжіңнің күміс жүлдегері Ольга Коробканың да (Украина, 277 ұпай) допинг қолданғаны анықталып, жүлдесі кері қайтарылған еді.
Әсет Мәмбетов грек-рим күресінен 96 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол алғашқы белдесуінде ресейлік Асланбек Хуштовтан жеңіліп, кейін Асланбектің финалға шығуына орай жұбаныш белдесулеріне мүмкіндік алды. Сөйтіп, Даигоро Тимончиниді (Италия, 2:0), Миндаугас Езерскисті (Литва, 2:1) және Марек Швецті (Чехия, 2:0) кезек жеңіп, қола жүлде иеленді.
Бұған дейін ХОК Бейжің ойындарының күміс жүлдегері Таймураз Тигиевті (еркін күрес), Лондон олимпиадасының чемпиондары Майя Манезаны, Зүлфия Чиншанлоны және Светлана Подобедованы (ауыр атлетика) медальдарынан айырды. Сондай-ақ, Бейжің ойындарына қатысқан Владимир Седовты, Лондонда 7 орын алған Алмас Өтешевті (ауыр атлетика) допинг қолданғаны үшін айыпқа жықты.
Илья Ильиннің мәселесі әлі шешілген жоқ. Оның Бейжіңдегі және Лондондағы алтын медальдарының тағдыры қыл үстінде тұр.