VI тур. 26-27 тамыз

«Тараз» — «Оқжетпес» — 2:3 (Тұрысбек, 26-пенальтиден, 88 — Жұмаханов, 47, Мартинс, 74, Обрадович, 88)

Екі команда премьер-лигаға оралғалы бері аса нәтижелі ойын көрсетіп жүр. Өткен жылғы үш кездесудің әрқайсысында кемі 4 доптан соғылса (2:6, 3:1, 3:2), биыл да қос команда жанкүйерге 5 гол ұсынды. Б.Тұрысбек жаңа командадағы қадамын бірден дубльмен бастады. Бұл — шабуылшының спорттағы ғұмырындағы екінші дублі (бұған дейін Бауыржан 2019 жылы «Тобыл» сапында «Ақсу» қақпасына Қазақстан кубогында екі гол тоғытқан болатын). Сондай-ақ ол екінші рет пенальтиден доп соғып отыр.

«Оқжетпес» шабуылшысы Санат Жұмаханов бұл маусымдағы алғашқы дәл соққысын жұмсап қана қоймай, үлкен футболдағы 30-голын енгізді. Шымкент футболының түлегі Қазақстан чемпионаттарында — 22, Қазақстан кубогында 8 гол авторы атанды.

Жиан Мартинс өзінің бұрынғы командасының қақпасына доп соғушылар қатарын толықтырды. Ол өткен жылы «Тараздың» намысын қорғаған еді.

«Оқжетпес» дәл былтырғыдай, алғашқы жеңісіне VI турда ғана қол жеткізді. Бірақ өткен маусыммен салыстырғанда, көкшетаулықтардың биылғы жағдайы қиындау болды: олар 2019 жылы алғашқы 5 кездесудің біреуінде тең ойнап, төртеуінде жеңілсе, биыл алғашқы 5 турда да қарсыластарына есе жіберген еді.

«Каспий» — «Қайсар» — 1:0 (Букорац, 65).

6939 күн. Бұл көп пе, аз ба? «Каспий» командасы осынша үзілістен кейін Қазақстан чемпионатында (премьер-лигада) жеңіске жетті. Соңғы рет ақтаулықтар 2001 жылдың 27 тамызында, яғни осыдан тура 19 жыл бұрын қарсыласын жеңген екен («Достық» — «Маңғыстау» — 1:2). Алайда бұл матчта «Маңғыстау» сапында алаңға рұқсат етілген 5 емес, 6 легионер шығуына байланысты, ақтаулықтарға жеңіліс жазылған болатын. Сол 2001 жылы қарт Каспий жағалауындағы шаһардың командасы суперлигадан құлдырады да, араға 19 жыл салып қайта оралды. Бірақ бұл сапар да оңай болмай тұр. «Каспий» бұған дейінгі 5 ойында қатар ұтылған еді.

«Жетісу» — «Қызылжар» — 3:0 (Лобанцев, 5-өз қақпасына, Тошев, 41, Шкодра, 68)

«Жетісу» үш кездесуге созылған сәтсіздік сериясын аяқтады. Карантиннен кейінгі ойындарда талдықорғандықтардың алға басқан қадамы кері кете бастаған болатын.

Португалиялық жартылай қорғаушы Педру Еужениу бұрыштамадан тікелей соққан доп қақпашы Лобанцевтің автоголы болып жазылды.

Бұған дейін «атыраулық» Қуаныш Қалмұратов екі жыл қатарынан бұрыштан тікелей доп соғып көзге түскен еді. 2018 жылы — 32 турда, 2019 жылы 15 турда ол екі рет «Ақтөбенің» қақпашысын осындай соққымен қапы қалдырды. 2018 жылы «қайраттық» Исаел Барбоза да 12 турда «Атырау» қақпасына бұрыштан тіке доп соққан еді.

Доньет Шкодра айып соққысын тура енгізіп, бұған дейін көзге түскен А.Әбікен, Н.Косович («Қайрат»), Д.Нәрзілдаев («Қайсар»), Г.Енаке («Қызылжар») сияқты шеберлердің қатарына қосылды. Өткен маусымда жыл соңына дейін 9 футболшы ғана тікелей айып соққысын голға айналдырса, биыл алғашқы айналым аяқталмай жатып-ақ 5 футболшы шеберлік танытып үлгерді.

«Қызылжар» екінші жыл қатарынан «Жетісумен» кездесуде өз қақпасына гол соғып алып отыр. 2018 жылдың 23 маусымында Талдықорғанда шабуылшы Б.Пуношевач автогол жасаған еді (13 минут). Биыл Лобанцев сондай күйге тап болды. 2019 жылы «Қызылжар» премьер-лигада ойнаған жоқ.

Бұл турдағы «Қайрат» — «Астана», «Тобыл» — «Ордабасы» кездесулері кейінге қалдырылды.

VI турдың үш матчында қақпаларға 9 гол (әр ойынға 3 доптан) соғылды. Оның үшеуін — қазақстандықтар, алтауын легионерлер енгізді.

(ҚКФЛ фотосы)