Ресейдің Улан-Удэ қаласындағы ФСК спорт кешенінде бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, жарыстың алғашқы күндерінен-ақ қазақстандық спортшылардың қатары сирей бастады.

48 келі салмақ дәрежесінде Алуа Балқыбекова өзбекстандық Гүласыл Солтанәлиевадан 2:3 есебімен жеңіліп, сынды аяқтады.

Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (51 келі) өткен жылғы әлемдік доданың қола жүлдегері жапониялық Цукими Намикиге есе жіберді – 1:4.

Айжан Қожабекова (57 келі) алғашқы кездесуінде микронезиялық Женнифер Чиеңді 5:0 есебімен сенімді жеңді. 1/8 финалда ол Жемима Бетрианмен (Нидерланд) қолғап түйістіреді. Бетриан өткен жылы әлем чемпионатында қола жүлде иеленді, биылғы Еуропа ойындарында да үшінші тұғырға көтерілді.

Римма Волосенко (60 келі) ұлыбританиялық Пейдж Мөрниді 5:0 есебімен сенімді жеңді. Оның ендігі қарсыласы – Судапорн Сисонди (Тайланд).

64 келіде Милана Сафронова алғашқы қарсыласы Аратуа Касемаңды (Ботсвана) 5:0 есебімен тұқыртты. Оның ширек финалдағы қарсыласы — Мелис Йонузова (Болгария).

69 келіде Рио олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова да жарысты сенімді бастады. Ол алғашқы айналымда чех қызы Мартина Шморанцованы таза жеңді. Енді Дариға америкалық Ошей Джонспен кездеседі.

Ақерке Бақытжан (75 келі) тайпейлік Лин Ли Хуей-шенді 5:0 есебімен еркін еңсерді. Енді ол Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Нучка Фонтинмен (Нидерланд) шаршы алаңға шығады.

Фариза Шолтай (81 келі) алғашқы қарсыласын (Жессика Бегли, Австралия, 4:1) жақсы жеңді. Ширек финалда ол қытай қызы Ваң Линамен кездеседі.