Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Токиода өтіп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қола жүлде үшін кездесуде ол отандасымыз Ғұсман Қырғызбаевты жеңіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салды.

Елдос Сметов ширек финалға дейін қарсылас шақ келтірмеді. Ширек финалға дейін ол Саод Аламириді (Кувейт), Елиос Манзиді (Италия), Али Хусровты (Йемен) жеңді. Ширек финалда Елдосты жапониялық Руджу Нагаяма тоқтатты. Белдесуді еркін бастаған отандасымыз екі рет қарсыласына ваза-ари ұпайын беріп қойып, алтын жүлдеден үміт үзді. Жұбаныш белдесуінде  Елдос тайпейлік Яң Юң Уейді иппонмен жеңді.

Ал Ғұсман Қырғызбаев алдымен гватемалалық Хулио Молинада 1:46 минутта таза жеіді. Екінші айналымда Фелипе Китадаи соңғы сәтке дейін тіескенмен, үшінші рет ескерту салдарынан жолды босатты. Валентин Алипиевті (Болгария) ваза-аримен жеңген соң, былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Амиран Папинашвили (Грузия) тап келді. Ғұсман оны да ваза-аримен тұқыртты. Ширек финалда қырғыз балуаны Қуанышбек Айбекұлы көп қарсыласты. Бірақ үш рет ескерту алып, алтын ұпайды Қырғызбаевқа ұстатып, ол да жарыстан шықты. Жартылай финалда өзбек Шарафуддин Лутфиллаев біздің балуаннан бағын асырып кетті.

«Әлем чемпионатына үлкен дайындықпен келдім. Тіпті, нағыз бабымда болдым десем, артық емес. Топтық кезеңде олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерлерінен, сондай-ақ көпшілікке белгісіз жас балуандардан басым түстім. Негізі, аса танымал емес дзюдошылармен күресу қиынға соқты. Ал жартылай финалдағы Шарафуддин Луфтиллаевпен өткен кездесуде сәтсіздігіме әлі де таң қалып тұрмын. Өйткені татамиге шығарда оны жеңетіміне сенімді едім. Бірақ белдесу кезінде өзімді қамшылай алмадым.  Неге екенін білмеймін, ойымның бәрі финалдық белдесуге ауды. Ойша финалда күресіп жүргенімді елестетіп, қарсыласымды мүлде сезінбедім. Алдын ала ақтық сын туралы ойлап кеткенім бірден кері әсерін тигізді. Луфтиллаевтан таза ұтылып, құлаған соң ғана есімді жидым. Бұл – менің басты қателігім», – деді Қырғызбаев ҰОК ресми сайтына берген сұқбатында. 

48 келіде былтырғы әлемдік доданың қола жүлдегері Отгонсетсег Галбадрах ширек финалда өзінің ежелгі қарсыласы Мунхбатын Урансетсегтен (Моңғолия) жеңілді. Жұбаныш белдесуінде ол испан қызы Лаура Мартинес Абелендадан ұтылып, жүлдеден үміт үзді. Кеше татамиге шыққан Елдос Жұмақанов та, Ерлан Серікжанов та (66 келі), Анна Казюлина да (52 келі) алғашқы қарсыластарына тізе бүгіп, жарысты ерте аяқтады.