18-28 сәуір аралығында Нинбо (Қытай) қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді. Бұл сынға еліміздің атынан 18 зілтемірші қатысады.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников Сары құрлық додасының спортшылар үшін өте маңызды екенін айтады. «Бұл сын Токио олимпиадасының іріктеуінде ұпай жинау үшін аса қажет. Команда құрамының барлық мықты зілтеміршілер шақырылды. Басты міндет – жақсы нәтиже көрсету, сонымен қатар олимпиялық ойындарға іріктеу уақытында құрама мүшелерінің жарақат алуына жол бермеу», – деді ол.

Қазақстан құрамасы сапында мына спортшылар жарысқа қатысады: ерлер – А.Чонтей (55 келі), Ф.Харки (67 келі), Н. Сәменов (81 келі), Н.Рахимов (89 келі), Р.Сыбай (96 келі), И.Ильин (96 келі),  А.Зайчиков (109 келі), И.Берсанов (109 келі), С.Әбубакаров (+109 келі); әйелдер – З.Чиншанло (55 келі), К.Горичева (64 келі), Е.Столяренко (71 келі), Е.Быкова (76 келі), Ж.Жапарқұл (71 келі), Р.Мешітханова (81 келі), Л.Кобелева (87 келі) А.Мүптілдә (+87 келі).

Тізімде Ильин мен Жапарқұл да бар. Демек, даңқты спортшылар Токио олимпиадасына берілетін жолдаманы уыстан шығарып алуға құлықты емес. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (ИААФ) талабы бойынша, әр спортшы алты лицензиялық турнирге қатысады, соның ішіндегі ең жақсы төрт нәтижесі есеп алынады. Илья да, Жазира да омыртқа жарақатын емдеумен айналысып, желтоқсан айындағы маңызды қос турнирге – әлем чемпионатына және Доһа (Қатар) халықаралық турниріне қатыса алмады. Енді оларға шегінер жол қалған жоқ, яғни қалған төрт турнирде де өнер көрсетуге тиіс. Әйтпесе Токио көкжиегі алыстай береді.

2018 жылдың желтоқсан айында Ильин өзінің жоспары туралы былай деген еді:

«2019 жылдың сәуір айында Қытайда өтетін Азия чемпионаты менің алғашқы ірі жарысым болуға тиіс. Бұған дейінгі жарыстарға тек тіркелумен шектеліп жүрдім, сөйтіп, 2020 жылғы Токио олимпиадасына қатысу шарттарын орындадым. Бұдан кейінгі жарыстардың бәріне қатысуға тиіспін, өйткені, қараша айында Ашгабатта өткен әлем чемпионатында да жарақаттарыма алаңдап ортаға шыға алмадым. Енді қандай төрт жарысқа қатысатынымды нақты айта алмаймын, бірақ Азия додасында қалайда өнер көрсетуім керек».

Ендеше, сол сәт те келіп жетті. Ильин мен Жапарқұл Азия чемпионатында барын салады.