Бұл күндері Венгрия астанасы Будапешт қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Кілемге бірінші болып еркін күрес балуандары мен әйелдер шықты. Алғашқы күндері отандастарымыз қуанта алмағанмен, кеше 57 келіде сынға түскен Нұрислам Санаев финалға жолдама алып, жанкүйерлерін бір марқайтты. Кеше Астана уақытымен 22:00-де ол ақтық сында ресейлік Заур Угуевпен күресті. Қарсыласы екі ұпай алып алға шыққанмен, Санаев оны көп ұзатпай қуып жетті. Соңғы үшминуттықта Ресей балуаны да да бір ұпай қанжығалап еді, артынша-ақ Нұрислам оның ту сыртына шығып кетіп, таразы басын теңестірді. Белдесу аяқталуға 40 секунд қалғанда Угуев ескі жарақатын ауырсынып қалды. Кілемге орала салып жалма-жан шабуылдағанда, отандасымыз жақсы қорғана білді. Алайда күтпеген жерден төреші Санаевке ескерту беріп, таразы басы Угуев жағына ауып шыға келді. Белдесу бітуге 13-ақ секунд қалған еді. Санаев таблоға қарамады ма, төрешінің бармағы шошайғанын байқамады ма, 6 секундты қорғанып жүріп өткізіп, соңғы сәттерде ғана алға жандәрмен ұмтылды. Сөйтіп, уыста тұрған алтын сусып кетті.
Нұрислам 1991 жылдың 9 ақпанында Ресейдің Тыва автономиялық республикасының Чадан қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Қазақстанға қоныс аударып, азаматтық алды. 2016 жылы аты-жөнін Нұрислам Санаев деп ауыстырып, Рио олимпиадасында 12-орынға ие болды. Өткен жылы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанса, биыл құрлық додасын жеңіп алды. Былтыр Парижде өткен әлем чемпионатының ширек финалында Нұрислам солтүстіккореялық Жоң Хак-жиннен 3:4 есебімен жеңіліп, 12-орында қалған-ды. Биыл осы нәтижесін он қадамға жаңартып отыр.
Будапешт кілемінде Санаев жартылай финалда өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Томас Гилманды жеңді.
Санаевтың нәтижесі:
1/16 финал. Джош Файлауга (Америкалық Самоа) – 10:0
1/8 финал. Армен Аракелян (Украина) – 10:0
¼ финал. Сүлейман Атлы (Түркия) – 11:6
½ финал. Томас Гилман (АҚШ) – 11:0
Финал. Заур Угуев (Ресей) – 3:4
Өкінішке қарай, еркін күрестен басқа балуандарымыз қуанта алған жоқ. Қуат Әміртаев (61 келі) алғашқы белдесуінде жарақат алып, украиналық Иван Билейчуктен (1:11) жеңілді.
Дәулет Ниязбеков (65 келі) екі кездесу өткізіп, 1/8 финалда іркілді. Ол әуелі Хуан Пабло Гонсалесті (Испания, 10:0) жеңіп, кубалық Алехандро Вальдеске есе жіберді – 0:10.
Амандық Бәкеев (70 келі) Михай Вададан (Молдова) басым түсе ала алмай, жолды босатты – 8:13. Өткен жылы осы салмақта Ақжүрек Таңатаров қола жүлдегер атанған-ды.
74 келі салмақ дәрежесінде күрескен Болат Сақаев ширек финалға жетті. Ол бірінші белдесуде молдовалық Евгений Недеалчуды 9:3 есебімен жеңді, 1/8 финалда Аданабасиерді (Қытай) жолды қалдырды (4:0), бірақ ширек финалда италиялық Франк Чамизодан айла асыра алмады (1:6). Чамиза жартылай финалда болашақ чемпион Заурбек Сидаковтан (Ресей) жеңіліп, біздің балуанның жолын жапты.
Бақтияр Ізбасаров (79 келі) – Ахмет Гаджимагомедовтен (Ресей, 2:11), Әділет Даулымбаев (84 келі) – Қажы Раджабовтан (Беларусь, 2:9), Нұрғали Нұрғайыпұлы Лувсандоржин Туртөгтохтан (Моңғолия, 1:2) жеңіліп, жарысты бірден аяқтады.
97 келіде Мәмет Ибрагимов Георгий Кетоевті (Армения, 2:2) жеңіп, келесі кезеңде Абдулрәшит Садулаевке (Ресей) жолығып, іркілді – 3:14. Ермұхамбет Іңкәр де (125 келі) екі рет кілемге шығып, ширек финалға табан тіреді – Андрей Романов (Молдова, 9:1), Сумит Мәлік (Үндістан, 1:6).
Әйелдер арасындағы отандастарымыздың нәтижелері:
55 келі. Іріктеу. Марина Седнева – Миоң Сук Жоң (КХДР) – 6:8
59 келі. Іріктеу. Алтынай Сатылған – Мариана Есану (Молдова) – 3:3
1/8 финал. Сатылған – Алехандра Ромеро Бонилья (Мексика) – 3:5
Әлем чемпионаты 28 қазанға дейін жалғасады.