Кеше қазақ қызы тұңғыш рет қысқы спорт түрлерінен олимпиада чемпионы атанды. Беларусь әйелдер құрамасы Пхенчхан олимпиадасының биатлон эстафетасында топ жарды, үшінші кезекте жарыс жолында қазақ қызы өнер көрсетті. Иә, ол Қазақстанның атынан шыққан жоқ, бірақ шыққан тегі – қазақ. Таныс болыңыздар, биатлоншы Динара Әлімбекова!
Ол эстафетаға қалай таңдалды?
Негізі, Пхенчхан додасындағы жеке жарыста Динара аса жоғары нәтиже көрсете алған жоқ. 15 шақырымдық қашықтықта 56 орында қалды. Ол ату кезегінің төртеуінде де бір-бірден қате жіберіп, мәреге жеңімпаз Ханна Өбергтен (Швеция) 5:56,8 минуттан кейін келіп жетті. Бұл беларусь биатлоншыларының ішіндегі ең төменгі (Ирина Кривко – 36 орын, Дарья Домрачева — 27, Надежда Скардино – 10) көрсеткіш еді. Динара үшін олимпиада осымен тәмам десек де болғандай-ды. Өйткені, жеке жарыстың қорытындысында алғашқы 40 спортшы қатарына ілінген биатлоншылар ғана жалпы жарысқа қатысуға мүмкіндік алатын. Әлімбекова енді эстафетадан ғана үміттеніп, дайындығын жалғастыра берді. Дегенмен 22 жастағы қыздан гөрі, Беларусь құрамасының тәжірибелі мүшесі Надежда Писареваның эстафетада жүгіруге мүмкіндігі көбірек еді. Динара Беларусь құрамасы сапында биылғы жылдың басында Германияның Оберхофф қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде эстафетаға қатысты. Бірақ төрттіктегі ең төменгі көрсеткіш Динаранікі болды. Ол 4 ату кезегінде 9 қате жіберіп, Беларусь құрамасы жеңімпаздан бір айналым артта қалып қойды (15 орын). Мұндай жағдайдан кейін Әлімбековаға эстафета есігі жабылатыны онсыз да белгілі.
Дегенмен бапкерлер Пхенчхан эстафетасына екі күн қалғанда таңдау жасалғанын, Динараның Кривко, Скардино, Домрачевамен бірге үшінші кезеңде сынға түсетінін мәлім етті.
— Біз Надя екеуміз жылдамдық арттыру жаттығуларын жасап оралғанымызда, жаттықтырушылар эстафетаға менің қатысатынымды айтты. Қатты қуандым. Дегенмен Надя үшін аздап өкініп қалғаным да рас. Ол ренжіңкіреді, мен де аздап қобалжыдым. Жарыс қарсаңында әдейі тез ұйықтататын дәрі ішіп, ерте жатып қалдым. Әйтпесе басыма түрлі ой келіп, дөңбекши беретінімді білдім, – дейді Әлімбекова.
Бапкерлер таңдауды қалай жасағанын былай түсіндірді.
Альфред Эдер: «Үшінші кезеңге кімді қою туралы көп ойландық. Динара жаттығуда өзін тамаша көрсетті, сондықтан соны таңдадық».
Федор Свобода: «Әлімбекованың таңдауымыздың түрлі себебі болды. Кеңесе келе, біз Динараның мергендігіне, әсіресе тұрып көздеуде қате жібермейтініне сендік. Ол Писареваға қарағанда дәл және жылдам ата алады. Дегенмен шаңғымен жүгіретін тұстарда үлкен тәуекелге барғанымыз рас еді. Динара соңғы айналымда қатты қиналды, дегенмен қашықтық онша ұзақ емес болғасын, жанын салып шыдады. Эстафетадағы басты мәселе – ату. Сондықтан Динараға сенім арттық».
Табыс қалай келді?
Беларусь құрамасы сапында эстафетаны Н.Скардино бастады. Ол алғашқы ату кезегінде қате жібермей, сегізінші орында келе жатты да, тұрып көздеу кезегінде екі оғын далаға жіберді. Қосымша оқтарды пайдаланғанша, көшбасшы Лиза Витоцци (Италия) кәдімгідей ұзап кетті. Скардино Кривкоға эстафетаны 18 команданың ішінде оныншы болып табыстады. Көшбасшыдан қалу уақыты 46,2 секунд еді.
Екінші болып сөреден И.Кривко аттанды. Ол салған жерден қарқындады. Қарсыластарының бірін жолда қалдырып, ату кезегіне тоғызыншы болып жетті де, бір қате жіберді. Бірақ орнын сақтай отырып, тұрып көздеу кезегіне жетті. Мұнда ол оқтың бәрін дәл тигізіп, көш басындағы Кәйсә Мәкәрәйненнен (Финляндия) 21 секунд қалыңқы уақытпен эстафетаны қазақ қызы Динара Әлімбековаға үшінші орында табыс етті.
Динара бірінші ату алаңына дейін француз қызы Жюстин Брезазбен егесті. Жюстин сөреден бір шақырым ұзағанда Динараны артта қалдырды. Екеуі ату алаңына іркес-тіркес жетті. Мұнда Брезаз үш оғын далаға атып, біраз уақытын шығындап алды. Біздің қандасымыз 5 нысананы 6 оқпен жапты да, италиялық Николе Гонтьенің ізіне түсті. Алайда 3,9 шақырымдық аралық межеде Әлімбекованы Брезаз тағы қуып жетті. Ату алаңында олар тағы қатар тұрды. Бірақ француз биатлоншысы тоғыз оқ шығындап, нысананың бәрін жапқанша, Динара бір рет қана мүлт кетті. Ол нысаналарды жабуға 53,2 секунд қана шығындады. Әлімбекова соңғы ату алаңынан бірінші аттанды.
— Эстафетаны салмақты қабылдап алдым. Бәрі өзіңді қалай сезінетініңізге байланысты. Мен әуелден жақсы сезіндім. Бірінші айналымда жеңіл болу үшін, алға кеткен қарсыластарды қуып жетуге тырыстым. Жел бетке соғып тұрды, сондықтан көшбасшылардың ығында жүрген дұрыс еді. Әсіресе бірінші және екінші айналымда. Бірақ өзімнің атысыма риза емеспін. Таза атуға болар еді, екі алаңнан да бір-бір қатемен кеттім. Ату алаңына қатты алқынып жетпес үшін, жол бойы өзімді сақтауға тырыстым. Пхенчхан жолы маған өте ыңғайлы, алаңға жақындағанда еңістейсің. Сондықтан алаңға жоғары қарқынмен келуге ұмтылдым, – дейді Динара.
Тұрып көздеу кезегіне сегізінші ретпен жетіп, бір рет қателессе де, небары 36,8 секунд шығындаған Кристина Гузик (Польша) Әлімбекованы көп ұзатпады. Басып озды.
— О-о-о-ой…Соңғы айналымға көшбасшы ретінде кеткенімде, шынымды айтсам, басым айналғандай болды. Шаршай бастағанымды сездім. Поляк қызы басып озды, сол кезде оның ізінен қалмай ілесіп отыруға да күшім жоқ екенін түсіндім. Сонда да аяқ-қолымның бар-жоғын тіпті сезіне алмай, барымды салдым. – Бұл Динараның соңғы шақырымдар жайлы сөзі.
Жол бойы Брезаз біздің қандасымызды тағы артта қалдырды. Дегенмен Дарья Домрачева сияқты саңлаққа эстафета кезегін үшінші болып тапсыру да аз жетістік емес еді.
Домрачева Гузиктен небары 17 секунд артта еді. Ары қарай даңқты биатлоншы барлық қарсыласының аузын айға қаратты. Ол алғашқы ату кезегіне небары 31,3 секунд жұмсап, екінші кезекте артық үш оғын шығындаса да, мәреге бірінші жетті. Швецияны екінші орынға сүйреп шығарған Х.Өбергтен едәуір жер алда кетіп бара жатқанын сезіп, Домрачева мәреге Беларусь туын желбіретіп жетті.
Сөйтіп, қазақ қызы Динара Әлімбекова Беларусь құрамасы сапында Пхенчхан олимпиадасының чемпионы атанды!
Қайдан шықты, қайдан келді?
Динара 1996 жылдың 5 қаңтарында Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келді. Үш жасында ата-анасымен бірге Беларусь Республикасының Могилев облысындағы Чаусы қаласына қоныс аударды. Әкесі – қазақ, анасы – орыс. Чаусыда Әлімбековтер отбасында Женя есімді ұл дүниеге келді. Бірақ кейбір деректер бойынша, Динараның әкесі мен анасы айырылысып кеткен.
Болашақ чемпион тұратын Чаусы қаласы шағын ғана, тұрғындар саны 10 мыңнан сәл ғана асады. Әуелі қандасымыз хореографиямен айналысты, өнер мектебінде күйсандық сыныбына қатысты. Орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Геннадий Таевский Динараны жайлап шаңғыға баулый бастады. Бірақ үлкен спорт 11 жасында басталды. Чаусы қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Мария Шипикова есімді бапкер Әлімбекова қатарлы балаларды шаңғы спортына қанықтырды. Бастапқы кезде Динараға өте қиын соқты. Ол өнер мектебіндегі сабақтарына да үлгеруге тиіс-ті. Үлгерімі жақсы болды, бірақ екі жаққа кезек жүгіру қиын соға бастады.
— Спорт мектебіндегі жаттығу маған қатты ұнайтын, – деп еске алады Динара. – Тіпті сабақтың орнына жаттығуға жіберуін өтініп, анама талай жылағанмын. Бірақ бәріне бірдей үлгере алмайтынымды түсіндім де, спорттан бас тарттым. Бәрібір бір жылдан кейін спорт мектебіне оралдым. Мені бапкер Андрей Иванов өз тобына алды. Ел ішіне, Ресейге жарыстарға шыға бастадық. Кейде қолыма медалімді қыса ұстап, нота жаттап келе жататынмын.
Талантты Динара бірден көзге түсті. Бірақ оның республикалық жарыстарға Могилев облысы атынан шығуы үкіметтік деңгейде шешілді. Аймақ губернаторы Петр Рудниктің табандап тұрып алғанына қарамастан, Әлімбекованың эстафетаға қатыспауға тиіс екенін сол кездегі Беларусь спорт министрі Олег Качан өзі қадағалады. Ол жас дарынның бірден шаршап қалмауына алаңдады. Бұл кезде Динараның шаңғышы ретінде көзге түсе бастаған кезі еді. 2008 жылдан бастап ол биатлонға толық ауысуға бел буды. Сол жылы «Қар мергені» республикалық жарысында топ жарды, жазғы биатлон спартакиадасында да чемпион атанды.
2011 жылы Динара Беларусь жастар құрамасына енді. 2015 жылы өз елінде (Раубичи қаласы) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қандасымыз 3х6 шақырымдық эстафетада Дарья Блашкомен және Анна Соламен бірге алтын жүлде жеңіп алды.
Қазіргі орны қандай?
Динара қазір әлем кубогының жалпы есебінде 73 орында тұр. Биылғы маусымда ол төрт кезеңде (Анси, Оберхофф, Рупольдинг, Антхольц) өнер көрсетті. Ең жақсы нәтижесі – Ансидегі 33 орны (спринт, 7,5 шақырым).
Динара Беларуське қоныс аударғалы Қазақстанға бір-ақ рет, жеті жасында келіп қайтқан.
Конькимен сырғанауды, сноуборд тепкенді ұнатады.
Командадағы лақап аты – Динозаврик.
Беларусь мемлекеттік дене тәрбиесі институтының түлегі. Мұнда ол шаңғы спорты және биатлон кафедрасында білім алды.
Пхенчхандағы жеңістен кейін Беларусь ұлттық олимпиялық комитеті Динара білім алған Чаусы жасөспірімдер спорт мектебіне 15 мың беларусь рублін аударады.
Беларусь президенті Александр Лукашенко олимпиада чемпиондарын «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Д.Әлімбековаға, Н.Скардиноға және И.Кривкоға «Беларусь Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді.