БАӘ президент кубогының жартылай финалында отандасымыз Бауыржан Исламхан «Әл-Айн» сапындағы алғашқы гол соқты. Ойынның 32 минутында ол командаласы Мұхамед Абдулрахманнан пас алып, қарсы алдындағы екі қорғаушының ортасынан «Шарджа» қақпасына жойқын соққы бағыттады.
Бауыржан бұған дейін «Әл-Айн» сапында БАӘ премьер-лигасында — 5, Азия чемпиондар лигасында — 2, БАӘ президент кубогында 1 матч өткізіп, 3 гол пасын шығарып берді. Бірақ өзі қақпаны таңбалай алмаған еді. «Шарджа» қақпасында тулаған доп Исламханның тынысын ашатынына сенеміз.
Бұл — Б.Исламханның жоғары деңгейлі 77 (жетпіс жетінші) добы. Ол Қазақстан чемпионаттарында — 57, Қазақстан кубогында — 10, ұлттық құрама — 3, еурокубоктарда 6 гол авторы атанған еді.
Жалпы қазір Қазақстаннан тыс жерлерде жоғары лигаларда Бауыржаннан басқа Исламбек Қуат («Орынбор», Ресей), Акмаль Бақтияров («Сочи», Ресей), Бақтияр Зайнутдинов («Ростов», Ресей), Георгий Жуков («Висла» К, Польша), Владислав Васильев («Рух» Б, Беларусь) сияқты футболшылар ойнап жүр.