Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) жиналысында үш секіруден олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова WorldAthletics атлеттер комиссиясы құрамына енді. Бұл туралы olympic.kz сайты хабарлады. Даңқты отандасымызбен бірге Мари-Жозе Та Лу (Кот-д’Ивуар), Биңтиан Су (Қытай), Мәжид Әддин Газал (Сирия), Акани Симбин (ОАР) және Милка Чемос Чейва (Кения) да айтулы комиссия құрамына кірді.

«Жеңіл атлетика – мақтауға лайық спорт түрі. Оны бекерден-бекер «спорт ханшайымы» деп атамайды. Жеңіл атлетика түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі жарыстар жыл сайын көбейіп келеді. Аса табысты жас спортшылар буынының өсіп келе жатқанын бақылаудың өзі қызықты. WorldAthletics атлеттер комиссиясы құрамына енуім – мен үшін зор мәртебе. Өйткені ол – барлық жеңіл атлетика ұйымдары мен шараларын басқаратын ең жоғарғы орган. Бұл құрылымның бір бөлшегі болу – өз ұсыныстарым мен өтініштерімді енгізудің және спорт әлемін жақсарта түсудің үлкен мүмкіндігі. Әріптес спортшыларды да қызу құттықтаймын. Біз біріге отырып, көп шаруа тындыра аламыз. Мен өзіме сартылған сенімді ақтап, елімізді WorldAthletics құрамында лайықты түрде танытуға бар күшімді саламын», – деп жазды Рыпакова өзінің Инстаграм-парақшасында.

Ольга биылғы маусымға жарақат салдарынан толық қатыса алған жоқ. Маусым айындағы Қазақстан кубогында ол 14,37 метр көрсеткішпен Токио олимпиадасына жолдама иеленді. Доһада (Катар) өткен әлем чемпионатында 14,09 метр көрсеткішпен финалға шыға алмады. Ал маусым соңында Ухан қаласында (Қытай) өткен Бүкіләлемдік әскери ойындарда 14,19 метр көрсеткішпен жеңімпаз атанды.