Қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы үш күміс, төрт қоламен қорытындылады. Өкінішке қарай, қазақ балуандары әлемдік доданың алтынын иеленбегелі жиырма жылдан асты. Келесі жылы Токио олимпиадасы өтеді. Елімізде өткен әлемдік дода осы төртжылдықтың басты додасы қарсаңында біраз сұрағымызға жауап тауып береді деп сенген едік, сол сеніміміз толық ақталмаған сияқты. Нұр-Сұлтан кілемінде 65 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлде иеленген еркін күрес балуаны Дәулет Ниязбековпен сұқбатымыз осы турнир төңірегінде өрбіді.
—Дәулет, елімізде өткен әлем чемпионатына іріктеу құрама ішінде де өте тартысты болған сияқты…
-Биылғы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атандым. Одан кейін Азия чемпионатына дайындық жасап жүрген кезде ауыр жарақат алып қалдым. Белім мен мойнымды қатар жарақаттап алдым. Азия біріншілігіне бара алмайтынымды бапкерлерге бірден ескертіп айттым. Уақыт беруін сұрадым, өз-өзіме келіп алуым керек деп шештім. Менің орныма Азия додасына Саятбек Оқасов қатысып, вице-чемпион атанып қайтты. Бұл ораза уақыты еді, бір жарым ай уақытым болды. Бұған дейінгі жарақаттарды талай білікті дәрігерлерге көрсеткен едім, бұл жолы өз күшіммен емделуге тырыстым. Қатты іздендім. «Жарақаттың кесірінен Токио олимпиадасына қатыса алмаймын ба? Осы жерден тоқтадым ба?» деген ой шырмады. Омыртқаны емдейтін арнайы орталыққа бардым, бірақ екі күн ішінде олардың толық емдей алмайтынына көзім жетті. Ақыл сұрап, Орталық әскери спорт клубындағы бапкерім Олег Ушановқа бардым. Ол кісі бұрын дәл менікіндей жарақатынан жазылған еді. Олег ағай бір шағын емхананың нөмірін берді. Он күндей сонда қаралдым. Ораза уақыты бітіп кеткен еді, бір айым босқа өткеніне қынжылғаныммен, осы емханадағы он күнім күтпеген жақсы нәтиже берді. Дәрігер менің басты қателігімді анықтап берді: нақты ауыратын нүктені тауып алып, сол жерге күш түсіре берген екенмін. Содан омыртқам артқа қарай қисая бастапты. Дәрігер он-он күннен үш рет, бір ай ішінде омыртқамды түзеді. Сол кісінің рұқсатын алып, жаттығуға кірісіп кеттім. «Тау самалы» кешеніне өз қалауыммен барып, он күн жаттықтым. Содан кейін құраманың жиынына оралдым. Әрине, мынадай жарақаттан соң әлем чемпионатында күреске түскім келді, бірақ Әсет Серікбаев бастаған бапкерлер құрамы маған ондай мүмкіндік бере қоятынына сеніңкіремедім. Кисловодскіде (Ресей) жиын өткіздік, сосын Польшадағы турнирге тарттық. Кисловодскіде құрама бапкерлері Саятбек екеумізге: «Кім Польшада жоғары нәтиже көрсетеді, сол әлем чемпионатында күреседі», – деп шарт қойды. Қызықты қараңыз, Польшада Оқасов екеуміз де қола жүлде алдық. Елге келдік те, төрт күннен кейін екеуміз қайта күрестік. Бапкерлер үш белдесуде қайсымыз қатарынан екі рет жеңсек, соған жол ашатынын ескертті.
—Таңдау мейлінше әділ болған екен ғой.
-Қазіргі уақытты құрамада бәрі әділ болып жатыр. Сол әділдіктің арқасында құрамадағы ауызбірлік те жоғары деңгейде. Атмосфера өте жақсы. Бетпе-бет кездесуде Саятбекті екі рет қатарынан жеңіп, елімізде өтетін әлем чемпионатына жолым ашылды. Ары қарай тағы екі жиынға қатысып, турнирге нақты дайындалдым. Осы кезде ғана олимпиадаға жолдама ұтып алуға болатынына сенімім артты.
—Әлем біріншілігіне қандай межемен кірістің? Алтынды ғана көздедің бе?
-Шынымды айтсам, әу баста Токио олимпиадасына жолдама алуды ғана ойладым. Спортшы өзінің дәрежесін біледі. Ең бастысы, бабымның өте жақсы екенін сезіне бастадым. Белдесу сайын не өсіп отырғаныңды, не кері кетіп бара жатқаныңды шамалайсың. Мен осы жолы өсіп отырғанымды аңдадым.
—Алғашқы үш қарсыласыңды еркін еңсердің. Тайпейлік Чаң Ю Хсюан, германиялық Александр Семизоров, моңғол Төмөр Очирин Тулга екпініңе шыдай алмады. Семизоровпен белдесуде қажетті ұпайды алған соң, сәл босаңсып қалғандай көріндің…
-Семизоровты бұрыннан білемін. Бұған дейін ол 70 келіде күресетін. Тіпті біздің Ақжүрек Таңатаровпен де белдескен. Салмақты көп қуады. Соны жадыма түйдім де, алғашқы кезеңде ұпайдың қанша болғанына қарамастан, Семизоровты шаршатып алуға тырыстым. Есеп 8:7 болып жатқанда тағы күш салып, бірнеше ұпайды қатар иелендім.
—Моңғол балуаны ше? Әдетте моңғолдар қарымды келеді ғой…
-Польшадағы турнирде Тулганы 10:4 есебімен жеңген едім. Сондықтан оның қандай ерекшелігі барын жақсы біліп күрестім. Балуандардың денесі кәдімгідей «бағдарламаланып» қалады, яғни күрескен қарсыластарыңның машығын біліп алады. Тулганы жеңетініме сендім, Семизоровтан кейін өзімде өрлеу барын білгесін, тартына күресуге болмайтын еді.
—Бұл бұған дейін өзің өнер көрсеткен Ыстамбұл, Лас-Вегас, Будапешт емес, өзіміздің астана. Өз жанкүйерлеріңнің қолдауы қалай әсер етті?
-Тайпейлік Чаң Ю Хсюанмен белдесуге ортаға шыға келгенімде, бүкіл «Барыс-Арена» шу ете қалды! Лажы болса, көрермендерге қарамауға тырыстым. Аспанға қарадым, «өзімді жоғалтып аламын ба?» деп қорыққандай болдым. Қысым өте зор болды.
—Бұған дейін қатысқан бес әлем чемпионатында да мұндай қысым көрмедің бе сонда?
-Иә, дәл солай. Өмірімде мұндай болмаған. Шетелде күрессең, мұндай қолдауды сезінбейсің. Жергілікті балуанға қолдау көрсетеді, саған психологиялық қысым жоқ. Ал Нұр-Сұлтанда – негізгі тұлға біз. Жұрттың қолдауына еріп кетсең, өз-өзіңді жоғалтып алуың мүмкін.
—Жартылай финалда бұрыннан таныс үнді балуаны Бажраң Пуниа тап келді. Онымен сен 2016 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында алғашқы белдесуде жолығып, жеңілген екенсің…
-Иә, Будапештте Пуниадан жеңілгенім рас. Бірақ сол жолы алтынға қатты ұмтылып едім. Бабым керемет болды. Жасым да, тәжірибем де толысып тұрған кезең еді. Бірақ санам алтынға дайын болғанмен, денем дайын болмай шықты. Пуниадан жеңілген себебім де сол. Ал Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатына Пуниа танымал балуан ретінде келді. Бір жыл бұрынғы әлемдік додада ол финалда күрескен еді. Үнді балуанына қарсы өз тактикаммен шықтым. Яғни бапкерлер құрған жоспардан сырттадым, басқаша күрестім. Бапкерлер маған «шыға салып жұмыс істе» деген еді, ол ақылды ұстанбадым.
—Неге?
-Пуниа – дене күші өте көп балуан. Ешқашан шаршамайды. Сондықтан бірінші кезеңді 2:2 немесе 0:1 сияқты аз есеппен бітіру қажет деп түйдім. Жоспарым толықтай іске асты, алғашқы кезеңді 2:2 есебімен аяқтадым. Күшімді сақтап, көп ұмтылғаным жоқ. Екінші кезең бастала салысымен қарқынды арттырдым. Ұпай жинай бастадым. Бажраң мені көтеріп алып лақтыруға тырысқанда, оң қолымды оң аяғының ортасына салып, тепе-теңдігімді жоғалтпай, оның үстіне түстім. Төрешілер маған бірден төрт ұпай берді. Үнді бапкерлері осы ұпайлардың әділ берілмегенін айтып, челлендж жасады, бірақ ереже мен жақта болғандықтан, аса қорқа қоймадым. Бірақ қорқыныш басқада еді: мен білетін Пуниа соңғы минутта қарқынын күшейтіп, ұпайын көбейте береді. Содан қауіптендім. Тағы екі-үш ұпай жинап, жеткізбеуім керек еді. Соңғы екі минутта тамаша мүмкіндігім болды, қарсыласымның екі аяғын буып ұстап алғасын, айналдыруым керек-ті. Бірақ «жеңіс қолымда» деп сеніп қалдым ба, ауната алмадым. Пунианың басты ерекшелігі – сол аяққа жақсы өтеді, қолтықтан шебер аунатады. Сол айласына тағы түсіп қалдым. Пуниа ұпай санын теңестірді, бірақ мен қатарынан төрт ұпай алғанымды жадымда ұстадым да, соңғы ұпайды қарсыласым алғанына қарамастан, таразы басының өзім жағында екенін ұмытпадым. Есеп 9:9 болды. Төреші ысқырығы естілгенде, сегіз жыл күткен үлкен жеңісімнің эмоциясы бойымды кернеп алды. Секірдім, қатты қуандым. Кейін жазбадан қайта қарап отырып, өзім сәл қысылып та қалдым.
—Финалда ресейлік Қажымұрат Рашидов саған соқыр ұпай ұстатпай жеңді. Есеп – 0:11. Жалпы, алтын алуға не жетіспеді? Күні бұрын күйіп-жанып кеттің бе?
-Бұл жердегі басты кінә – өзімде. Рашидов мені таза жеңетіндей аса мықты балуан емес. Өзім де күйдім-жандым дей алмаймын. Бірақ денем өзіме бағынбады. Жартылай финалда Пунианы жеңген соң, күшімді қалпына келтіру үшін көп тамақтанғанмын. Кешкісін таразыға тұра қалғанда, төрт келі қосып алғаным белгілі болды. Негізінен, шешуші сын алдында салмақтың өскені де дұрыс. Күшің көп болғаны жақсы. Мен техникалық шеберлігі аса жоғары балуан емеспін. Менде намыс пен күш, еңбекқорлық бар. Оны мойындау керек. Күшім жоқ болса, елу пайыз жеңіліп тұрғанымды сеземін. Содан салмақ қудым. Таңертеңгі финалға сақадай сай болғым келді. Алайда «қайтсем де олимпиада жолдамасын иеленемін» деген психологиялық жүк санама ғана емес, денеме де ауыр болған сияқты. Таңертең денем өзімдікі емес сияқты болды да тұрды. Сонда да: «Дәулет, мұндай мүмкіндік енді сенде бола ма, болмай ма? Бір жылдан кейін олимпиадада күресесің, сонымен болды. Осы жолы алтынға қолыңды созбасаң, енді қайталануы неғайбыл. Өмір бойы өкініп өтесің», – деп жігерлендірдім. Рашидов алғашқы минуттарда бес ұпай алған соң, мен екі ұпай алуға жанталастым. Өйткені есеп айырмасын сәл қысқартсам, ары қарай күресу жеңілдеу болар еді. Бірақ Рашидов мүмкіндік бермеді.
—Биыл отыз жастасың. Қазір олимпиада жолдамасы қалтаңда тұр. Токио-2020 олимпиадасында өзіңнен не күтесің?
-Жүлде күтемін. Лондон олимпиадасында жүлде қолымда тұрғанда, жартылай финалда ресейлік Отарсұлтанов жұлып әкетті. Енді олардан тартып алуым керек. Менің жеңілгім келмейді. Токио олимпиадасында жеңілсем, күреске өмір бақи тоймай кететінімді ішім сезеді.
—Қазақ балуандары әлем чемпионы атанбағанына биыл жиырма бір жыл толды. Өзімізді балуан ел санаймыз. Қазақ балалары қашан әлем чемпионатының алтынын тағынып, тұғырда әнұранымызды тыңдап тұрады?
-Оны айтасыз, еркін күрестен әлі бір де бір қазақ балуаны әлем чемпионы атанған жоқ. Сіз айтып отырған соңғы алтынды 1998 жылы «классик» Бақтияр Байсейітов иеленді емес пе? Мен де қашан әлем чемпионы шығатынын білмеймін. Дегенмен Нұрқожа Қайпанов (70 келі), Дания Қайсанов (74 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) сияқты мықты жігіттер өсіп келеді. Соларға сенемін. Балуандар бұл мәселеген бас қатырмайды дей көрмеңіздер. Бас қосқан сайын соны айтамыз, өзімізді жігерлендіреміз. Бұл балуандарға ғана байланысты нәрсе десек, қатты қателесеміз. Күрес өнерін керемет дамытып жатқан елдердің бәрінде бір балуанның соңында бапкері, массажшысы, психологі бар төрт-бес адам жүреді. Бізде жиырма бес балуанға – небары төрт адам… Әрине, кезінде олимпиадада, әлем чемпионаттарында дара шыққан Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіровтің заманымен салыстырғанда, қазір зор ілгерілеушілік бар. Бірақ біз қазіргі күйге тоқмейілсімей, дамыған елдерге қарап бой түзеуіміз қажет. Олар қандай жетістікті ұстанып, қандай жағдайда жаттығады, соған жетуге ұмтылғанымыз жөн.
Сұқбаттасқан Есей Жеңісұлы
(«Жас Алаш» газеті, 22 қазан, 2019 жыл)