Тайландтың Паттайя қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты мәреге жақындады. Қазақстандық зілтеміршілер арасында жарыстың алғашқы күні Игорь Сон (55 келі) күміс жүлде иеленген еді. Одан кейін жүлдеге Зүлфия Чиншанло (55 келі, IV орын) ғана жақындады. Атағы жер жарған басқа спортшыларымыз өте төмен нәтиже көрсетті.
Сон жұлқи көтеруде – 120 келі, серпе көтеруде 146 келі көтеріп, 266 ұпаймен тұғырға көтерілді. Ал чемпион атанған Ом Юн Чол (КХДР) біздің зілтеміршіден 28 ұпай артық жинады. Ол бірінші бағдарламада – 128, екінші бағдарламада 166 келіні бағындырып, талассыз чемпион атанды.
Төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин (96 келі) он үшінші орында қалды. Ол жұлқи көтеру бағдарламасын 165, 168 және 171 келілермен жалғастырды. Үшінші мүмкіндікті пайдалана алмай, он екі спортшы ішінде сегізінші нәтиже көрсетті. «Біз білетін Илья болса, серпе көтеруде серпіледі» деген үмітіміз еш ақталған жоқ. Өзінің көзірі саналатын жаттығуда Ильин бірінші болып ортаға шықты. Иә, әдетте басты фаворит ретінде ең үлкен салмаққа тапсырыс беріп қойып, қарсыластарының бәсекесін миығынан күле тамашалайтын отандасымызда сес те, серпін де қалмаған сияқты. Әрине, дәл осы тұрғыда қателессек қуанышты болар едік. Бірақ Илья 195 келіні көтерген соң, одан кейінгі екі мүмкіндігінде 200 келіні еңсере алған жоқ. Ал қарсыластары бұл кезде 205-230 келі арасындағы салмақты саусақ ұшында ойнатып жатты. Қорытынды нәтиже 13 орын болды: Ильин 168+195, жиыны 363 ұпаймен В тобында өнер көрсеткен төрт зілтеміршіден де төменде қалды.
Салыстырайық. Жұлқи көтеру бағдарламасында Ильин 168 келіні осыдан он төрт жыл бұрын, 2005 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында көтерді. Одан кейін бұл көрсеткіш түрлі жарыстарда өсіп отырып, 191 келіге дейін жетті. Серпе көтеруде ол ешқашан 200 келіні бұйым құрлы көрген емес еді. 2005 жылғы алғашқы ірі табысында ол 206 келімен тоқтады, содан кейін допинг айыбы таңылған 2015 жылға дейін бұл бағдарламадағы нәтижесін 246 келіге жеткізді (Ресей Федерациясы президентінің кубогы, Грозный). Демек, содан бергі төрт жыл ішінде арқа жарақаты бар, жарыстан тыс қалған екі жылы бар, бабы төмендегеннен төмендеп отырып, Илья бауырымыз бұрынғы көрсеткішін 50 келіге азайтыпты.
Ильин 2016 жылдың маусым айында допинг қолданғаны үшін айыпталып, екі жыл спорттан тыс болды. Өткен жылы айып мерзімі біткен соң, ол жаңа жаттықтырушының қол астында жаттыға бастады. Омыртқасының жарақатын емдей жүріп, Ашгабатта (Түрікменстан) өткен әлем чемпионатына, Қатар ашық кубогына тіркелді. Бірақ ортаға шыққан жоқ. Токио олимпиадасына жолдама алу үшін ол кемінде бес турнирге қатысуға тиіс. Алғашқы екі жарысқа тіркеліп тұрып қатыспаған соң, Ильин биылғы көктемде Азия чемпионатынан жарыс жолын бастады. Көрсеткіші ақырындап жақсарып келе жатқанын жоққа шығармаймыз. Бірақ дәл қазіргі нәтижемен олимпиада жүлдесіне таласудың еш қисыны жоқ екенін де түсінеміз.
Азия чемпионаты. 96 келі. 160+185=345 ұпай. V орын
Британия ашық біріншілігі. 96 келі. 165+185=350 ұпай. ІІ орын
Токио-2020 тестілік турнирі. 109 келі. 165+200=365 ұпай. VIII орын
Әлем чемпионаты. 96 келі. 168+195=363 ұпай. ХІІІ орын.
Қатысқан жарысының бәрінде маңдайы жарқырап озып келетін Ильиннің бұл көрсеткіштері көзімізге тым олқы. Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған қытай Тиан Тао 180+230, жиыны 410 ұпай жинады. Оны Ильяның 363 ұпайымен салыстыра беріңіз. Олимпиада жолдамасы бұйырған күннің өзінде, Илья үздік үштікке ену үшін кемі 390-395 ұпай жинауға тиіс. Қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес сияқты.
Ал Рио олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимов биылғы әлем чемпионатында С тобында өнер көрсетіп, 334 ұпаймен он жетінші орында қалды. Салыстырыңыз: Риода – 165+214=379 ұпай. Паттаяйда – 145+189=334 ұпай. Риода Рахимов 77 келіде сынға түскен еді, биыл 81 келіде өнер көрсетті. Ал көрсеткіші әлдеқайда төмен.
Спортшы жыл сайын өсіп отыруға тиіс. Біздің мықтылар кері кетіп барады. Бұның себебі неде?