Турнирден кейінгі сұқбатында Айбек жарыстың ауыр соққанын әңгімеледі.
-Рамазан айында ораза ұстадым. Мұсылмандық парызымды адал орындауға тырыстым. Дегенмен денемде кәдімгідей әлсіздік бары байқалды. Ораза айтта күшімді қалпына келтіруге тырыстым.
—Жеребе де өте ауыр түсті емес пе?
-Иә, алғашқы айналымнан финалға дейін өте тәжірибелі балуандармен кездестім. Нақтырақ айтсам, қарсыласымның бәрі әр жылдары «Қазақстан барысы» турнирінде не жеңіске жеткен, не жүлдегер атанған, жоқ дегенде, жартылай финалға жеткен балуандар болды.
—Қарсыластарыңның қайсысымен белдесу өте ауыр соқты?
-Жеңіл белдесу мүлде болған жоқ. Дәулетхан ұпай санымен жеңіліп жатса да, бес минут бойы белдесу арқауын босатқан жоқ. Дәурен Нұралинов негізгі уақытта соқып ұпай бермеді, қоян-қолтық белдесуде де таразы басын өзіне аударатын мүмкіндігі болды. Бірақ бір ғана мүмкіндікті сәтті пайдаландым. Ширек финалда Мұхиттан бір ғана бүк ұпайын алдым. Жартылай финалда Руслан Әбдіразақов жартылай жеңіс ұпайын иеленгенде де сабырлы болуға тырыстым, уақыт жететінін, бәрі өзіме байланысты екенін шамаладым. Финалда шаршағаным қатты сезілді. Дегенмен барымды салдым. Алғашқы әдісімді төреші жартылай жеңіс деп бағалағанда, әділ саналмаған секілді көрінді. Дегенмен қайталап көру барысында Ерасылдың бойын жинап үлгергені анық байқалды. Бұдан кейін қарсыласым есепті теңестірді. Бірақ шешуші әдісті бәрібір жасап үлгердім.
—Екі рет «Әлем барысы» атандыңыз, енді екінші рет «Қазақстан» барысында» озып отырсыз. Күресті қоюыңыз мүмкін бе?
-Жоқ, қазір күрестен кетемін дей алмаймын. Жасым жетіп қартайып тұрғаным жоқ. Қазақ күресін насихаттауға әлі де қызмет ете бергім келеді.
Жеңіс Ысқабайдың фотосы