27 ақпан күні қазақстандық жанкүйерлер аса жайсыз жаңалық естіді. Австрияның Зеефельд қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының 15 шақырымдық классикалық жарыс бағдарламасында отандасымыз Алексей Полторанин жарыс жолына мүлде шыққан жоқ. Артынша оның допинг қолданғаны үшін ұсталғаны мәлім болды.
Оқиға барысы мынадай:
Германия мен Австрияның тергеу органдары шаңғы спорты түрлерінен әлем чемпионатында допингке қарсы біріккен рейд өткізіп, жеті мекенжай бойынша тінту жұмыстарын жүргізді. Австрия қылмыстық полициясының федералдық басқармасы Зеефельдте тоғыз адам, оның ішінде бес спортшы ұсталғанын жариялады. Олар – Макс Хауке, Доминик Бальдауф (Австрия), Алексей Полторанин (Қазақстан), Карел Таммъярв, Андреас Веерпалу (Эстония).
Австрия шаңғы спорт түрлері федерациясының шаңғы жарыстары бойынша үйлестірушісі Тронд Нискадтың айтуынша, осы бес спортшы әлем чемпионаты кезінде сырты шаштараз үлгісінде жасалған үйде допинг қабылдаған. Полиция басып кіргенде, австриялық шаңғышы Макс Хауке қан ауыстырып отырған. Сәл кейінірек дәл осы сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерге кеңінен таралды.
Көп ұзамай-ақ австриялық спортшылар мен біздің Полторанин қан допингін қолданғанын мойындады және полицияға қажетті ақпараттар берді.
Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) ресми ақпарат таратып, бұл әрекеттің ұзақ мерзімді зерттеу қорытындысынан кейін іске асқанын мәлімдеді. «Спортшылар допингпен күрес жөніндегі операция аясындағы ұзақ мерзімді зерттеу негізінде тұтқындалды. FIS Австрия билігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді, жағдайды толық бақылап, антидопинг ережелеріне сәйкес шара қолданады» делінген мәлімдемеде. Жергілікті ақпарат құралдары хабарлағандай, алдын ала болжам бойынша, неміс дәрігеріне қатысы бар қылмыстық құрылым күдікке ілінген. Дәрігер бірнеше жыл бойы спортшыларды рұқсат етілмеген препараттармен қамтамасыз етіп келген.
Германияның Süddeutsche Zeitung басылымы 27 ақпан күні Марк Шмидт есімді дәрігердің ұсталған спортшылармен сыбайластығы үшін тұтқындалғанын хабарлады. Бұл маманның тұрақты түрде 60 спортшыға қызмет көрсететін медициналық орталықта қызмет істейтіні ғана белгілі. Оның клиенттері арасында шаңғышылар ғана емес, футболшылар, гандболшылар, велосипедшілер, жүзгіштер де бар. Антидопинг органдары енді осы спортшылардың бәрінің допинг-сынамасын тексеріп көрмек.
Шмидттың аты 2008 жылғы допинг дауында мәлім болған еді. Сол жылы австриялық велошабандоз Бернхард Коль «Тур де Франс» суперкөпкүндігінде үшінші орын алды. Бірақ көп ұзамай-ақ допинг-сынамасы оң нәтиже беріп, жүлдесінен айырылды. Марк Шмидт осы Кольмен сыбайлас ретінде аталған болатын.
Мәселенің мәнісін К.Таммъярвтың мына сөзі айқындай түседі:
«Мен қан допингін 2016 жылдан бері қолданып келемін. Бұл жайлы алғаш бапкер Мати Алавермен сөйлестім. «Жақсы жетістіктерге жеткің келсе, мен білетін германиялық бір дәрігер бар» деді ол. Мен шешім қабылдап, дәрігер көмегіне жүгінгім келетінін айттым. 2016 жылдың жазында біз допингті алғаш рет пайдаландық. Бірақ Лахтиде өткен әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсете алмадым, ол кезде сырқаттанып жүр едім. Қан допингін біз көп жарыста қолдандық, одан ешқандай із қалмайтын», – деді ол.
Шаңғышының бұл сөзін Алавердің өзі де растады. «2016 жылы Карелге германиялық спортдәрігері Марк Шмидттің байланыс нөмірін бергенімді мойындаймын. Бұл – менің өмірімдегі ең үлкен қателік. Қатты өкінемін, споршылардан, олардың туыстарынан, шаңғы спортының жанкүйерлерінен және спорт қоғамдастығынан кешірім сұраймын. Менің әрекетім еш ақтауға келмейді», – деді Алавер.
Алексей Полторанин полициядан 1 наурыз күні босады. Бірақ дәл қазір оның қайда екені ешкімге белгісіз. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров кеше осыған қатысты ақпарат берді. Оның айтуынша, Полторанин Австрия түрмесінен шыққан соң, еліміздің сондағы консулымен байланыстан қашып, Мюнхенге жол тартқан. Мюнхеннен ары Мәскеуге ұшқан. Қазақстан ұлттық шаңғы жарыстары федерациясының баспасөз хатшысы Самал Наурызова Полтораниннің әлі байланысқа шықпағанын айтты. FIS біздің федерацияға Полтораниннің жарыстардан уақытша шеттетілгенін, бұл шешімге он күн ішінде шағым білдіре алатынын хабарлаған. Бірақ Алексей енді шағымданып әуре болмайтын сияқты.
Полторанин 2014 жылғы Сочи олимпиадасынан кейін эстон маманы Мати Алавердің қол астында жаттыға бастады. Ендеше, сол кезден бастап допинг қолданды деп болжауға болады. Содан бері ол әлем кубогы кезеңдерінде бес алтын (Тоблах, 10 шақырым, 2015 жыл; Оберстдорф, 15 шақырым, 2016 жыл; Валь-ди-Фьемме, 15 шақырым, 2018 жыл; Планица, 15 шақырым, 2018 жыл; Лахти, 15 шақырым, 2018 жыл), екі күміс, үш қола жүлде жеңіп алды.
Полторанин төрт олимпиадаға қатысты, әлем чемпионаттарында екі рет қоладан олжа салды. Бірақ 2014 жылғы Сочи олимпиадасына да, 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына да ол жеке командамен жаттықты. Яғни мемлекет оған бар жағдай жасап берді, ұлттық құрамадан бөлек жаттығу жоспарын түзуге мүмкіндік ұсынды.
Ол болса…