Әлемдік доп додасында топтық кезең аяқталды. 48 ойын артта қалды. 32 команданың тең жартысы жарысты әрі қарай жалғастырса, қалған жартысы жүгін буып-түйіп, еліне қайтып та кетті. ФИФА-ның алтын кубогы үшін таласатын таңдаулылар туралы айтуға алда уақыт бар, ал бүгін аламаннан шығып қалғанына қабырғасы қайысқан «шерлілер» жайын түйіндемекпіз.    

Сәкен СЫБАНБАЙ

32-орын. ПАНАМА (0 ұпай, доп айырмасы 2:11)
КОНКАКАФ аймағында Мексика, Коста-Рика, АҚШ атты үш мықтының бар екенін білеміз. Биылғы финалдық сынға америкалықтар шыға алмады, олардың орнын басқан, әлемдік футбол тойына тұңғыш қосылған Панаманың шама-шарқын байқадық. Жалпы, жаңағы үш үздікпен үзеңгі қағыстыруға лайықты жүйрік бұл аймақта жоқ екенін де көргендей болдық. Осы Панама, кейде Гондурас, кейде Ямайка, кезек-кезек шешуші сынға шығып тұрар, бірақ олардың жалпы деңгейінің өзгелерден төмен болары анық секілді. Панамалықтар аянып қалған жоқ, бірақ бар әуселесі осы еді. Олар финалдық сындағы тұңғыш голын соққанда тіпті бүкіл стадион қуанды.

31. ЕГИПЕТ (0 ұпай, 2:6)
Алғашқы турда Уругваймен жақсы ойнап, одан шебер қорғанған Египет соңғы минутта гол жіберіп, жеңіліп қалды. Екінші ойында Мұхаммед Салах алаңға шыққанымен, жарақаты жаңа ғана жазылған жарық жұлдыздың жалғыз голы ештеңе шешкен жоқ: қарсылас бәрібір басымдық танытты. Топтан шығудан күдері үзілген мысырлықтар соңғы ойынға да тастүйін кірісе алмады. Құрамындағы жалғыз марғасқаға (оның өзі бабында емес) тым қатты үміт артып, басқа табан тірер сенімі болмағандай көрінді.

28-30. АВСТРАЛИЯ, КОСТА-РИКА, ИСЛАНДИЯ (1 ұпайдан, 2:5)
Тәуір қорғанысы мен стандартты жағдайларға арқа сүйеген Австралияның шабуылы азусыз болды. Екі голын да пенальтиден соқты. Коста-Рика топтағы үш қарсыласына да лайықты қарсылас бола білді. Тіпті 90 минут біткенде Бразилиямен 0:0 тең ойнап тұрды, Коутиньо мен Неймардың голдары төреші қосқан уақытта ғана соғылды. Әуелде Аргентинаға қарсы жақсы ойнағанымен, кейінгі матчтарда Исландияға жеңіске деген жігер жетіспеді.

27. МАРОККО (1 ұпай, 2:4)
Ең жолы болмаған ұжым. Марокко Иранды жеңіп, Португалиямен кем дегенде тең түсуі керек еді. Соңғы турда бар үміті үзілсе де, Испанияны ұтып тұрды. Қорғанысы мығым, алғы шеп ойыншыларының қиялы ұшқыр. Тек сол пастарды голға айналдырар мерген жоқ. Мүмкіндігін толық пайдалана алмаған, бағы ашылмаған команда.

26. САУД АРАБИЯСЫ (3 ұпай, 2:7)
Күш-қуат жағынан ең әлсіз құрама екені байқалып тұр. Бұған ораза әсер етті ме, жалпы дайындық ойдағыдай болмады ма, ашып айту қиын. Беташар матчта толқу да болған шығар, әйтеуір шашылып түсті. «Мұндай команданың әлем чемпионатына келуге моральдық құқы бар ма өзі?» деген сұрақ та туындады. Рас, кейінгі ойындарын сәл жинақы өткізді.

25. ПОЛЬША (3 ұпай, 2:5)
Ойыны жөнінен Еуропаның ең нашар командасы болды. Шабуылында өткірлік жоқ, тек стандартты жағдайлардан гол соғуға үміт артты. Іріктеу кезеңіндегі еркін қимылы қайда қалғаны белгісіз.

24. ТУНИС (3 ұпай, 5:8)
Ағылшындардан тайлы-таяғымен түгел қорғанды: бәрібір ұтылып қалды. Бельгияға қарсы ашық футбол көрсетті: бұлардың әр голына қарсылас екі-үш доппен жауап қайтарып отырды. 90 минут бойғы толассыз айқаста Панаманы жеңіп, 40 жылдан бергі бірінші жеңісін тойлады. Жалпы, бір ұнағаны: кіммен ойнаса да, алға ұмтылудан танбады.

22-23. ГЕРМАНИЯ, СЕРБИЯ (3 ұпай, 2:4)
«Әлем чемпионы атағын қорғау үшін сақадай саймыз» деген Германия шын мәнінде тіпті топтан да шыға алмай қалды. Бұл – неміс футболының тарихында бұрын-соңды болмаған сәтсіздік. Нәтиже – әділ еді, өйткені, Йоахим Лөвтің командасы барлық қарсыласына мұрын шүйіре қарады. Мексикадан жеген шапалақтан соң да ес жиюға тырыспады. Тони Кроостың 95-минуттағы сәтті соққысы «бәрі дұрыс» екеніне сендіргендей болды. Алайда дұрыс ештеңенің жоқтығын үшінші ойын дәлелдеді.
Керісінше, сербтерде бәрі дұрыс еді: ойын да, жігер де, тактика да. Оларды плей-оффтан айырған –Джердан Шачиридің соңғы минуттағы голы.  

21. НИГЕРИЯ (3 ұпай, 3:4)
Жақсы ойын көрсеткен африкалықтарға тек тәжірибе жетіспеді. Тең есепті сақтай алғанда, Францияға қарсы Аргентина емес, осылар ойнар еді.

20.ПЕРУ (3 ұпай, 2:2)
Үш ойында да қарсыласымен терезесі тең өнер көрсетті, соған қарамастан жарыстан шығып қалды. Перуліктер Даниямен кем дегенде тең түсуі керек еді, әттең, Куэва пенальтиді аспанға тепті. Жасыл алаңда ойнақ салып, бар жан-жүрегімен беріле ойнаған Перу футболшылары жанкүйер қауымды риза етті.

19. ОҢТҮСТІК КОРЕЯ (3 ұпай, 3:3)
Әлем чемпионын ұтқан Оңтүстік Корея футболшыларының екінші орын алудан үміті болды. Бұл үшін олар немістерді екі доп айырмасын жеңіп, Мексиканың шведтерден кез келген есеппен басым түскенін күтуге тиіс еді. Корейлер төреші қосқан ақырғы минуттарда болса да өз міндеттерін орындады, бірақ бұл уақытта «ацтектер» Швециядан талқаны шығып, жеңіліп жатыр еді. Азиялықтар алғашқы екі ойында да осындай батыл тактика таңдағанда, бәрі басқаша болар ма еді.

18. ИРАН (4 ұпай, 2:2)
Тас-қамал қорғанысы мен лап ете қалатын жылдам қарсы шабуылға арқа сүйеді. Соңғы сәтке дейін плей-оффтан үміт үзген жоқ. Ұйымшыл, сауатты футбол көрсетті.

17. СЕНЕГАЛ (4 ұпай, 4:4)
Келесі кезеңге өтуге лайық-ақ команда еді. Жолы болмады. Тағдырын «сары қағаздардың» саны шешкен тұңғыш «құрбан».

(fifa.com фотосы)