Пьенчан олимпиадасы таяған сайын қазақстандық спортшылардың мүмкіндігі мен межесі жайлы түрлі жорамал айтылып жатыр. Шынында да, биылғы ақ олимпиадада қай спортшымыздың елге медаль сыйлайтын мүмкіндігі зор? 2014 жылғы Сочи олимпиадасы алдында Алексей Полторанин мен Денис Тен басты үмітіміз болса да, есімдерін қорқа-қорқа атаған едік. Нәтижесінде Тен негізгі фавориттердің ізін ала, қола жүлде жеңіп алды. Ал Полторанин жеке қашықтықтарда жүлдеге іліне алмады, Николай Чеботькомен бірге командалық спринтте те жүлдеден тыс қалды. Арада өткен төрт жыл ішінде отандастарымыздың спорт әлеміндегі салмағы арта түскеніне куәміз. Пьенчан олимпиадасы қарсаңында фристайлшы-могулшылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхердке ерекше сенім артамыз. Қарсыластары күшейе түссе де, Денис Тен де кемі үздік бестікке енетініне сеніміміз зор. Биатлоншы Галина Вишневская да қашықтықтардың бірінде үздік алтылықтан бой көрсетіп қалуы ғажап емес.

Ал Полторанин ше? 2006 жылғы Турин додасынан бергі ақ олимпиадаларда намысымызды жыртып жүрген саңлағымыз биыл олжа сала ала ма?

Полтораниннің олимпиадалары

Турин-2006. 15 шақырым (классика) – 39 орын

Ванкувер-2010. 15 ш (еркін) – 14
Спринт. 1,5 ш (классика) – 5
Командалық спринт (еркін) – 5
Эстафета (4х10) – 11
Марафон (50 ш) – 27

Сочи-2014. Скиатлон (15+15) – 13
15 ш (классика) – 8
Командалық спринт (классика) – 7

Байқағандарыңыздай, А.Полторанин Ванкувер мен Сочиде жүлдеге жақынырақ болды. Ванкуверде қысқа қашықтықтарда үздік бестікке енсе, Сочиде өзінің сүйікті жарысында (15 шақырым, классика) ондыққа ілінді. Алайда Ресей жеріндегі басты сында Полторанин негізгі күшті командалық спринтке жұмсағаны күмәнсіз. Өйткені олимпиададан бір жыл бұрынғы әлем чемпионатында Н.Чеботько екеуі осы бағдарламада қола жүлде алған-ды. Сочиде Алексей өзінің екінші кезегінде алға бірден төрт саты жылжып, Чеботьконы бесінші ретпен жібергенмен, Николай бұл қарқынды ұстап тұра алмады. Нәтижеде ол соңғы орынға бір-ақ сырғыды. Өзінің соңғы кезегінде Полторанин бір ғана қарсыласын артта қалдырды да, Қазақстан құрамасы 8-орынмен шектелді. Осы сәтсіздік Алексейге тым ауыр соқты. Ол тіпті жарақаттанғанын көлденең тартып, 50 шақырымдық марафонға да қатысқан жоқ.

Пьенчан қарсаңында

Сочи олимпиадасына дейін-ақ Полторанин өзінің жеке командасын жасақтаған еді. Олимпиадада жүлдеге іліне алмаған соң, оны «сараң, команда мүддесіне жұмыс істегісі келмейді» деп кінәлағандар аз болған жоқ. Сочиден бергі төрт жыл ішінде Қазақстанның басты шаңғышысы біраз уақыт үздік шаңғышылар сапынан көріне алмады.

Полтораниннің ең үздік нәтижелері (2015-2018 жылдар):

07.01.2015 ж. Тоблах (Италия). Әлем кубогы кезеңі). 10 ш (к) – 1
10.01.2015 ж. Валь ди Фьемме (Италия). Тур де Ски. 15 ш (к) – 2
08.03.2015 ж. Лахти (Финляндия). Әлем кубогы. 15 ш (к) – 2
15.03.2015 ж. Албу (Эстония). FIS. 10 ш (к) – 1
13.11.2015 ж. Олос (Финляндия). FIS. 1,4 спринт – 1
14.11.2015 ж. Олос. FIS. 15 ш (к) – 3
05.01.2016 ж. Оберстдорф (Германия). Тур де Ски. Спринт – 3
06.01.2016 ж. Оберстдорф. Әлем кубогы кезеңі. 15 ш (к, жалпы жарыс) – 1
09.01.2016 ж. Валь ди Фьемме. Тур де Ски. 15 ш (к, жалпы жарыс) – 3
18.11.2016 ж. Саариселка (Финляндия). FIS. 10 ш (к) – 3
12.03.2017 ж. Албу. FIS. 10 ш (к) – 1
17.12.2017 ж. Тоблах. Әлем кубогы. 15 ш (к, із қуалау) – 3
31.12.2017 ж. Ленцерхайде (Германия). Тур де Ски. 15 ш (к) – 2
06.01.2018 ж. Валь ди Фьемме. Тур де Ски. 15 ш (к, жалпы жарыс) – 1
21.01.2018 ж. Планица (Словения). Әлем кубогы. 15 шақырым (к) – 1

Бір қарағанда, төрт жылда түрлі жарыстарда 15 рет жеңімпаздар қатарында болу жақсы нәтиже секілді көрінгенмен, Халықаралық шаңғышылар одағының (FIS) жарыстарын есепке алмай-ақ қойсақ та болады. Бұл жарыстар спортшының жеке рейтингіне ұпай қосқанмен, аса беделді болып саналмайды. Демек, өзі қатысқан 70-тен астам жарыста Полторанин негізінен қою шаң ішінде жүрді десек болады. Әлем чемпионаттарында жүлдеге соңғы рет 2013 жылы 50 шақырымдық марафонда ғана ілінді. Міне, осындай нәтижемен Алексей алдағы Пьенчан олимпиадасында да қара көбейтуші бола ма деген қаупіміз зор еді.

2017 жылдың желтоқсанында Полтораниннің қолы жүре бастады. Ол әуелі Тоблахта әлем кубогында қола жүлдеге ілінді. Содан кейін Ленцерхайде мен Валь ди Фьеммеде «Тур де Ски» көпкүндігінде көзге түсіп, жалпы есепте төртінші орын алды. «Тур де Скиде» төртінші орынға түсіп қалғаныма алғашқы кезде кәдімгідей қапаландым. Кейін ой елегінен өткізіп қарасам, бұл сында коньки жүрісімен – төрт, классикалық үлгімен небары екі сын болған екен ғой. Сондықтан мұндай бағдарлама бойынша үздік төрттікке енуім – үлкен жетістік. Бұл – менің жаңа рекордым!» деді ол.

Ал күні кеше ғана Полторанин Планицада әлем кубогының кезеңінде 15 шақырымдық жарыста алдына қара салған жоқ. Ол әлем кубогының кезеңдерінде жетінші рет ең биік тұғырға көтеріліп, даңқты Гунде Сванның жетістігін қайталады.

Демек, Пьенчан олимпиадасы қарсаңында Алексей бабына еніп, өзін фавориттер қатарына қоса алды. Байқап отырғанымыздай, ол 10, 15, 50 шақырымдық классикалық жарыстарда жүлдеге іліне алады. Мамандар да отандасымыздың мүмкіндігін лайықты бағалап отыр.

Әлем кубогының келесі кезеңдері 27-28 қаңтарда Австрияның Зеефельд қаласында өтеді. Одан кейін Полторанин Пьенчанға жол тартады. Бұл жолы ол көп үміткердің бірі емес, 15 шақырымдық жарысқа фаворит ретінде бара жатыр.

Отандасымызға ақ жол тілейміз.