Қазақстанның Ұлттық олимпиялық комитеті мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі алдағы Қысқа олимпиялық ойындардағы еліміздің ту ұстаушысын белгіледі. Төртжылдықтың басты додасының ашылу салтанатында шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спортшыларымызды бастап шығады.
Абзал Әжіғалиев 1992 жылдың 30 маусымында Орал қаласында туған. 11 жастан бастап шорт-трекпен айналысады. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков пен Жасұлан Мұқамбетқалиевтің қол астында жаттығады. 2016 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) 500 метр қашықтықта үздік нәтиже көрсетіп, ел спорты тарихында әлем кубогы кезеңдерінде топ жарған тұңғыш шорт-трекші болды. Осы қашықтықта ол 2017 жылы әлем кубогының бір кезеңінде де, Алматыда өткен универсиадада да күміс жүлде жеңіп алды. 2014 жылғы Сочи олимпиадасында 5000 метр қашықтықтағы командалық эстафетада 5 орынға қол жеткізді. Өткен жылғы Қысқы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды.
«Олимпиадада Қазақстанның ту ұстаушысы және капитаны болатыныма қатты қуанып отырмын. Бұл – әрбір спортшы үшін үлкен арман және мақтаныш. Маған зор сенім артқан Ұлттық олимпиялық комитетке алғысым шексіз. Сенімдеріңізді ақтауға бар күшімді саламын» деді А.Әжіғалиев. Қазір ол командаластарымен бірге Голландияда оқу-жаттығу жиындарында жүр. Пьенчан олимпиадасында Абзал 500 метрлік жеке жарыста сынға түседі.
Қысқы олимпиадаларда Қазақстанның ту ұстаушысы болған спортшылар:
1994 жыл. Лиллехаммер (Норвегия) – Қайрат Биекенов (шаңғымен тұғырдан секіру)
1998 жыл. Нагано (Жапония) – Владимир Смирнов (шаңғымен жүгіру)
2002 жыл. Солт-Лейк-Сити (АҚШ) – Радик Бикчентаев (конькимен жүгіру)
2006 жыл. Турин (Италия) – Александр Корешков (хоккей)
2010 жыл. Ванкувер (Канада) — Диас Кенешев (биатлон)
2014 жыл. Сочи (Ресей) – Ердос Ахмадиев (биатлон)
Ту ұстаушылар ішінен 1998 жылы В.Смирнов қана олимпиада жүлдесіне ие болды (15 шақырым, қола).